МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНДА – ЖАҢА БАСШЫ
Әбіл Тауфикұлы 1970 жылдың 19 қыркүйегінде көршілес Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін бітірген. Еңбек жолын өзінің туған жерінде орта мектеп мұғалімдігінен бастап, тарих пәнінен дәріс берген. 1994 жылдан бері мемлекеттік қызметте – Сырым аудандық жастар ісі, туризм және спорт бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің басшысы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының орынбасары. 2003 жылы аудандық мәдениет бөлімі басшылығына келіп, содан бергі кезеңде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының, халық шығармашылығы орталығының директоры, мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
— Баршаңызға мәлім, басқаларымен салыстырғанда мәдениет – атқарар қызметі ауқымды, жүгі ауыр, жауапкершілігі мол сала. Бұл басқарма бірнеше салалық мекеменің басын қосып отырған үлкен ұжым. Сондықтан, мұнда, ең алдымен, әркімнің өз ісіне жауаптылығы мен табандылығы, тиянақтылығы мен іскерлігі талап етіледі. Ал, солардың басын біріктіріп, мәдени қызметті жүйелі жолға қою – облыстық басқармаға жүктелер маңызды міндет. Осы жағы ескеріліп, Атырау облысы әкімдігі тарапынан сізге зор сенім білдіріліп отыр. Сол үмітті ақтайды деп есептеймін. Ұжым да сізді қолдап, бірлесіп жұмыс жасайды деген ойдамын. Жаңа қызметіңізге сәттілік, жемісті қадам тілеймін,-деді басқарма басшысын әріптестеріне таныстырған аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы.
Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан және мәдениет мекемелерінің басшылары қатысып, Әбіл Тауфикұлына ізгі ниет, игі тілектерін жолдады.
Дәулетқали АРУЕВ.