Махамбет Досмұхамбетов атыраулық балаларды жаңа жылмен құттықтады
Atr.kz/24 желтоқсан, 2019 жыл. Атырауда өткен жаңажылдық шыршаға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты, — деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мерекелік шараға облыс бойынша 350 бала шақырту алды. Олардың арасында жетім балалар, аз қамтылған отбасынан шыққан және ерекше күтімді қажет ететін балалар бар. Шара интерактивті шоу-қойылым түрінде өтіп, оған балалардың бәрі қатысты.
— Бүгінде еліміздің барлық қалаларында жаңажылдық ертеңгіліктер өтіп жатыр. Атыраудағы бұл шара естеріңізде қалады деген ойдамын. Баршаңызға мерекелік көңіл күй, армандарыңыздың орындалуын тілеймін. Болашақта еліміздің нағыз патриоттары болу үшін сабақтарыңызды жақсы оқып, мақсаттарыңызға жетіңіздер. Бізде оған қажет барлық жағдай бар. Жаңа мектептер, оқу орталықтары салынып жатыр. Алдағы жылы Атырауда жастар мен оқушылар сарайы ашылады. Ол әр баланың қажет білім мен дағдыны меңгеруіне мүмкіндік беретін орын болады,- деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы ел болашағы жастарға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. 2019 жылды Елбасы Жастар жылы деп жариялады. Көптеген маңызды шаралар ұйымдастырылды.
Жаңажылдық мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылыммен, шырша жанындағы дәстүрлі хормен жалғасты. Ал, ең ерекшесі — сыйлықтар болды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов балаларға жаңажылдық тәттілер мен білімдерін жетілдіруге көмектесетін планшет сыйлады.
Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу Төремұратова бұл сыйлықтың балаларға мектепте көмекші құрал болатынын айтады. Планшетке барлық оқу бағдарламасы жүктелген, интернетке қосылмай-ақ ақпарат алуға болады.
Жаңажылдық мерекелік қойылым ертегі кейіпкерлерімен суретке түсумен аяқталды. Балаларға бұл нағыз ертегідей әсер сыйлады.