Жарнама
Жаңалықтар

Маңдай тердің жемісі оған шегірткелер «шабуылы» кесірін тигізбесін!..

Егін шаруашылығы өнімдерінің мол, әрі сапалы болуы оның өсімдік зиянкестерінен қаншалықты қорғалғандығына да байланысты. Өңірдің фитосанитарлық ахуалы облыстық әкімдікте аймақ басшысының орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды.

Сапалы  өнім  қорғауға байланысты

– Өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині саласындағы жұмыстар өте күрделі болғандықтан жіті қадағалауды талап етеді. Биылғы жылы 24,6 мың гектар алқапта өлкемізді жерсінген итальяндық прус және азиаттық шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жүргізілмек. Оған қоса, өсімдіктер карантиніне қатысты да біраз істер жасалуы керек, – деді Сәлімжан Жұмашұлы.

Мамандардың айтуынша, итальяндық прус құмды жерлерде мекендейді. Олардың облыс көлеміндегі тұрақты қонысы – Құрманғазы, Исатай (Нарын құмы) және Индер аудандарындағы мал жайылымдары. Сондай-ақ, Қызылқоғадағы Тайсойған, Жылыойдағы Майкөмген де осы зиянкестің өсіп-өнуіне қолайлы аймаққа айналды. Ал, азиаттық шегірткенің мекені болып саналатын аумақ – Атырау қаласының маңайы мен Құрманғазы, Исатай аудандары. Жайық, Ойыл, Жем өзендері бойындағы шабындық алқаптарынан да оны жиі кез-дестіреміз.

 Мәжілісте сөз сөйлеген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Абат Жанғалиев өткен жылы облыс аумағында үйірлі шегірткелерге қарсы 75,6 мың гектар жерде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Жоғарыда айтылғандай, биыл бұл жұмыстар 24,6 мың гектар алқапты қамтитын болады. Демек, облыс көлеміндегі шегіртке ошақтары 51 мың гектарға азайған.

– Бір ескеретін жайт, химиялық өңдеу арқылы үйірлі шегірткелерді түпкілікті құртып жіберу мүмкін емес. Бұл шаралар тек олардың санын экономикалық зиян келтіру шегіне дейін азайта алады. Сондай-ақ, пестицидтердің (улы химикат) босаған ыдыстарының саны көбейіп отыр. Енді осы ыдыстарды жойып, залалсыздандыруымыз керек, – деді А.Жанғалиев.

 Егін шаруашылығына айтарлықтай кесел келтіріп отырған зиянкестердің ошағын зерттеу жұмыстары облыстың құмды, шағылды мал жайылымдары мен Каспий теңізі жағалауындағы қамысты алқаптарда жүргізіледі.

Жиын соңында Сәлімжан Нақпаев сала мамандарына өз жұмыстарында бақылауды арттыруды, қала және аудан әкімдеріне өсімдіктер карантиніне жатқызылған өнімдерге тексеру жүргізу мақсатында рейдтік шараларды ұйымдастыруды тапсырды.

Химикат  шашумен мәселе  шешілмейді

Шегірткеге қарсы күресте тонналап химикаттар шашу – қоршаған ортаның ластануына әсер етеді және экономикалық тұрғыдан үлкен шығын. Сондықтан, биологиялық препараттармен күресу керек. Бұл тәсілді Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институты ғалымдары ұсынып отыр.

Белгілі болғандай, соңғы жылдары институт ғалымдары ойлап тапқан биологиялық препарат зертхана жағдайында үлкен нәтиже берген. Енді осы препаратты өндірісте сынақтан өткізіп, егжей-тегжейлі сараптама жасамақ. Биологиялық әдіс – зиянкестерді ауру қоздырғыштарымен зақымдау және олардың табиғи жаулары арқылы құрту. Соңғы жылдары Қытайда шегірткелер таралған аймақтарға үй құстарын асырап, жаю қолға алынып жүр екен. Бұл әдіске мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жақсы нәтиже беріпті. Ал, Атырау облысы жағдайында бұл әдіс тиімсіз.

– Жасыратыны жоқ, шегірткені улау жұмыстары жерге залалын тигізеді. Улан-ған аймақта шегірткелер өлгенімен, сол жердің құнарсыздығы артып, өсімдіктерге зиян келеді. Алайда, Атырауда шегірткелер таралған аймақтарға үй құстарын асырап, жаю арқылы күресу әдісі мүмкін емес. Өйткені, облыста кездесетін үйірлі шегірткелердің бірі – итальяндық прус Нарын, Тайсойған құмдары, ал екінші түрі – азиат шегірткесі Каспий теңізі жағалауындағы қамысты аймақтарда таралған. Осындай көлік қатынасының өзі қиындық туғызатын аумақтарда үй құстарын өсіріп, оларды шегірткелер таралған жерлерге жаюдың еш мүмкіндігі жоқ, – дейді «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Атырау облыстық филиалының басшысы Хамидолла Дәулетқалиев.

Оның айтуынша, биыл Атырау облысында итальяндық прусқа қарсы 16670 га, азиат шегірткесіне қарсы 7930 га химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.

– Дегенмен, 400-500 шақырым қашықтыққа ұша алатын қанатты жәндіктің қайдан келерін алдын ала білу мүмкін емес. Сондықтан, көршілес Ресей мамандарымен бірлесіп, жағдайды бақылауда ұстау екі мемлекет үшін де маңызды. Бүгінде бұл жұмыс қатаң қадағалауда, — деді бізбен әңгімесінде Х.Дәулетқалиев.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ,

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button