Мал дәрігері адамзатты емдейді
Ардақ Амирова – Атырау қалалық ветеринария бөлімінің бас маманы. Мемлекеттік қызметте еңбек еткеніне биыл 18 жыл. Осы уақыт аралығында ол үлкен тәжірибе жинақтап, біліктілігін арттырыпты.
Ветеринария ауқымды және күрделі сала. Академик Константин Скрябиннің «Адам дәрігері адамды емдесе, мал дәрігері бүкіл адамзатты емдейді» деген сөзі бар. Бұл ветеринария қызметінің маңызын байқатса керек, – дейді Ардақ Қажекенқызы.
Мемлекеттік ветеринар дәрігердің жұмысы ерекше жауапты. Өйткені, ол халықтың ішер асының адал, барлық талапқа сәйкес болуын қадағалайды. Сауда орындарындағы, мал сою цехындағы тазалықтың сақталуына, тиісті заңдылықтардың мүлтіксіз орындалуына жауапты. Зертханалардың жасаған зерттеулерінің дұрыстығын қарап, ветеринарлық-санитарлық бақылау, қадағалау жұмысын жүзеге асырады.
Сұхбаттасушымыз Батыс Қазақстан аграрлық университетін «ветеринария» мамандығы бойынша тәмамдапты. Сол жылдан бастап аталған салада қызмет жасап келеді. «Ветеринарлық зертханада токсиколог мамандығынан бастап, мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторы міндетін атқардым» деген Ардақ Амирова бүгінде білікті қызметкерлердің қатарында. Ол ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алғыс хаттарымен, кәсіподақтың наградалары, І, ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталған.
Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.