Мәулен Әшімбаев Атырау облысының депутаттары және жастарымен кездесті
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Атырау облысына іссапармен келді. Алдымен Салтанат сарайында облыстың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен және қоғам өкілдерімен кездесіп, елде Сенат тарапынан атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.
— Биыл елімізде өңірлерді дамытуға 7 трлн. теңге қаражат бөлінді. Бұл республика бюджетінің 30 пайызы аймақтарды дамытуға жұмсалады деген сөз. Сенат ел дамуындағы басым бағыттарға назар аударып келеді. Былтыр маңызды мәселелер бойынша сенаторлар тарапынан Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолданды, — деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы өз сөзінде Атыраудың ел экономикасының басты локомотиві екенін де атап айтты.
— Атыраудың ел дамуындағы орны айрықша. Облыстың ел экономикасын дамытудағы серпіні мол. Аймақта соңғы жылдары кіші және орта бизнестің дамуы қарқын алды. Білім беру, денсаулық сақтау салаларында жаңа құрылыс нысандарының бой көтеруі де өңірдің өркендеуінде жасалып жатқан жұмыстардың аз еместігін айғақтайды. Осы орайда бір жылда медицина саласында 11 нысанның қолданысқа енгізілгенін атап айту керек. Қай салада болмасын аймақта атқарылып жатқан жұмыс көп. Дейтұрғанмен шешімін күткен мәселелердің де бар екені жасырын емес. Тұрғындарды экологиялық ахуал, ауа мен судың ластану мәселелері алаңдатады. Инженерлік инфрақұрылым бойынша проблемалардың да барын білеміз. Бұл туралы Атыраудан сайланған халық қалаулылары жоғары мінберлерде мәселені төтесінен қойып жүр. Әрбір проблема Сенат тарапынан назардан тыс қалмайды, — деді Мәулен Сағатханұлы.
Алқалы басқосуға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысты. Аймақ басшысы Сенат төрағасына өңір жұртшылығы атынан «қош келдіңізін» айтып, облыстың ең өзекті мәселелерін Сенатпен бірлесе шешудегі қызметтердің оңынан үйлесім табуына сенім білдірді.
Жиында жергілікті депутаттар облыстағы бірқатар мәселені көтеріп, көкейдегі сұрақтарын жолдады. Әрбір сауалға жан-жақты жауап берген
Сенат төрағасы М.Әшімбаев облыстағы ең өзекті мәселелердің назардан тыс қалмай, республикалық бюджет тарапынан шешімін табуына оң ықпал ететінін жеткізді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА