Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Мал өрісі тарылып барады

Ауыл шаруашылығында «аридтік аумақтар» деген ұғым бар. Ол қуаң, шөл және шөлейт түсінігін білдіреді. Республикадағы жайылымдардың 40 пайызы соған жатады екен. Демек, мұндай жер 11 облысты қамтиды. Бұдан мұнайлы мекен де шет емес.

мал ориси

Жайылымнан күй кетті

Атырауға келген бір сапарында Елбасы аймақтың қуаң өлке екендігін білетінін, әйтсе де, барлық мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамытуға күш салу қажеттігін айтқан-ды. Ал, мұның егіншілікке де, малшылыққа да қатысы бар.

Бір қарағанда, қуаң немесе шөлді жерде мал бағу тиімсіз. Алайда, табиғаттың осындай қатаң жағдайына бейімделетін төрт түлік түрі де бар. Әрі мұнда жусан, сексеуіл, изен, теріскен тәрізді шөлге төзімді шөптер өседі. Сонау жылдары оларды қорғау шаралары да қарастырылатын. Бүгінде бұл жұмыстар жүргізілмейді. Соның салдарынан шөлейтке шыдамды шөптер біртіндеп құрып барады. Көнекөздердің еске алуынша, кезінде мұндай өсімдіктердің тұқымы жинап алынып, қайта егілетін. Қазір оны ешкім талап етіп отырған да жоқ. Жеке қожалықтар алдындағы азды-көпті малына даланың өздігінен өсетін табиғи шөбін қанағат тұтады.

Жалпы, аридтік өсімдіктерді тек мал азығына емес, сонымен қатар құм көшкінін тоқтатуға да қолданады. Біздің жағдайымызда Жылыой мен Исатай аудандарының кейбір елді мекендерін қорғауға пайдалануға болады. Тек соны науқандық шара емес, тұрақты тұтынған дұрыс. Рас, бұған жергілікті бюджеттің қаражаты жетпеуі де мүмкін. Сондықтан, орталықтан қаржыландырылғаны жөн. Сонда ғана қолға алынған қомақты істің нақты нәтижесі көрінеді.

Еліміздегі ауыл шаруашылығы алқаптарының 84 пайызы – жайылымдық жер. Соның жартысына жуығы суландырылған деп саналады. Яғни, бұрын су болған. Бірақ, бұл – өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шеніндегі мәлімет. Содан бері ешқандай дерек алынбаған. Оның үстіне, бұрынғы құдықтардың бәрі тозған. Сондықтан, жайылымдардың 80 пайызы сусыз. Оларды қалпына келтіру немесе тиімді пайдалану жеке қожалықтардың қаперіне де кірмейді, мүмкіндігінен де тыс.

Мемлекет басшысы көне жайылымдарды сақтап, барынша ұқыпты қолдануды ұсынып отыр. «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес республикада 4000 шамасында құдық қазу көзделген.  Жерасты сулары бізде де баршылық. Жылыой ауданындағы бұрынғы Биікжал мен Мұнайлы мекендерінің төңірегінде кезінде ондаған ұңғыма болатын. Олардың суларын бұрғышылар өндірістік қажеттілікке пайдаланатын. Содан іргелес қоныстанатын малшылар төрт түлігін суаратын. Ешкім ештеңе сұрап та жатқан жоқ, бәрі тегін еді. Бұдан бірер жыл бұрын сол жаққа жолымыз түсіп, Бәлиорпаға барғанбыз. Ұдайы тұтынбаған соң ба, ұңғымалардың суы тартыла бастапты. Бұрынғыдай жер қайысқан мал да көрінбейді, әр тұстан он шақты жылқы ғана көзге шалынады. Міне, осы маңды төрт түліктің жайылымына тиімді пайдалануға болмас па? Немесе Қызылқоға мен Құрманғазы аудандарының халқы жерасты суларын күнделікті қажетіне жаратып отыр. Демек, бізде де жайылымды суландыруға мүмкіндік бар екен. Әр жылы көктемгі тасқынға иек артып отырғанша осы тиімді емес пе?

Көршінің жері күнкөрістен қағады

Жерге қатысты қолданыстағы заңдылықтарға өзгеріс енгізілгенде елді мекендердің төңірегіндегі мал жайылымы да сөз болған-ды. Өйткені, жасыратыны жоқ, кейбір пысықтар өздеріне ғана тән тәсілмен ауылдың айналасындағы жерді жекешелендіріп алған. Енді оның үстімен төрт түлікті өткізбек түгілі, торғай да ұшырмайды. Рас, заңға енгізілген толықтырулар бұл мәселені оңтайландырып, ауылдың маңындағы жерді жекешелендіруге жол бермейтін тәрізді. Сөйтіп, оны ортақ меншік ретінде жергілікті атқарушы билікке тапсырмақ.

Әйтсе де, ауыл маңын ғана шиырлап, әріге аяқ баспау – елді мекен төңірегін эрозияға ұшыратудың бастапқы қадамы. Мамандар содан сақтандырады. Ендеше, малды неге сонау ен даланың құнарлы шөбіне жаймасқа? Оның да шешімін табуға болатын, бірақ, әлі түйіні тарқатылмаған бірнеше себебі бар. Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, ұры-қарыдан қорқады. Қорадағы қойыңды көтеріп кететін баукеспелер даладағы иесіз малға бүйідей тимей ме? Қыр асырып әкеткен талай жылқы ақыры таптырмаған. Сондықтан, ауылдағы малдың 60-70 пайызы үй төңірегінен табылады. Екіншіден, осы ауылдарда мал бағатын адам жоқ. Сонау жылдары әкесінің таяғын жұрт алдында салтанатты түрде қабылдап алатын ұлдарды бүгінде таба алмайсың. Еті мен сүтін тәуір көргенімен, атакәсіпті жалғастырып кететіндер некен-саяқ. Үшіншіден, сол мал өнімдерін орталықтандырып, тасып алуды ұйымдастыруда ұтылып отырмыз. Рас, кооперативтер енді құрыла бастады. Әйтсе де, оның да кейбір қыр-сырын жұртшылық жете ұғынбай жатыр.

Жалпы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиевтің айтуынша, Атырау қаласының маңында ғана сауын сиырлар санын 500-700 басқа жеткізуге болады екен. Солардың әрқайсысынан жылына 5,5-6,0 мың тонна сүт сауылғанда қалалықтардың сұранысы толық дерлік қанағаттандырылатын көрінеді. Бүгінде облыстағы жайылымның төрттен бір бөлігі ғана пайдаланылуда. Рас, босалқы жер есебінде қорда жатқандары да бар. Жылыой жақтағы Биікжалдың төңірегін айттық. Одан бөлек Нарын мен Тайсойған, Бүйрек пен Қарақұм төрт түлік үшін таптырмас жайылым. Анау Азғырдың маңы шұрайлы шөбімен малды өзіне тартады.

Сөз ретінде айтар болсақ, Тайсойған сынақ алаңы Қазақстанға қайтарылды. Сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, осы полигонның өзінен 25 мың тонна шөп шабуға, барлығы 30 мың қой, әрқайсысы он мыңнан жылқы және мүйізді ірі қара бағуға болады. Мұнда 664346 гектар жайылымдық және 456 гектар шабындық жер бар. Осы шаралар жүзеге асқанда қосымша екі мың тонна ет пен бір мың тонна сүт дайындауға мүмкіндік туады екен. Бұл аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылар сүбелі үлес емес пе? Ендеше, жеделдетіп игеру қажет.

Әттең, соның бәрін де тиімді пайдаланбай отырмыз. Алдымен, әрине, жайылымды суландыру жыл санап азайып барады. Жақында Республикада төрт мың құдық қазып, жерасты суларын тұтыну бастамасы көтерілді. Ен далада төрт түліктің мейірі қанып ішетін су болмағандықтан, малшылар орын ауыстыра алмайды. Ал, бір жерде қара суық түскенше отырғандықтан, жайылым әбден тақырланып қалады. Мал тұяғы аяусыз таптаған жер қызыл шағылға айналады. Сөйтіп, әр жылы айналымнан шығып жатқан жайылымдар қатары өсіп келеді. Демек, шұғыл шарасын алмаса, өріс әбден тарылуы ықтимал.

Түйін

Бүгінде төрт түліктің 90 пайыздан астамы жекеменшік иелікте. Ауылдағы азаматтар малды күнделікті қажеті үшін ұстайды, шағын қожалықтар соны кәсіп етеді. Ірілендіру жөнінде әңгіме жүріп жатқанымен, бірігуге белсене кіріскендері шамалы. Кеңестік кездегідей құрылымдар ұйымдастырып, мал шаруашылығынан көл-көсір табыс түсіруге енді мүмкіндік бола ма, жоқ па – белгісіз. Бірақ, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған шаралардың ішінде төрт түлікті көбейту мен асылдандыруға бөлінген субсидия да мол. Үкімет жайылымды суландырып, оны төрт түліктің өрісіне айналдыруға шындап кіріскен екен, ендеше, малшылар да үлестерін қосқаны абзал. Оның ең оңтайлы жолы – жайылымды дұрыс пайдалану. Қазақтың баяғы байлары мыңғырған малының соңында жайлаудан күзеуге, одан қыстауға текке көшіп жүрген жоқ. Төрт түлігінің қамы үшін солай істеді. Демек, жайылым – төрт түліктің ғана емес, халқымыздың да қазынасы.

Меңдібай Сүмесінов

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button