МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАС КОНСУЛЫН ҚАБЫЛДАДЫ
«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Атабек Тұрсынбековті қабылдады»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов биыл Тәуелсіздіктің отыз жылдығын атап өтіп жатқан бауырлас Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасында ынтымақтастық жыл өткен сайын күшейіп келе жатқанын айтты.
Сондай-ақ Бас консул Атабек Тұрсынбековті Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтап, Атырау облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынасты дамыту мақсатында істеліп жатқан жұмыстар үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар, өңір басшысы екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, бірлескен кәсіпорындар құрып, кәсіпкерлердің бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндіктер мол екенін жеткізді.
Өз кезегінде Бас консул Хорезм облысының екі ірі кәсіпорыны Қазақстанның батыс өңірмен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын, алдағы уақытта байланысты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін айтты.
Сондай-ақ, Атабек Тұрсынбеков алдағы уақытта екі жақты сауда айналымын нығайту мен азаматтардың барыс-келісін арттыру мақсатында Өзбекстан мен Атырау қаласына тікелей қатынайтын жолаушылар пойызын шығаруды ойластыруға ұсыныс білдірді.
Айта кетейік, кедендік статистика деректеріне сәйкес, биыл қаңтар-қазан айларында Атырау облысының Өзбекстанмен сыртқы сауда айналымы 35 млн, оның ішінде экспорт 26 млн, импорт 9 млн АҚШ долларын құраған. Сондай-ақ, өңірде Өзбекстан капиталының қатысуымен 18 кәсіпорын жұмыс істеуде.