Атырау қаласында – жаңа әкім

 14 шілде күні Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қала активіне Атырау қаласының жаңа әкімі болып тағайындалған Серік Шәпкеновті таныстырды.Бұған дейін осы лауазымда екі жылдан астам уақыт жұмыс жасаған Нұрлыбек Ожаев қызметінен босатылды. Бұл туралы қала активі мәжілісінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев  хабарлады.   

– Нұрлыбек Жұмахметұлы облыс басшылығы тарапынан берілген тапсырмалардың бәрін ойдағыдай орындады. Өз атымнан Атырау қаласы әкімі қызметін атқарған Нұрлыбек Жұмахметұлына ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да біліктілігі мен кәсіби өмірлік тәжірибесін толыққанды пайдаланып, алдына қойған тапсырмаларды жауапкершілікпен атқаратынына сенімдімін, – деді облыс әкімі.

  Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің келісімімен, Атырау облысы әкімінің өкімімен Атырау қаласы әкімі қызметіне жаңадан тағайындалып отырған Серік Шәпкеновтің еңбек жолымен таныстырып, оның да жұмысына сәттілік тіледі.

 Zhanaakim2 Серік Шәпкенов 1979 жылы 29 шілдеде Орал облысы, Қаратөбе ауданының Қаратөбе кентінде туған. Білімі жоғары, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы Батыс Қазақстан қоршаған ортаны қорғау қорының жетекші маманы болып бастаған ол 2002-2006 жылдары облыстық қаржы басқармасында жетекші экономист, бас маман болды. 2006-2007 жылдары БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау, ауыл шаруашылығы департаменттерінің бөлім бастығы қызметін атқарды. 2007-2009 жылдары БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті бастығының орынбасары, 2009-2012 жылдары осы басқарма бастығы, 2012 жылдың қаңтарынан облыс әкімінің орынбасары және бірінші орынбасары қызметін атқарды.  Серік Жамбылұлы Шәпкенов бұған дейін ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және территориялық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет еткен. 

  Актив жиналысында мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев сөз алды. Ардагер жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілей отырып, екі өзекті мәселені қойды. Бірі – қала маңында шоғырланған елді мекендерге балабақша, мектеп, жарық, су, жол қажеттілігін шешу. Сондай-ақ, қала орталығында дренаж мәселесін жолға қойып, көшені тұрмыстық қалдықтардан тазарту қажеттігін басты назарға алуын өтініш етіп айтты.  

 Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау облысының және қаланың Құрметті азаматы Айдын Айбаров, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Жайдарбек Зайдуллин сөз сөйлеп, депутаттар атынан екі жылдан астам уақытта көптеген жұмыстар атқарылғанын айтып, жаңа басшыға сәттілік тіледі. Жиналыста туындаған сауалдарға облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы жауап берді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Абай АҚМҰРЗИЕВ.

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз