САПАЛЫ ЖОЛ – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ

Шын мәнінде де жол – өмірдің өзегі, тірліктің қайнар көзі. Бұған Мемлекет басшысының өзі ерекше мән беріп отырғандығы да сол себептен болса керек. Осы ретте, пайдаланудағы автөкөлік жолдарының жоғары сапалы деңгейін сақтап, талапқа сай күтіп-ұсталуында,  қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде «Атырау жол зертханасы»республикалық мемлекеттік мекемесіне де көп міндеттер жүктелген.

Өз кезегінде біздің мекеме де республикалық трансферт есебінен қаржыландырылатын аймақтық және жергілікті маңыздылықтағы автокөлік жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарының және қолданылатын материалдардың сапасын, халықаралық стандарттарға сай келуін қадағалап, жүйелі тексеру жүргізеді.  Маман-қызметкерлеріміз жыл сайын республикалық ғылыми-зерттеу институтында білімдерін жетілдіріп, тәжірибелерін толықтырып, шеберліктерін шыңдап отырады. Материалдық-техникалық базаның нығайтылуы, зертхананың заманауи үлгідегі құрылғы-қондырғылармен жабдықталып, жарақтандырылуы ұдайы назарда ұсталады.

Қазіргі кезде «Атырау-Индер», «Ганюшкино-Приморье-Утера-Котяевка-Шортанбай» тас жолдарының құрылыс жұмыстары аяқталып, бұл нысандарды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Жайық өзенінің оң және сол жағалауларын байланыстыратын, Махамбет селосының тұсынан өтетін автомобиль көпірінің салыну барысы мұқият қадағалануда. Бұл нысанның бұрынғылардан басты бір ерекшелігі, мұндағы аралық құрылымдар 120 метрге дейін бағанасыз орналастырылған. Мемлекет басшысының Жолдауында және Ұлт жоспарында қарастырылғанындай, республика көлемінде жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстарға жалпы саны 9000-нан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осы лекте атыраулықтардың да өзіндік үлес-еншісі боларлығы анық.

Ербол КЕНЖЕШЕВ,

«Атырау жол зертханасы» РММ-нің директоры.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз