«МӘҢГІЛІК ЕЛ ҰЛАНДАРЫ»
Шара облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Аталған басқарма басшысы Мейірім Қалауи жыл жеңімпаздарын марапаттады. «Зерде» бағыты «Жас зерттеуші» номинациясы бойынша Махамбет ауданы Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Дінмұхаммед Сапидолла үздік болды.
«Атамекен» бағыты «Жас патриот» номинациясына № 36 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Әділет Тілеш лайық деп танылды. «Руханият» бағытында «Жас дарын» жүлдесіне Құрманғазы ауданы Б.Бегалиев атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Шахназар Ғалымғали ие болды. Кішкентай ғалым «Ақ сұнқар» Халықаралық балалар мен жасөспірімдер фестивалі, «Русский медвежонок» республикалық марафоны, «Зерде» және «Математикалық фокустар құпиясы» республикалық ғылыми жобалар байқауларында бірінші, екінші орындарды жеңіп алған.
«Еңбек» бағытындағы «Жас қанат» аталымында Құлсары қаласы №20 мектептен түлеп ұшқалы отырған Рая Амангелдинаның бағы жанды.
Ал, «Салауат» бағыты бойынша «Жас толағай» аталымының жүлдесіне №34 лингвистикалық мектеп- гимназиясының 7-сынып оқушысы Назарбек Ануарбек қол жеткізді. Ол – Г.А.Гасановты еске алуға және Марат Мауменовтың құрметіне арналған еркін күрестен халықаралық турнирлердің І, ІІ орын жүлдегері. Қызылқоға ауданы, Сағыз селосындағы №9 орта мектептің 8-сынып оқушысы Ақнұр Сайфолла «Экоәлем» бағытындағы «Жас эколог» аталымының жүлдесіне ие болды.
Сол сияқты, «Жеті жарғы» бағытында «Бала би» сыйлығы Исатай ауданы, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің түлегі Ақерке Сиратоллинаға бұйырды. Жыл қорытындысы бойынша «Үздік мектеп» жүлдесін Исатай ауданы, Х.Наубетов атындағы мектеп жеңіп алса, Құрманғазы ауданы, Еңбекші орта мектебінің ұланбасы Назерке Сибағатова «Үздік ұланбасы» атанды. Жасұландық түлектерге «Ерекше белсенділігі үшін» дипломдары, ал, ұйым жұмысын аудан, қала деңгейінде үйлестіруші Махамбет, Исатай, Жылыой, Құрманғазы аудандары мен Атырау қаласының атқарушы хатшыларына Алғыс хаттар табыс етілді.
Сырттай ұйымдастырылған «Мен армандайтын мамандық», «Заң – біздің өмірімізде» бейнероликтер байқауы да өз жеңімпаздарын тапты. Сонымен бірге, облыс мектептерінен шараға қатынасқан 250 оқушы аталған ұйым қатарына ресми түрде қабылданды.
Амандық АБДОЛ.