Жасұлан Бисембиев «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жұмысына креативті бағыт ашуды ұсынды

img 0119 Жаңалықтар

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен облыстық үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөнінде кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жиында әлеуметтік салалар бойынша 2024 жылға жоспарланған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тақырыптарын бекіту мәселесі талқыланды.

Жиында баяндама жасаған облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Досқалиева жастарды уақытша маусымдық жұмысқа орналастыруда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасын жүзеге асыру қызметіне облыстық бюджеттен 150 млн теңге бөлу жоспарланғанын жеткізді.

– Бұл жобаның мақсаты – жастарды еңбек жасақтарының маусымдық жұмыстарына тарту, олардың бос уақыттарын тиімді өткізу, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы ретте бұл жұмыстарға 150 млн теңге бөлінбек. Сондай-ақ, талантты жастарды қолдау, республикалық көңілді тапқырлар клубы ойындарына облыс намысын қорғайтын командаларды дайындау үшін «Көңілді тапқырлар клубы» қозғалысын дамыту қызметіне 15 млн теңге бөлу жоспарланды, – деді Ә.Досқалиева.

Ал облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов балалар әдебиетін дамыту, балалардың қызығушылығын ояту мәселесіне ден қоюды ұсынды.

– Қазіргі таңда балалар әдебиетін жандандыру мәселесі өзекті. Балалар әдебиетінде жаңа есімдер пайда болып, тың тақырыптағы ертегілер кітабы жарық көруі үшін «Ертегі – даналық айнасы» атты республикалық балалар шығармашылығының ертегі байқауын ұйымдастыру жоспарланып, оған 14 млн теңге бөлу қарастырылып жатыр,- деді Ә.Жоламанов.

Жиында Ж.Бисембиев жауапты сала мамандарымен бірге ұсыныстарды талқылап, тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар, кез-келген жоба белгілі бір мәселені шешуге бағытталып, өміршең болу қажеттігін айтты.

– Кез-келген жоба нақты бір мәселені шешу үшін туындауы керек. Нашақорлық, лудамания, экология, оның ішінде «Тиімсіз тұтыну» мәселесін шешу бойынша жаңа жобалар ұсыныңыздар. Одан соң, «Жасыл ел» бағдарламасын трансформациялау қажет. Бұл жұмыстарда тек «көшет егу» деген ұғымнан бас тартып, краетивті бағыттарды ашуға тиіспіз. Жастарды археологиялық, педагогикалық, құрылыс салаларына тартып, жазғы лагерлер аясында жұмыс істеу жүйесі ұйымдастырылуы қажет,- деді Ж.Бисембиев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз