БЕЛГІЛІ САЯСАТТАНУШЫ ЕРЛАН САИРОВ «ATYRAÝ» ГАЗЕТІНЕ СҰХБАТ БЕРДІ

photo 236201 Жаңалықтар

ЕЛ ТАРИХЫНДА ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРҒАН ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ ОРЫН АЛҒАЛЫ ДА БІР АЙДАН АСТАМ УАҚЫТ ӨТТІ. «ҚАСІРЕТТІ ҚАҢТАРДАН» ҚАНДАЙ САБАҚ АЛДЫҚ? ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕТАЛЫСЫ ДҰРЫС ПА? БИЛІК ПЕН БҰҚАРАНЫҢ АРАСЫН ЖАҚЫНДАТУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ? МЕМЛЕКЕТТІК МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ЖАУАП АЛУ МАҚСАТЫНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, БЕЛГІЛІ САЯСАТТАНУШЫ ЕРЛАН САИРОВПЕН АРНАЙЫ СҰХБАТТАСТЫҚ.

«Кедейліктен арылу керек…»

– Ерлан Биахметұлы, ең алдымен, «қаңтар» сабағы бізге нені көрсетті? Нені жоғалттық, нені таптық?

– Негізгісі – Қазақстан халқына, бəрімізге ұлттық бірлік керек. Ұлттық консенсус болуы керек. Мемлекет ішінде діни, əлеуметтік, басқа да нышандар бойынша бөліністер өте көп. Сондықтан, əуелі бұл бөліністерді жойған жөн. Ол үшін əлеуметтік əділеттік принциптері іс жүзінде жүзеге асуы тиіс. Яғни, Қазақстанда «өте бай» жəне «кедей» адамдардың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Еліміз ішкі жалпы өнімінің көрсеткіші бойынша Еуропаға сəйкес елдердің бірі бола отырып, өте төмен, кедейлік деңгейінде отыр. Ендеше, бүгінгі таңдағы ең басты мəселе – халықтың əлеуметтік жағдайын көтеру. Содан кейін ғана елде түрлі экономикалық, саяси реформалар іс жүзіне асып, өз нəтижесін береді. Өйткені, демократия – тек ауқатты елдердің, ауқатты халықтардың ғана еншісі. Ол үшін алдымен халықты кедейліктен алып шығуға жұмыстанған дұрыс. «Қаңтар сабағының» ең негізі – шынын айту керек, халықтың кедейлігі. Кедей болмаса, олар неге көшеге шығады немесе дүкендерді тонайды? «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген халық мақалы бар. Бұл жерде де соның кебі. Халықтың көйлегі көк, тамағы тоқ болса, неге ереуілге шықты?

Екінші мəселе – егеменді, тəуелсіз Қазақстан бізден басқа ешкімге қажеті жоқ. Өз мемлекетімізді өзіміз сыйламасақ, өз мемлекеттілігімізді өзіміз жасамасақ, бізге сырттан келіп ешкім жасап бермейді. Ал, мемлекеттілік дегеніміз – заң мен тəртіп. Олар Қазақстанның барша халқына ортақ болуы тиіс. Бізде заңнан да, тəртіптен де шығып кеткен топтар бар. Бұлар – өздерін Құдайдай сезінетін байлар. Осы топтағылар да заңға, тəртіпке бағынуы керек. Сол кезде ғана елімізде заңның қажет екені, заңға бағыну керектігі туралы белгілі бір ой пайда болады. Келесі бір өзекті мəселе – саяси мəдениетті қалыптастыру. Соны қалыптастыра отырып, саяси реформаларға баруымыз керек. Ал, саяси реформа дегеніміз – Парламенттің реформасы жəне сот реформасы. Айта кеткен жөн, сот реформасы туралы ешкім айтпайды. Негізінде халықтың басым көпшілігі бүгінгі таңда сот шешімдерінің əділетсіздігіне, сот шешімдерінің коррупциялық беталысы көп екеніне наразы. Сондықтан, Парламент реформасымен бірге сот реформасын да жасау керек. Сол кезде елімізде əділетті қоғам пайда болып, əділеттілік принициптері елдің саяси жүйесінің негізгі стабилизаторы бола алады.

Территориялық тұтастық – өте нәзік мәселе

– Мемлекетті ыдырату, саяси процеске сызат түсірудің «Ливандық үлгісі», «Югославиялық сценарий», «Ауғанстан тұзағы». Сонда Сіз атаған әлемдік қауіп қыр астында болып шыққаны ма?

– Иə, айтуыңыз орынды. Өкінішке орай, біз қазір өте күрделі геосаяси жағдайда өмір сүріп жатырмыз. 1945 жылғы Потсдам консенсусы қазір жоқ. Яғни, сол кездегі мемлекетттердің территориялық тұтастығы принципін қазір дүние жүзіндегі көптеген мемлекеттер мойындамайды. Ал, Қазақстанның геосаяси жағдайы, тіпті, тұрған жерінің өзі күрделі. Осы мəселе əрқашан есімізде болуы керек. Екіншіден, «Қасіретті қаңтар» Қазақстанның аумақтық тұтастығының өте нəзік екенін көрсетті. Сондықтан, енді əр азамат біз үшін ең негізгі құндылық – Қазақстанның тəуелсіздігі екенін біліп, сезініп жүруі керек. Əрине, бізге демократия мен плюрализм керек.

Ең бастысы – тəуелсіз, мызғымас территориясы бар Қазақстан. Əйтпесе, жаңағы ливандық, юго славиялық сценарий, Ауған тұзағының Қазақстанға да əсері болып кетуі əбден мүмкін екені осы жолы көрініп қалды. Сондықтан, əр азамат ел тəуелсіздігі – ең басты құндылығымыз жəне тəуелсіздікті келесі ұрпаққа тапсырып кету – негізгі миссиямыз екенін білгені жөн. Азаматтардың бойында мұндай ұстаным болуы үшін мемлекет халықтың əл-ауқатын арттырып, адами потенциалды дамытуға басымдық жасауы тиіс. Біз, өкінішке орай, «мемлекет халыққа қызмет етуі керек» деген принципті ұмытып кеттік. Халық болмаса, мемлекет те болмайды. Сондықтан, мемлекеттің ең негізгі принципі – халыққа жəне оның тұрмысына қызмет ету. Өйткені, Конституцияда «ең негізгі құндылық – адам жəне адамның өмірі» деп жазылған.

Донор облысқа – дұрыс көзқарас

– Жаңа Қазақстан дамудың дұрыс векторын таңдады ма?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде саяси-экономикалық реформалар болатынын мəлімдеді. «Экономика ең бірінші кезекте адамға қызмет етуі керек» деген басты принципті атап көрсетті. Қазір осы жолмен жүріп, саяси реформа жасасақ, Парламентте саяси партиялар көбейіп, белсенді азаматтар келсе, заң шығарушы органның жұмысы күрделі, бірақ, саяси жүйе орнықты болады. Сондықтан, Президенттің саяси реформалары – дұрыс, осы бағытта əрі қарай жұмыс істеуіміз керек. Бірақ, бұдан тағы бір мəселе туындайды. Ол – аймақтар. Яғни, Қазақстанды құрайтын аймақтардың да экономикасын дамытқан жөн.

Мысалы, Қазақстан бюджетінің екі донорының бірі – Атырау облысы. Ал, Атырау облысында аудандық, облыстық дəрежедегі көлік жолы мен орта білім сапасы ең төменгі орында. Атырау облысы арқылы қазынаға түскен табыстың біраз бөлігін жолды жөндеуге, балалардың білім деңгейін арттыруға, қолжетімді интернет жүргізуге неге бөлмеске?! Менің ойымша, елдің бюджет сферасын да қайта қарап, бюджетке түсірген табысының қомақты бөлігін сол өңірге қалдырып, аймақтың мəдени-əлеуметтік жəне тұрмыстық мəселелерін шешуге бағыттау керек. Бұл – ең бірінші кезекте Атырау облысына қатысты.

– Жаңа Үкімет жасақтау, партияның саяси палитрасын молайту, ашық қоғам қалыптастыру. Бұлар қаншалықты қолжетімді процестер?

– Əлбетте, саяси реформалар бізге қажет. Ол үшін алдымен елдегі саяси партияларды ашу процесіне либерализация жасау керек. Яғни, партиялар тікелей халықпен жұмыс жасауға міндетті. Сонда халық қай партияның тиімділігі басым екенін өзі айқындайды. Бұл – бір. Екіншіден, елімізге мажоритарлық жүйені де енгізу керек. Яғни, Парламент аралас, яғни бірлескен мажоритарлық жəне пропорционалдық жүйеде болғаны жөн. Жергілікті мəслихаттардың ролі мен орнын да арттырған маңызды. Əкімдік жұмысын қадағалау жəне бақылау проце стеріне де көңіл аударған дұрыс. Өйткені, əкім мен оның құрылымдық органдары əрқашан қоғамның бақылауында болады. Басты принциптердің бірі де осы.

«Ребрендинг қажет…»

– «Nur Otan» партиясының ребрендингі қалай жүргізілуі қажет? Күтілер нәтиже қандай?

– Президент Тоқаев партия съезінде сөйлеген сөзінде саяси реформалар бағдарламасы жарияланғаннан кейін партиядан шығу ықтималдығын айтты. Бұл – дұрыс қадам. Қазақстан халқының мұң-мүддесін Президент қорғауы шарт. Ал, партия өткен саяси жүйенің қоғамдық-саяси, қаржылық-экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған қоғамдық организм болған. Екі жыл ішінде жүргізілген партиялық реформа мен праймериз қоғаммен тығыз байланыс тетіктерін қалыптастыра бастады. Осы тенденцияны тереңдете түссе пайдасы молырақ болады. Енді «Nur Otan» партиясының алдында қоғам мен азаматтардың саяси жəне экономикалық мүдделерін қорғауға қабілетті ұйымға айналу міндеті тұр. Өте ауыр міндеттің бірі саналатын осы жауапкершіліктің жүгін арқалай алсақ, партия нағыз «парламенттік» рең алып, прогрессивті ұйымға айналар еді.

Ал, міндетті түрде жүзеге асырылуы тиіс іс-шараларды партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев егжей-тегжейлі атап көрсетті. Барлық саяси күштер үшін «Ашық есік» саясаты – партияның ең басты құндылығы болуы шарт. Дұрыс, партияға ребрендинг қажет. Бəлкім, атын өзгерту керек шығар. Оны да ойлану керек. Яғни, партияның бетбұрысы өте күрделі, қиын да қым-қиғаш сапар тəрізді. Оның интеллектуалдық қабілеті, адами капиталы, ұжымдық санасы осы мақсатқа жетуге қабілетті деп ойлаймын.

– «Тәуелсіздікті нығайту – бәріміздің парызымыз». Жаттанды сөзге айналмас үшін әркім қандай нақты әрекет жасағаны жөн?

– Тəуелсіз мемлекетімізді сақтап, оның бұғанасын нығайту – əр азаматтың парызы. Бүгінгі қым-қуыт заманда одан айрылып қалу оп-оңай, ал мемлекеттілікті қалпына келтіру мүмкін болмайды. Есте сақтайтын ең басты қағидат – осы. Ол үшін мемлекет азаматтардың алдында өз міндеттемелерін мүлтіксіз орындауға қабілетті, адам өмірінің əлеуметтік стандарттарын арттыруға мүдделі болуы тиіс. Ал, азаматтар заң мен тəртіпті сақтауға құлқы жетіп, өзара алауыздықтан ада болып, ашу-ызаға ырық бермеуі керек. Демек ынтымақ, ықпалдастық, жасампаздық – басты игіліктер болуы шарт. Сонда құр сөз емес, нақты əрекетке қол жеткіземіз. – «Atyraý» газеті үшін арнайы сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Гүлжан ƏМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз