Маңдай тердің жемісі
Бүгінде сексен жастың сеңгіріне шығып отырған Қайырлы Берғалиев есімі өңірге жақсы таныс. Бүкіл саналы ғұмырын аймақтың ауыл шаруашылығына арнаған адам осы саланың қарышты дамуына сүбелі үлес қосты.
Екеуіміз сонау 1959 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына қатар түстік. Ол белсенді еді, бірден назарға шалынды. Біз оқыған агрономия факультетінің старостасы, оқу орнының студенттік кеңесінің жетекшісі болды. Жалпы, ол жоғары оқу орнына өмір мектебінің түрлі сатысынан өтіп келді. Бұған дейін әскери борышын өтегені, Гурьев ауыл шаруашылығы техникумын бітіргені, азды-көпті еңбек еткені басқа-ларға қарағанда ересектігін көрсететін.
Гурьевтік жастар 1964 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, Алматыдан елге оралдық. Қатарымызда бізден басқа Көшен Телеубаев, Хамит Оразалин, Мақсым Кисымов, Құлынтай Ізбергенов, Күләш Бекқожиева, Сапар Мұстағалиев, Сәния Сидеғалиева, Әжіғали Тәжмағанбетов тәрізді сайдың тасындай қыз-жігіттер болды. Бүгінде солардың біразы арамызда жоқ. Тек бір жылда ғана облысқа 13 дипломды жастың келуі үлкен күш еді. Шаруашылықтар маманға зәру болатын.
Егін шаруашылығын дамытуда аймақтың шөлді-шөлейттігі, табиғи-климаттық жағдайдың қаталдығы, топырақтың құнарсыздығы тежеуші фактор болды. Сондықтан, егін шаруашылығы кенже қалған сала саналды. Суармалы егіншілікпен айналысатын Қиғаш пен Жайық өзендерінің жағалауындағы тұрғындар бұрынғы балықшылар еді. Олар күткендегідей өнім ала алмады.
Міне, осы кезде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жер-егін мәселелері бөлімінің басшысы болған байырғы агроном Смаилов Александр Ульянович Қайырлы басқаратын «Бірінші мамыр» кеңшарының «Редут» бөлімшесінде жаңадан енгізіліп, игеріле бастаған алты танапты мал азықтық ауыспалы егістіктің құрылымын мақұлдады.
Сөйтіп, «Бірінші мамыр» кеңшарының «Редут» бөлімшесінде 1966-1969 жылдары меңгеруші болып, бұрынғы балықшыларға енді егін егіп, көкөніс түрлерін, мал азықтық дақылдарды шығару агротехникасын үйретіп, арнайы курстар ұйымдастырды. Сол уақытта суармалы егіс көлемі 40 гектардан 900-ге жеткізілді, сүт өндірісін ұйымдастыруға 400 сауын сиыр алынды.
Қайырлы Берғалиев 1969 жылы Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы лауазымына шақырылды. Бұл Махамбет пен Новобогат аудандарының қосылып, іріленген кезі еді. Енді қос аймақтың проблемасын қатар шешу қажет болды. Әсіресе, қой шаруашылығы үшін мал азығын кемінде 60-70 пайызын екпе шөп есебінен алу міндеті қойылды. Міне, осы уақытта ауқымды да жауапты жұмыстарды іске асырған басшы өзін білімді маман, іскер ұйым-дастырушы ретінде танытты.
Кейін, яғни, 1975 жылы «Теңдік» кеңшарының директоры болып тағайындалды. Қайрекең алдымен, кеңшардың экономикасын көтеру үшін өндірісті дамытып, өнім көлемін арттыру керектігін жақсы түсінді. Жаңа озық технологияны енгізіп, оны механикаландыруға көңіл аударды. Егіске дайындық жұмысы бұрынғыдай күзде емес, енді жазда, тіпті бір жыл бұрын басталатын тәсілге көшті. Егіс алқаптарына су жүйесі салынып, топырақ қуатты трактормен өңделді. Егін егілгенше жердің үш рет жыртылуы іске асты. Бұл бетіндегі тұздылықтан, арамшөптерден арылуға септігін тигізді. Егін шаруашылығы тиімді салаға айнала бастады, халық тұрақтады.
Осындай ұйымдастырушылық еңбегінің нәтижесінде Қайырлы Бергәліұлы 1988-1991 жылдары Махамбет аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары – аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болды. Бұдан соң облыстық ауыл шаруашылығы өндірістік кешенінің төраға орынбасарлығына жоғарлатылды. Оған егін шаруашылығын дамытып, қала мен облыс жұртшылығын көкөніс-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету жүктелді. Бұл міндет те орындалды. Бұрын бізге 15 мың тонна өнім сырттан тасымалданса, енді оны өзімізде жинау жүзеге асырылды. Тіпті, Ресейге жылына 200 мың тоннаға дейін қарбыз бен 100 мың тоннаға дейін пияз жөнелтіліп тұрды.
Бүгінде Қайырлы Бергәліұлы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетінде ұстаздық етіп келеді. Қайрекең мұнда келген соң ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау туралы ұсыныс жасады. Мен ол кезде университеттің ғылым және халықаралық байланыстар жөнін-дегі проректоры едім. Ұсыныс қолдау тауып, тиісті минис-трліктен «Агрономия», «Агроэкология», «Агрохимия және топырақтану», «Өсімдіктерді қорғау», «Су ресурстары» мамандықтарына лицензия алынды.
Қайрекең әңгіме арасында өзінің ғылымға ерте келуге ұмтылып, аспирантураға жиналғанда, облыс басшылары «Теңдік» кеңшарына директорлыққа тағайындап жібергенін еске алады. Бірақ, ұзақ жылғы жұмысының нәрлі нәтижесі ардақты азаматтың абыройын асқақтатып, мерейін үстем етті. «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің XV съезі делегаты болып сайланды, Махамбет ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді. Жан жары Жәмила Калимқызы екеуінің Азамат, Ақжарқын, Гүлжан, Тұрар есімді ұл-қыздары және тоғыз немересі бар. Бір өкініштісі, Жәмила Калимқызы дүниеден өтіп кетті. Ол неміс және қазақ тілдерінің маманы. Білім беру саласында отыз жылдан астам ұстаздық еткен ба- йырғы педагог ретінде орден және медальдармен, грамоталармен марапатталған.
Қайрекең бүгінде осындай ұлағатты шаңырақтың отағасы, перзенттері де егемен еліміздің даму жолында аянбай еңбек етуде.
Бақтыбек ТАУБАЕВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор.