Жарнама
Жаңалықтар

Ғұмар Дүйсембаев аймақтың экономикалық жағдайына кеңінен тоқталды

Аймақтық коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев болды. Ол аймақтың экономикалық жағдайына, жаңа жобаларға кеңінен тоқталды. Журналистердің қойған сұрақтарына толымды жауап берді.

Инвестиция – игергенге игілік

Барлық салада өсім бар

– Елбасының Жолдауы ел экономикасына, саяси өміріне соны серпін, жаңашылдық әкелетіні сөзсіз. Құжаттың басты тоқталар тұсы – индустрияландыру. Бұл – бұдан бұрынғы бағдарламалардың  заңды  жалғасындай. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, өнім көлемін ұлғайту ұстанымы Қазақ елін озық 30 мемлекеттің қатарына қосуға мүмкіндік жасайды, — деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев ауқымды реформа, елдің дамуы турасындағы ойларымен бөлісті.

Қазыналы аймақтың қай саласында да өсім бар. Былтыр өнеркәсіптің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға ұлғайды. Өнім өңдеу 4,4 пайыз өсімді көрсетті. Инвестиция тартуда Атыраудың өзге аймақтардан алға озғаны байқалады.

– Индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар жасалуда. Оған барлығы 54 жоба енгізілген. Бағдарлама аясындағы бірінші «бесжылдықта» 28 жоба (құны 66,9 млрд. теңге) жүзеге асып, екі мыңнан астам адам еңбекке тартылды. Екінші «бесжылдықтағы» 26 жобаның құны 3 трлн. теңгеге жуық соманы құрады. Соның негізінде үш мың жарым адам жұмыспен қамтылды, — деді Ғұмар Ислямұлы.

Бүгінде өндірісте тың әдіс, жаңа технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Аймақ басшысының бірінші орынбасары соның мысалындай «Жігермұнайсервис» құрылымын атады. Жергілікті жерде балық шаруашылығы өндірісін өркендету жоспарлануда. Фармацевтикалық зауыттың болашағы да көп үміт күттіреді. Алайда, оның құрылысының жүруі тиісті деңгейде емес.

– Еліміздің инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Альберт Раумен бірге осы өндіріс орнында болып, мамандармен кездестік. Зауыттың құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ол жүзеге асса, ішкі нарықты отандық сапалы өніммен қамтуға мүмкіндік туады, — деді брифинг қонағы.

Инвестиция – игергенге игілік-2

Жобалар қайта жандана ма?

Сұрақ: – Елбасы кезінде Индер күмбезін «Жер астындағы алтын сандық» деп атаған болатын. Мұнда қазба байлықтың түрі бар. Алдағы уақытта оны кешенді түрде дамыту ойластырылып отыр ма?

Жауап: – Сауалыңызға орай мынаны айтқым келеді: Бұл ауданда бұрын Индер борат руднигі жұмыс жасағаны, кеніште жергілікті тұрғындар еңбек еткені көпшілікке белгілі. Мұнда өндірілген борат кені Ресейге жеткізілді. Олар шикізатты ғарыш саласында пайдаланған болатын. Қазір көрші ел оны қабылдамай, жұмыс тоқтап қалды.

Индердің қазба байлығы көп. Оны игеру мақсатында қазір Германияның «Кнауф» деп аталатын құрылымы ісін жүргізуде. Ал, «Биастек» ЖШС құрғақ құрылыс ұнтағын шығарады. Алайда, бұл серіктестіктің банкке қарызы бар. Сол себептен, жұмысы кідіріске ұшырады. Қазіргі күні мәселе шешімін тауып жатыр. 130 жұмысшы-қызметкердің 57-і қайтадан жұмысқа алынуда. Алдағы көктем айында кәсіпкерлер өнім шығаруды бастайды. Өндірістің тағы бір түрі – тұз өндіру ісі. Бұл серіктестік те 600 млн. теңге көлеміндегі несиесін өтей алмай, шығынға батты. Осы себепті  банк «Тұз» ЖШС-ін саттыққа шығарған еді. Бүгінде оны өзге кәсіпкерлер сатып алып, өндірісті одан әрі дамыту шараларын қолға алуда. Еріксіз еңбек демалысына кеткен жұмысшылар бұрынғы кәсіптеріне тартылады. Гиплохлорит натрий шығару ісі де аяқсыз қалмайтынына  сендіргім келеді.

Сұрақ: – Облыста кәсіпкерліктің дамуы қандай  деңгейде?

Жауап: – Бұл салада елеулі ілгерілеу бар. Мемлекет шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына айрықша назар аударып отыр. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша (несиенің жалпы сомасы 15,5 млрд. теңге) тұрғындардың өз кәсібін ашуына, тұрмысын жақсартуына барлық жағдай жасалған. Осы мақсатта қала тұрғыны үшін 7, ауыл кәсіпкеріне 10 пайыз көлемінде субсидия беріледі. Ұлттық қордан бөлінген 8,4 млрд. теңге қаражат 6 пайызбен ұсынылуда.

«Еңбек етемін», «кәсіп ашамын» деген жандарға барлық жағдай жасалуда. Облыс бойынша осы мақсат үшін тұрғындарға 24,7 млрд. теңге бөлінді. 392 жоба іске қосылды. Айта кетейін, аймақтағы жұмыс жасап тұрған нысандардың саны 2001 жылмен салыстырғанда 7 есеге өсіп отыр. Жұмыспен қамтылғандардың саны 6,3 пайызға ұлғайды. Сатылған өнім, көрсетілген қызмет көлемінде де айтарлықтай жетістік бар.

Сұрақ: – Жазасын өтеу орындарында жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер бар ма?

Жауап: – Тағдыры талқыға түсіп, адасқан адамдарды дұрыс жолға түсіру маңызды істің бірі болуда. Бұған кәсіпкерлер де тартылып отыр. Мұндай ынтымақтастық қызмет екі жаққа да тиімді деп санаймын. Сотталушылар аз да болса, нәпақасын тапса, кәсіп иелері өздеріне жасалған қолайлы жағдайды пайдалана алады. Күні бүгінде «Еңбек Атырау», «Белый квадрат» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер осы бағыттағы жұмыстарын жолға қоюда.

Сұрақ: – Бұдан бұрын Ескенеде вагон жөндеу депосын ашу туралы бастама көтерілген еді. Осы жоба аяқсыз қалған жоқ па?

Жауап: – Дұрыс айтасыз, Мақат ауданы аумағындағы Ескене ауылынан вагон жөндейтін депо салу ойластырылған болатын. Болашақ өндіріс орны үшін жер телімі беріліп, кейбір қажетті жабдықтары алынды. Жоба жүзеге асса мыңнан астам адам жұмысқа тартылып, салықтың көлемі де өсе түсетін еді. Әйткенмен, негізгі қондырғылар Украинадан жеткізіледі деп жоспарланғанымен,  сол  елдегі  саяси ахуалдың ушығуы көлденең кедергілерді көбейтті. Несие  сомасының  доллармен алынуы да қаржылық қиындықтар туғызды.

Оның үстіне «Теңізшевройл» ЖШС мұнайды вагонмен емес, құбыр арқылы нарыққа шығаруды жөн көрді.  Осындай  себептер аталған  жобаны іске асыруды көздеген  кәсіп иелерін  қиындыққа  ұшыратып  отыр.

Сұрақ: – Инвестфорумда қол жеткен уағдаластықтарға байланысты жүзеге асатын  жобалар бар?

Жауап: – Инвестфорумда жалпы құны 609,2 млн. долларды құрайтын 9 меморандумға қол қойылды. Соның 8-і бойынша жұмыс қолға алынып, екі жоба жүзеге аса бастады. Қалғаны жобалық-сметалық құжаттары, бизнес жоспарлары дайындалғаннан соң қарастырылады. Ауқымды жобаның бірі – Индер ауданында салынатын аумағы 40 гектар жылыжай кешенінің құрылысы. «Issmat investment&finance» француз компаниясы қазір осы жобамен жұмыс жүргізуде. Бұл жобаның жақын күндері жүзеге асатынына үміт бар. Шетелдік компания жергілікті жерде өзге бизнес жоспарларды іске  асыруды ойластыруда. Атап айтқанда, олар бизон өсіруді де қолға алмақшы. Оның еті Еуропада деликатес тағам ретінде танымал.

Сұрақ: – Мұнай-химия кешені туралы не айтар едіңіз?

Жауап: – Атырау облысында мұнай-химия кластерін құру жоспарланғанын білесіздер. Осы мақсатта полиэтилен өндіретін алғашқы мұнай-химия кешені үшін жер телімі бөлініп, инфрақұрылым жасақталды. Ол «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технобағы» экономикалық аймағында бой көтеруде.  Бұл – еліміздегі ауқымды жобалардың бірі. Оған қазірдің өзінде мемлекеттен 102 млрд. теңге жұмсалды. Алайда, жоспарлы жұмыстарды аяқтау үшін тағы да 95 млрд. теңге қажет. Қазір мұндағы жұмыстар республикадағы салалық министрліктердің бақылауында тұр. Оның жүзеге асатынына сенім зор. Атырау облысының басшылығы аталған аймақтан тек мұнай-газ кешені ғана емес, бұрын-соңды мұнда өндірілмеген өнім түрлерін шығаратын өндірістерді салу туралы да ұсыныс беруде.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button