Мәдениет майталмандары — марапат биігінде

screenshot 20220329 211252 Жаңалықтар

Жақында Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы өзінің төл мерекесі – Халықаралық театр күнін атап өтті. Ал бүгін Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Таушов өңір руханиятын өрге бастырған жерлестерімізге марапат табыстады.

Өнер майталмандары – Бекет Зинуллин, Нұрбек Съезхан, Мейрамгүл Шапиева, Азиза Бисенова және Мереке Қонысова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Нариман Бахытұлы өңір мәдениетінің әлемдік деңгейде танылуына үлес қосып жүрген сала мамандарының ерен еңбегін атап өтті.

– Бұл – қызметтегі кәсібилік пен шеберліктеріңіз үшін берілген жоғары марапат! Өңіріміздің қашанда мәдениет пен өнердің қайнаған ортасы екені мәлім. Ал, театр сахнасында өмірдегі болмысымыз қаз-қалпында көрсетіледі. Сол арқылы халықты мәдени, рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде үлесін қосады, – деген облыс әкімінің орынбасары өнер ұжымының болашақта бағындыратын белестеріне сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Берік Жәменов марапатталған әртістердің тәжірибелі мамандар екенін тілге тиек етті. «Көрермен көзайымына айналған актерлердің барлығы да уақытпен санаспай бар өмірін киелі сахнаға арнаған жандар» деген басшы мұндай құрмет өнер ұжымына мақтаныш екенін айтады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз