Жарнама
Жаңалықтар

МӘҢГІЛІК ЕЛ – МҰРАТЫМЫЗ

Мен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз егемендік алғаннан бергі жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатына, оның халық бақыты жолындағы қайтпас қайратына, терең ойлы кемеңгерлігіне, жаужүректілігіне тәнті болып, ризашылық және қанағаттанғандық сезіммен қараймын.

Мемлекет басшысының елімізді жан жүрегімен, бүкіл болмысымен, асқан патриоттық сезіммен сүйетіндігін, халқы дегенде жарғақ құлағы жастыққа тимей, күндіз күлкі, түнде ұйқысын шала қылып, қандай қиыншылыққа төтеп беріп келе жатқанын жақсы білеміз. Ұлт Көшбасшысының егемендік алған жиырма үш жыл бойы атқарған еңбектері жас мемлекетіміздің іргетасының дұрыс қаланып, тұғырының орнықты болуына жұмсалды. Ел болашағы жолындағы Көшбасшымыздың әр сөйлеген сөздері мен шешімдері халық жүрегінен  жылы орын тауып жатқанына еш күмән келтіруге болмайды.

Ұзақ мерзімді стратегиялық жоспары мен жыл сайын халық талқысына салған Жолдаулары жүрегіміздің пернесін дәл басып келеді. Елбасының «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі» деген сөздерін әр қазақстандық қанағаттанғандық сезіммен қабылдап келеді.

Биылғы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол»  атты Елбасының жаңа Жолдауы экономикалық серпіліс жасаудың алғышарты мен бас жоспары және алдағы уақытта болуы ықтимал қиындықтарды алдын алуға бағытталған бағдарлама.   

Бұл бас құжатта әрбір атқарылар істің – білім беру, денсаулық, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіп салаларын дамыту мәселелері кеңінен қозғалған. Сондай-ақ, Жолдаудағы әрбір жұмыстың жүзеге асуына байланысты келтірілген керемет жоспарлар мен цифрлардың әрбіреуінің астарында  таңғажайып жұмыстар бар. Алдағы уақытта орын алуы мүмкін қауіпті дағдарыстан елді аман алып шығу, қиындықтан сақтап қалуға байланысты ұлттық қордан бөлінгелі отырған миллиардтаған қаржы – Президенттің халықтан ештеңе аямауға бел байлаған дархандығы. Бұған елдің риза екендігін әр отандасымыздың күлімдеген жарқын да шатты жүздерінен көреміз.

Елбасы ел дамуы жолында шағын және орта бизнеске баса мән беріп, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, банк секторын сауықтыру жұмыстарын да алға қойып, жаңа инвестиция тарту үшін тиісті жағдайларды жасауды тапсырды.

Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің Қазақстанда өткізілуі де Елбасының жеңісі болатын. Бұл ретте «ЭКСПО-2017» көрмесі қарсаңында Астананың көліктік инфрақұрылымдарын дамыту мәселесі де назардан тыс қалдырылмады. Бұдан бөлек  «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағиданы ұстанған Елбасы барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасының айрықша мәнге ие екенін баса айтты. «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы Елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады» деп алысты жақын ету    биылғы Жолдаудың басты түйіні екенін айтты.

Сөйтіп, Мәңгілік Ел болудағы басты ұстанымымызды жолмен байланыстыруы да – Елбасының үлкен көрегенділігі.

Осындай ұлы тұлға – Көшбасшысы бар Қазақ елінің әр отбасы  Мемлекет басшысын теледидардан көргенде-ақ жаңалық күтетіндігі шындық. Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының сөздерін ерекше ықыласпен тыңдаймын. Оның жарқын жүзі, қоңыр да күмбір дауысы әр адамды өзіне баурап тұрады. Оның «Бауырлар, отандастар!» деп күлімдей сөзін бастағанда-ақ, әр тыңдарманды өзіне тартып баурап алатындай құдіретті күші бар.

Тағы бір айта кетерлігі, Нұрсұлтан Әбішұлының Ұлытаудағы сұхбаты әр адаммен пікірлесіп, әрқайсысымен ақыл-кеңес құрғандай әсер етті. Бұл сұхбатта да Мәңгілік Ел идеясы қозғалды. Мәңгілік Ел болуды  ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы армандағаны тарихтан белгілі. Осы арманды орындауды, шындыққа айналдыруды алға тартты.

Мәңгілік Ел болу – еліміздің идеологиясы. Осы идеологияның қуаты мен барлық істеріміз жемісті атқарылуы керек. Дініміз бен тіліміз, діліміз бен адамшылық арымыз, еліміздегі барлық өзге ұлт өкілдерімен достастығымыз, басқа іргелес елдермен бейбіт қарым-қатынасымыз, білім, ғылым, экономика – бәрі-бәрі мәңгіліктің бір-бір кірпіштері болғаны жөн. Бұл жөнінде Елбасының «Біз ешбір елге тиісіп көрген халық емеспіз. Ешбір елге жау емеспіз. Осылай төңірегіміз бейбіт, өзіміз бейбіт, ішіміз бүтін, бірлігіміз берік болса, ұтылмаймыз. Қазақтың бірлігі – мына көп ұлтты халықтың бірлігі. Біз бірте-бірте жарқын болашаққа жетеміз деп санаймын»  деген сөзі әр азаматты, әрбір ұлт өкілін Тәуелсіздікті терең ұғынып, бірлікті дәріптеуге үндейді. Соған баса мән берелік.

Елбасының сөзімен айтсақ, «Қасиетті Ұлытау – баяғыдан бергі Қазақ елінің тарихи және саяси кіндігі». Алайда, Елбасы сұхбаты болмаса, біздің былайғы жұрт қасиетті Ұлытауды да естен шығара бастағандай еді. Ендігі уақытта мұрат еткен Мәңгілік Ел жолында Президенттің Ұлытауда айтқандарын тарам-тарамдап, іске асыруымыз қажет.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының күні кешегі егемендігіміздің жиырма үш жылдығына жасаған баяндамасында да Тәуелсіздікті сақтау үшін, өзіміздің ішкі бірлігіміз қажеттігін тағы да алға қойды. Одан кейінгі отандық жетекші телеарналар өкілдеріменен өткізген сұхбатындағы ел болашағы жолындағы алға қойған мақсаттардың айқын баяндалуы елді  жігерлендірді.

Халық өкілі ретінде айтарым, өткен жыл еліміздің тарихында атқарылған асқаралы істермен, ақыл-ойлар, толғаныстармен идеялық, рухани биіктік жылы болды. Бұл  жыл  ел болашағына сара жол салып берді. Бұл жыл – Елбасымыздың кемеңгерлігін, көрегендігін, ерлігін, елсүйгіштігін тағы да шарықтата көрсеткен жыл. Сондай-ақ, болашаққа сөнбес шамшырақ ұсынған жыл.

Сөз соңында айтарым, ендігі уақытта өткен жылдың дархан нұсқаулары мен сара жолдарынан айнымауымыз керек. Келе жатқан 2015 жыл – Қой жылы берекелі, құтты жыл болып, еліміздің болашағының баспалдағы биік болсын деген тілегім бар. Ең бастысы, мақсат еткен Мәңгілік Ел жолында бірлігімізді сақтап, ұйыса білгеніміз жөн.

Қадыр ЖҮСІП,

Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button