ТҮТІНДЕГЕН «ТҰЛПАР», жалтарма жауап

raprarapa Жаңалықтар

Atr.kz/9 қазан, 2020 жыл. Өңірде техникалық жағынан ақауы бар, түтіні будақтаған көлік құралдары көбейіп бара жатыр. Табиғат қорғаушылары олардың иелеріне қойылатын талаптардың төмен екендігін айтады. Бұл өз кезегінде жергілікті жердің экологиялық жағдайының нашарлауына, ауаның ластануына әсер етеді. Осы жағдайға тереңірек үңілу мақсатында Атырау облысы бойынша экология департаментінің облыстық полиция департаменті өкілдерімен бірге ұйымдастырған рейдке шықтық.

Экологтар неге алаңдайды?

Экология департаментінің бас маманы Əділбек Екпіннің айтуынша, автокөліктерден шығатын газдардың уыттылығы арнайы аспап – автоматты газоанализатор арқылы өлшенеді. Көміртегі тотығының газдағы мөлшері карбюраторлы қозғалтқыштарда – 3,2, инжекторлы қозғалтқыштарда 1 пайыздан аспауы тиіс. Ал, көмірсутегінің газдағы мөлшері карбюраторлы қозғалтқыштарда – 1 200, инжекторлы қозғалтқыштарда 1 ppm-нан жоғары болмауы керек. Бұл көрсеткіш қозғалтқышы жағармаймен жүретін автокөліктер үшін белгіленген. Ал, дизель отынын тұтынатын автокөліктің түтіндеу мөлшері норма бойынша 40 пайызды құрайды. Рейд барысында көлік түтініндегі ластаушы заттардың белгіленген көрсеткішке сəйкестігі тексерілді. Қабдолов көшесінің бойынан алғашқы тоқтатылған көліктен шыққан зиянды заттың мөлшері қалыптан асып кетті.

– Расымен де, көрсеткіш асып тұр ма? Бəлкім, автотест қателескен болар?.. – деді «КIA Sport Tage» маркалы автокөлігінің жүргізушісі К.Нұртазаев.

– Құрылғыға еш күмəніңіз болмасын. Жуырда арнайы тексерістен өткен. Бар мəселе – сіздің көлігіңізде, – деді эколог Ə.Екпін.

– Мүмкін… Көлігім ескіріп жүрген ғой… – деп күрсінген жүргізуші қасынан зымырап өтіп жатқан көліктерге жалтақтап қарай берді.

Жылжымалы зертхананың «қармағына» түскен оның жанарынан «көшеде мен секілді ескі көлік тізгіндегендер толып жүр ғой…» дегенді оқығандай болдық. Жүргізушіге хаттама толтырылып, ескерту берілді. Осы сəттен бастап көлік иесі техниканың жағдайын ретке келтіруі тиіс. Жанар-жағармайдың да сапалы түрін тұтынғаны жөн. Десек те, бұл тозығы жеткен көліктер үшін мəселенің шешімі болмайды. Сондықтан, экологтар ескі техникалардың ауаны ластауға айтарлықтай зиян келтіретініне алаңдаулы.

Рейд кезінде қозғалтқышы бензинге арналған 10 автокөлік тоқтатылды. Оның 2-еуінің шығарындысынан ауаны ластау дерегі анықталды. Сол бойынша Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті бабына сəйкес əкімшілік шара қолданылды. Полиция қызметкерлерінің ескертуінен соң көлік иесі немесе жүргізуші қозғалтқышын күрделі жөндеуден өткізуі тиіс. Қайталанған жағдайда оларға заң шеңберінде айыппұл салынады. Экологтар көлік түтінінен ауаға 200-ге жуық химиялық зат бөлінетінін айтады. Ол адам саулығына айтарлықтай залалын тигізеді. Автокөліктерден шығатын газдың мөлшері қозғалтқыштардың техникалық жағдайы мен жұмыс режиміне байланысты. Көлік тізгіндеген əрбір адам мұны қатаң ескеруі тиіс.

Облыста – 157 577 көлік

Бүгінде елдегі көлік саны өсіп келеді. Ал, облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнəзира Мұхт арованың айтуынша, облыста 157 577 көлік бар. Оның ішінде қозға лтқыш бөлшектері мүлдем ескірген, соған қарамастан бірнеше жылдан бері қолданыста жүргендері де көп-ақ. Десек те, жергілікті жерде олардан бөлінген зиянды заттар мөлшерін бақылап, тексеретін арнайы орталықтар жоқ. Сондықтан, қала экологиясын жақсартуға бағытталған бірлескен рейдтік шаралардың маңызы зор.

– Бізде мұндай тексерістер ай сайын ұйымдастырылады. Жыл басында «Автобус» профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл кезеңде 21 автокөлік тексерілді. Нəтижесінде, 12 техникадан шыққан зиянды заттар бекітілген мөлшерден асып түсті. Соған байланысты жүргізушілерге заң шеңберінде əкімшілік шара қолданылды. Негізінен мұндай рейдтер ай сайын ұйымдастырылады. Карантин кезінде бұл жұмыстар тоқтап қалды. Ендігі кезекте қала экологиясын оңалту мақсатындағы мұндай бақылау шаралары жалғаса береді, – деді эколог Əділбек Екпін.

Ал, былтыр осындай рейдтер кезінде 53 автокөлік құралы тексеріліп, заң бұзушылыққа жол берген 31 жүргізуші анықталды. Оларға əкімшілік шара қолданылған.

Жүргізушіге жауапкершілік қажет

«Итінің сыры иесіне мəлім» демекші, рейд кезінде бірқатар көлік жүргізушісі жүргізіп келе жатқан техникасының тиісті талапқа сай еместігін тексерместен бұрын мойындап жатты. «Айтуларыңыз дұрыс. Көлігімізді жөндейміз» деп жауапкершіліктен жалтармақшы болды олар. Десек те, сырғытпа жауапты əдетке айналдырғаны байқалады. Көліктен шыққан түтінді тексергендерге реніш білдіргендер де табылды. Біреуі «жанар-жағармайдың сапасы нашар» деп ақталса, енді бірі асығыс екендіктерін айтып, құтылудың түрлі себептерін алға тартты. Жүргізуші бірінші рет экологиялық стандартты бұзса, оған хаттама арқылы ескерту беріледі. Егер дəл осындай заң бұзушылық жыл ішінде қайталанса, онда міндетті түрде айыппұл салынады. Мəселенің алдын алу үшін не істеу қажет? Бұл тұста тізгіндеген техникаларын тиісті талапқа сай ұстаған, жауапкершілігі мол жүргізушілерді өзгелерге үлгі етуге əбден болады.

– Мен зейнеткермін. Көлікті жиі жүргізбеймін. Дегенмен, оны міндетті түрде техникалық тексерулерден өткізіп тұрамын. Істен шыққан бөлшектерін де уақытылы жөндетіп аламын. Қазір полиция қызметкерлері түтіндетіп бара жатқан көліктерді тоқтатпайды. Бірлескен рейд кезінде ғана бақылау жасайды. Мұны жүргізушілер де біліп алған. Сондықтан, кемшілікті уақытында түзетпейді. Олай болмас үшін құзырлы орындар рейдтік шараларды ұдайы қолға алғаны жөн, – деді қала тұрғыны Виталий Тимофеев.

ТҮЙІН

Қалай десек те, қоршаған орта – бәрімізге ортақ. Сондықтан, оның тазалығы мен жұтар ауамыздың жұпарлығына тек қана экологтар жауап бермейді. Мұны әр адам жете түсінгені жөн-ақ. Осы бағытта зауыттардың лас шығарындыларын айтпағанда, өзіміз күнделікті тізгіндеп жүрген көліктердің түтінінен де айтарлықтай зиянды қалдықтар тарайтынын ұмытпаған ләзім.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Тілекқос СҮЙЕСІНОВ, экология саласының ардагері:

Ауаның ластануы 8 есе артты

– Дизель отынымен жүретін көліктер бензин мен газға қарағанда ауаға екі есе артық лас қалдықтарды шығарады. Ал, ондай техникалар қалада аз емес. Біз өңірдегі ауа сапасына зертханалық талдау жасап жүрміз. Жуырда Исатай-Махамбет алаңының маңында ауа сапасына зерттеу жүргізілді. Нəтижесінде, қаланың ауасы қалыпты жағдайдан 8 есе лас болды. Бұл аумақта көлік қозғалысы көбірек орын алады. Сонымен қатар, жанжақтағы көп қабатты зəулім үйлер ауаға тараған лас қалдықтардың бір орынға шоғырлануына себепші. Соған сəйкес, зерттеу қорытындылары қаланың əрбір бұрышында əрқалай көрсетеді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз