Маскүнем де, егеуқұйрық та осында: Атырауда 60 жастағы ана баспана тауқыметін тартып отыр
Апатты жатақхана тұрғыны Жиде Рысмағанбетова Атырау қаласындағы Жұбан Молдағалиев көшесі, 33 «А» мекен-жайында тұрады.
Наурыз айында 60 жасқа толған оның жатақхананың тар бөлмесінде тұрғанына 22 жыл болыпты. Тірнектеп жүріп, аядай бөлмеде үш баланы өсірген. Қазір мұнда өзі тұрады. Бір ұлы о дүниелік болған. Төрт балалы қызы да күйеуімен осы тозығы жеткен ғимараттың бір бұрышын жалдап күнін көрсе, үлкен ұлы өзге жерден пəтер жалдауда.
Тағдырдың талай азабына төтеп берген, көзі мұңға толы əйелдің айтуынша, бұл баспана 1974 жылы пайдалануға берілген. Облыстық мəслихаттың 2014 жылғы 10 сəуірде бекіткен «Атырау қаласындағы апатты жəне тозығы жеткен үйлерді, жатақханаларды күреу» жөніндегі бағдарламасына сəйкес күрелуге тиісті ғимараттардың қатарына еніпті. Осыған орай, біраздан бері осы үйді мекендеген тұрғындарға баспана беру жайы сөз болып, былтыр қалалық əкімшіліктен келген комиссия тұрғындарды 2019 жылдың аяғында баспаналы болатынына сендірген еді. Бірақ, бұл мəселенің шешімі сиырқұйымшақтанып, тұрмыс тауқыметін тартып отырған тұрғындарды алаңдатып отыр. Тұрғындар бірнеше рет қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы бөліміне жүгінген. Алайда, əрдайым тауы шағылып, еңсесі түсіп қайтады.
Б е с қ а б а т т ы жатақханада 154 б ө л м е б а р . Тұрғындары жатақхананың егеуқ ұ й р ы қ т а р м е н маскүнемдер ордасына айналғанын айтып, он жылдан бері шағымданып келеді. Бірақ, бұған назар аударып, оң шешуге еш əрекет жасалмады. Салынғанына 40 жылдан астам уақыт өтсе де бір де бір рет жөндеу жүргізілмеді. Қазір кейбір бөлмелердің төбесінен су сорғалап, қабырғалары қақырай бастаған. Төменгі қабаттағы жағдай мүлдем адам шошырлық. Құдды үңгірге кіргендей боласың. Қараңғы дəлізде антисанитарлық жағдай қалыптасқан. Едені қақырап, кей тұстары қоқысқа толған. Ұзын дəлізге түп жақтағы жалғыз жарық көзі ғана болмашы сəуле түсіріп тұр. Ажары кеткен қабырғаның сылағы түсіп, төбеге сүмелек тұнған. Электр тогы əр жерден салбырап, адам өміріне қауіп төндіріп тұр.
«Жаратқан ием, жар бола көр!»
– Мына еденнің асты толған егеуқұйрық, — деді Жиде Рысмағанбетова бізді өз бөлмесіне ерте келіп. – Шыны керек, осылардан сескеніп, ұзақты таңға көз ілмей, күндізгі мезгілде ұйықтайтын болдым. Осы тар бөлмеде бар өмірім өтуде. Көріп тұрғаныңдай ішінде ас бөлме түгілі, жуынатын орын да, əжетхана да жоқ. Жылу батареясы қондырылмаған. Қыс мезгілінде бөлмеде ыстық су тұрбасын құшақтап жатамын. Қатты жаурағанда көрпемен қымтанып, ыстық шаймен жылынамын. Басқа қолымнан келетін амалым жоқ. «Жаратқан ием, жар бола көр!» деп отырмын.
Алақандай бөлмені бір қабырғасындағы тозығы жеткен қара шифонер тарылтып тұр. Дөңкиген көне теледидар қаз-қатар қойылған ала сөмкелердің үстіне орналасыпты. Қабырғаның екінші бөлігіне есігі сынық ескі тоңазытқыш пен май сіңген шағын газ плитасы қойылған.
Еден толы – нәжіс
– Сіз мына бөлмені көріңіз,- деген əйел бізді тағы бір бөлмеге бастап барды. Темір есік құлыбының жоғары жағына тығылған шүберекті суырып алған ол: «Міне, қараңыз. Бөлме еденіне кəріз суы тікелей құйылуда. Еден толы – нəжіс. Иісі төңіректі алып тұр. Ал, бөлменің иесі басқа пəтерде тұрады. Бұл жерге бас сұқпайды. Осылайша, нəжіске батып отырмыз, — деді сұхбаттасушымыз. Темір есіктің тесігінен бөлменің іші расымен де бел ортасына дейін нəжіске толғанын көрдік. Осы көріністен соң, мынадай сорақылықтың ортасында отырған жатақхана тұрғындарына жанымыз ашыды. Басқа барар жері, басар тауы болмаған соң бəріне де көндіккен тұрғындар дегенмен, əлі де баспаналы болудан дəмелі. Сол күнге тезірек қол жеткізсе…
Мұратбек ЖАҢАБАЙ
Қайрат ОРАЗБАЕВ, Атырау қаласының әкімі:
Атырау қаласының тұрғын үй қорындағы апатты үйлердің саны жыл басында 78-ді құраса (10 жатақхананы қоса алғанда), кейін сарапшылар берген қорытындыға сəйкес, апатты тұрғын үйлердің қатары тағы екі нысанмен толықты. Аталған үйлердің тұрғындарын жайлы əрі жаңа мекенге көшіру қалалық əкімдіктің алдына қойған басым мақсаттарының бірі болып табылады. Бұл жұмыстар қаланың сəулеттік келбетін де жақсартады. Жаңа баспанаға көп жыл бойы кезегін күткен азаматтар қол жеткізіп, жүздеген отбасының өмір сүру сапасы жақсаруда.
Жыл басталғалы қаладағы 5 көп қабатты үй (Əуезов 22, Дружба 14 жəне Бірлік АТП 2,3) жəне көппəтерлі 4 жатақхана (Геолог 65, 66, Дружба 1, А.Құнанбаев 30а) тұрғындары жайлы пəтерлерге қоныстанды. Осы жылы апатты үй тұрғындарының мəселесін шешу үшін 410 пəтер бөлінген. Атырау қаласының əкiмдiгi жыл соңына дейiн Гагарин 124, Молдағалиев 30 жəне 33 а, Төлебаев 44 мекенжайындағы жатақхана тұрғындарын көшіру үшiн тағы 403 пəтер бөлуді жоспарлап отыр.
Жыл қорытындысымен жалпы саны 813 пəтер осы санаттағы тұрғындарға үлестірілмек. Бағдарлама келесі жылы да жалғасын табады. Өйткені, бұл жұмыстар қалада күрмеулі мəселеге айналған апатты үй тұрғындарының жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары. Ескі үйлерді сүру бағдарламасымен бірге, сол аумақтарға инвесторлар тарту арқылы қолданыстағы инфрақұрылымды пайдалана отырып, сөйтіп шығындарды үнемдеу е с ебінен с апалы тұрғын үй қорын қалыптастырып, халыққа ұсыну жұмыстары жүргізілетін болады.