ОТАНДЫҚ ӨНІМ ӨРІСІ: қашан қанат жаяды?

WhatsApp Image 2019 07 18 at 15.08.12 2 Жаңалықтар

Atr.kz/19 шілде, 2019 жыл. Сәрсенбіде мұнайлы өлкеге жұмыс сапарымен Премьер-Министр Асқар Мамин келді. Өңірдегі бірқатар өндіріс орындарын аралаған соң ірі мұнай жобаларындағы отандық қамтуға қатысты және машина жасауды дамыту жөнінде кеңес өткізді.

Алқалы жиында бұл бағытта атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы міндеттерді шешу жолдары талқыланды. Иә, отандық экономиканың қозғаушы күші саналатын мұнай-газ саласын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Әсіресе, саладағы жергілікті қамту, машина жасауды дамыту кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек. Үкімет басшысы мұнай-газ кешеніндегі еңбек қатынастары мен жұмысшылар жағдайын жақсарту, сатып алу үлесін ұлғайту жөнінде нақты шаралар ұйымдастыруды тапсырып, алдағы міндеттерді атап өтті.

– Жергілікті қамтуды дамытуға қатысты талап тиісті деңгейде орындалмай келеді. Тауарларды сатып алуда отандық қамту Теңіз кенішінде 5 пайыз, Қарашығанақта 12 пайыз, Солтүстік Каспий жобасында 27,3 пайыз ғана. Демек, тиісті шараларды қолға алу керек. Бұл жоба операторларына да қатысты,-деді Асқар Мамин.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, соңғы бес жылда мұнай-газ саласында жергілікті қамтудың үлесі айтарлықтай ұлғайды.

Еліміздегі Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ секілді үш ірі жобада қазақстандық үлескерлер қатарын көбейту мәселесін шешу үшін серіктестіктер мен консорциумдар құру қолға алынды.

Нәтижесінде 43 бірлескен кәсіпорын құрылып, табысты еңбек етіп жатыр. Атап айтсақ, сатып алу, құрылыс, логистика, теміржолда модульдарды жасау, өртке қарсы қызмет секілді жобалар жүзеге асырылды.

Сондай-ақ, Қарашығанақ пен Қашағанда ерте тендер өткізу дәстүрі, «Теңізшевройлда» ұзақ мерзімді шарттар тетігі пайда болды.

– Өткен жылы үш ірі оператор 245 млрд. теңге көлемінде тауар импорттаса, ал, жергілікті өнім 19 млрд. теңгеге немесе 7,3 пайыз көлемінде сатып алынды. Басқа жобаларда жергілікті қамту 38 пайызды құрады, – деген министрдің пікірінше, үш ірі жобадағы сатып алу көлемі мұнай-газ секторындағы үлестің 50 пайызын қамтиды.

Ал, машина құрастыру өнімдерін қоса алғанда қазақстандық тауарлар көрсеткішін дамытудың негізгі әлеуетінде мұнай-газ саласы ерекше рөл атқарады. Осы орайда, үш оператор және отандық тауар өндірушілердің қатысуымен жұмыс тобы құрылып, 58 млрд. теңгеге 20192025 жылдарға арналған шаралар жоспары жасақталды. Операторлардың талаптарына сай келетін тауар өндіруге қызығушылық танытқан 18 отандық кәсіпорын анықталды.

– Импортты ішінара алмастыру қорының бірі – бірегей тауар өндірушінің өнімін оқшаулау. Министрлік болжамына сәйкес, он жылда үш оператордың сатып алу көлемі 1,7 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бірегей өндірушілер өздері немесе жергілікті серіктестермен бірлескен кәсіпорындар құра алады. Қазір НКОК компаниясы өнімді оқшаулау бойынша 20 меморандум жасақтады.

Алдағы уақытта тағы да осындай 55 құжатқа қол қою жоспарланып отыр. Мұндай жұмыстар ТШО мен Қарашығанақта да жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы тағы бір маңызды қадам отандық өндірушілерді ірі операторлардың қажеттіліктерін өтеу үшін әкелінетін тауарлардың кедендік баж және қосымша құн салығынан босату болуы мүмкін, – дейді министр.

Ал, Теңіздегі «Келешек кеңею» жобасы өзіндік технологиялық қиындықтарымен, жоғары қауіпсіздік талаптарымен, ауқымды жұмыс көлемімен және салмақты еңбек көзімен ерекшеленетіні белгілі. Алып жоба алдағы уақытта Теңіздегі мұнай өндіру көлемін жылына бірнеше еселеп арттыруды қамтамасыз етеді. Жоба үшінші буын зауыты, жер қабатына шикі газды айдау, газтурбиналық электростанциялар, «Теңізшевройл» кешенін меншікті энергиямен қамтуға қажетті подстанциялар, сонымен қатар, сағалық қысыммен басқару үшін 125 жаңа ұңғыманы бұрғылауды қамтиды.

«Келешек кеңею» жобасын жүзеге асыру үшін 53 мың қызметкер жұмысқа тартылып отыр. Оның ішінде 48 мың жергілікті және 5 мың шетелдік маман бар. Жобада 23 мердігер, 25 қосалқы мердігер компания еңбек етеді.

– Білікті шетелдік мамандарға қажеттілік бар. Алайда, квотамен шектеу де жоқ емес. Мұндай жағдайда операторлар мердігер және қосалқы мердігер компаниялар қызметкерлерінің жалақысында өзгешелік сезілмес үшін талдау жасалынуы тиіс. Себебі, қазірдің өзінде қосалқы мердігерлердің еңбек жағдайының төмендігімен қатар, айлығында да айырмашылық деректері бар екендігі белгілі болып отыр,-деді Қ. Бозымбаев.

Министрдің баяндауынша, Қашағанда 3220 қызметкер еңбек етсе, оның 90 пайызы – қазақстандық мамандар. Ал, НКОК-тың мердігер компанияларында 6978 маманның 92 пайызы – қазақстандықтар. Қарашығанақта 3994 жұмыскердің 92 пайызы – жергілікті мамандар.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясында 14 422 жұмысшы болса, оның ішінде 88 пайызы – қазақстандық қызметкерлер. Ал, бірінші жартыжылдықта Теңіз кен орнында оның 4890 жұмысшы еңбек етсе, 88 пайызы – жергілікті кадр. Менеджер мен супервайзер арасындағы жергілікті мамандардың үлесі 78 пайызға жеткен.

Теңіздегі «Келешек кеңею» жобасында мердігерлерімен қоса алғанда 48 мыңнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл 91 пайызды құрап отыр.

Алып жоба басталғаннан бері оқыту, білімдерін жетілдіру арқылы 120-дан астам қызметкер қазақстандық кадрлармен алмастырылған. Демек, операторлардың арасында шетелдік мамандарды жергілікті кадрлармен алмастыру 10 пайызды құрайды. Министрдің айтуынша, бұл дүниежүзілік көрсеткіштермен салыстырғанда әлі де төмен.

«Мұнай-газ секторында жергілікті қамту үлесін арттыру, соның ішінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру – министрліктің бақылауында. Бұл бағытта барлық тапсырмалар орындалатын болады» деді ол.

Кеңес барысында белгілі болғандай, мұнай-газ саласындағы машина жасау тауарларын сатып алуға талдау жасалған. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Роман Склярдың айтуынша, бұл Энергетика министрлігі және Машина жасаушылар Одағымен бірлесіп жүзеге асырылған. Талдау еліміздегі машина жасау кәсіпорындарында тауарлардың бай қоры бар екендігін көрсетті. Бұл сала мұнай-газ секторында да қарқын алып келеді.

Еліміздегі машина жасау кәсіпорындары 80-нен астам тауар түрлерін өндіреді. Енді үш ірі оператордың сатып алуы шеңберінде тағы да 270 млн. АҚШ долларын құрайтын алты категориялы өнім шығармақ. «Осы талдау аясында министрлікпен бірлесіп жұмыс жоспарын жасақтадық», -деді Р. Скляр. Премьер-Министр Асқар Мамин отандық өнімдерді сатып алуды мейлінше кеңейту қажеттігін ескертті.

«Мұндай мүмкіндік пен нарықтың тиімділігін ескере отырып, халықаралық тендерлерге қатысу керек. Меніңше, оған ешқандай қиындық жоқ. Министрлік жұмысын ширатуы қажет» – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, кеңесте «Теңізшевройл» ЖШС, НКОК, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» және басқа да мұнай өндіру компанияларының жетекшілері атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.

Тобықтай түйін

Әрине, әлем елдері көз тіккен алып жобалар ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып келеді. Дегенмен, түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін барлық тиімді келіссөздер жүргізіліп, нақты шаралар жүзеге асуы керек. Ірі тапсырыс берушілердің сұранысын қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті болу үшін отадық өнім өндірушілер шикізатты өзге елден әкелуі тиіс. Яғни, тауар сапасы басқалардан кем түспеуі керек. Себебі, талап пен стандартқа сай өнім – нарықтың басты талабы.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз