Махамбет ауылында 60 пәтерлік үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды
Бұл туралы Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сырымбет Кенжебаевтың айтуынша, жаңа тұрғын үй жоспар бойынша қыркүйек айында тапсырылады деп күтілуде.
— Аудан әкімдігі Махамбет ауылынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында, өткен жылы 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысына жоба жасақтаған болатын. Тұрғын үйдің құрылысын салу бойынша облыстық Құрылыс басқармасына ұсыныс жолданды. Тапсырыс беруші Құрылыс басқармасы тарапынан NCOC компаниясынан демеушілік арқылы тендр өткізіліп, нәтижесінде «КА-Строй LTD» ЖШС жеңімпаз болып айқындалды. Демеуші мекеме арасында келісім шарттарға қол қойылып, 2022 жылдың желтоқсан айында жұмыстар басталды. Қазіргі кезде территориясын қоршау, жер қазу және нысан басында құрылыс материалдар жеткізу жұмыстарын жүргізуде,- деді С.Кенжебаев.
Оның айтуынша, бұл жобадан басқа аудан орталығынан үш қабатты 36 пәтерлік үш тұрғын үй және үш қабатты 60 пәтерлік үш тұрғын үйдің жобалау сметалық құжаттамасы жасақталуда.
Жоба құны 997,7 млн. теңге болатын аталған үйдің пәтерлері екі және үш бөлмелік. Қазір мұнда 10 қызметкер мен 4 техника жұмыс жасауда.