МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ МАҢЫЗДЫ НЫСАНДЫ УАҚЫТЫЛЫ ІСКЕ ҚОСУДЫ ТАПСЫРДЫ
«Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов Атырау қаласының сол жағалау бөлігіндегі кәріздік-тазалау имаратын қарап, дайындық жұмыстарының барысымен танысты»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы қала әкімі Қайрат Оразбаев пен мердігер компания басшысы хабардар етті. Тәулігіне 70 мың текше метр тазалау қуаты бар кәріз тазарту имараты құрылысы 2017 жылдың желтоқсан айында басталған болатын.
Бүгінгі таңда аталған нысанның құрылыс–монтаждау жұмыстары белгіленген мерзімінде аяқталған. Қазіргі кезде оның жекелеген құрылғыларын және екі сатылы тазартуға арналған технологиялық қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосу бойынша арнайы жұмыстар жүргізілуде.
Тазартуға қаланың сол жақ жағалау бөлігіндегі тұрғын үй массивтерінен және қала мекемелері, ұйымдары мен кәсіпорындарынан коммуналдық-тұрмыстық ағынды сулар келіп, тазарту қондырғыларының қабылдау камерасына түседі. Жалпы кәріздік тазарту имаратының жұмысы алдымен механикалық тазарту, яғни ірі қалдықтарды сүзу мен биологиялық тазалау, дәлірек айтқанда, өсірілген бактерияларды қолдана отырып тазарту тәсілдерінен тұрады.
Жаңа кәріздік тазарту имараты өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін аса қажет. Ол тазартылған ағынды суларды Атырау қаласының техникалық қажеттіліктеріне пайдалануға мүмкіндік береді.
Мердігердің айтуынша, іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізіп, кәріздік-тазалау имаратының технологиялық режимін қалыптастыру төрт айға жуық уақыт алады. Осылайша ағымдағы жылдың 1-ші қарашасына дейін тазартылған ағын сулар сапасының кепілдік көрсеткішіне қол жеткізіп, оларды қайта пайдалануға жарамды қылу көзделіп отыр.
Нысанның Атырау халқы үшін айрықша маңызы барын атап өткен облыс әкімі М.Досмұхамбетов мердігер компания басшылығы мен тиісті жауапты тұлғаларға дайындық жұмыстарын өз деңгейінде атқарып, кәріздік-тазалау имаратын уақытылы іске қосуды тапсырды.