«САПАЛЫ БІЛІМ – БАРЛЫҒЫ ҮШІН!»

Инклюзивті  білімге  арналған  вебинар  өтті

Мемлекетіміздің әрбір азаматы – ұлттық құндылық, әрбір баласы еліміздің ертеңі екенін ескерсек, әрбір мүмкіндігі шектеулі оқушының сапалы білім алып, азамат болып қалыптасуына жағдай жасау міндетіміз болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі бір оқушының болса да білім сапасының жоғарылауы  ұлтымыздың саналы келешегіне қазіргі уақыттан бастап жинақталынып жатқан қор деп түсінуіміз қажет.

 Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы  №1118 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән берілген.

«Бәріне бірдей мүмкіндік» принципін ұстанатын инклюзивтік білім берудің енгізіле бастағанына көп бола қойған жоқ. Бұл термин көбіне «Сапалы білім – барлығы үшін» түсінігімен бірге қолданылады. Яғни, жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндігі шектеулі бала мен басқа да әлеуметтік қорғалатын топтарға жататын оқушыларға өзгелермен теңдей білім беру, соған жағдай жасау.

Инклюзивті оқыту  барлық балаларға тең мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқушылардың тең құқығын анықтап, ұжымға белсене араласуға жағдай туғызады. Адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытады. Білім берудің бұл тәсілі балалардың оқу үрдісіндегі  қажеттіліктерін қанағаттандырып, оқыту мен сабақ берудің жаңа бағытын өңдеуге талпынады. Егер инклюзивті оқытудың оқыту мен сабақ беруге енгізілген өзгерістері тиімді болса, онда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жағдайын да өзгертеді.

Жуырда  осы мәселе төңірегінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Психология, педагогика және өнер» факультеті, «Педагогика және психология», «Мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің психологиясы мен педагогикасы» кафедраларының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған  «Инклюзивті білім беру: теориядан – тәжірибеге» атты вебинар (Вебинар – семинардың онлайн түрі. Онлайн конференция) өткізілді. Оған Атырау қалалық білім бөлімінің басшылары, «Психология, педагогика және өнер» факультеті, «Педагогика және психология», «Мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің психологиясы мен педагогикасы» кафедраларының профессор-оқытушы құрамы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты қызметкерлері, Атырау қалалық жалпы білім беретін мектеп директорлары, Атырау қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық Кеңес меңгерушілері қатысты.

Вебинар кезінде Алматы қалалық инклюзивтік білім беру бойынша эксперименттік алаңдағы №116, №49 жалпы білім беретін мектептермен онлайн режимінде тікелей байланыс  жүзеге асырылды. Олар осы салада жасалынып жатқан мәселелер төңірегінде ой қозғап, өз мектептерінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты және вебинарға қатысушы мұғалімдер мен мектеп психологтарын толғандырып жүрген сұрақтарына жауап берді.

Вебинар барысында нұрлы болашақ жолындағы инклюзивті білім беру: теориядан – тәжірибеге, инклюзивті білім беруді жүзеге асырудағы өзекті мәселелер және оларды шешудің тиімді жолдары, инклюзивті білім – баршаны теңестірген нұрлы білім, инклюзивті білім берудің шетелдік және отандық тәжірибелері секілді мәселелер талқыланды.

Инклюзивті білім берудің халықаралық және қазақстандық тәжірибесі қоғам, отбасы, мемлекет ерте ме, кеш пе, барлық балалар сапалы білім алу үшін бірдей жағдай жасауға міндеттенетінін көрсетіп берді. Бүгін инклюзивті білім беру әдісі енгізілген жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі дайындық жүйесінің педагогтары өз тәжірибелерімен бөліседі. Мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға білім беру ортасына қарай бейімдеу 2002 жылдан басталды. Сол жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғаш рет  «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медико-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы заңды қабылдады. Осы заң аясында мүмкіндігі шектеулі  балаларға ерте бастан білім беру мәселесіне мән берілген. Оларды білім беру, әлеуметтік, медициналық тұрғыда қамтамасыз ету қарастырылған. Ең бастысы, аталмыш заңда инклюзивті білім берудің негізгі принциптері айқындалды.

Алдағы уақытта да инклюзивті білім мен тәрбие беру қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі ретінде зерттеліп, практикалық тұрғыдан өз нәтижесін беруге тиісті.

Гүлшат Шұғаева,

педагогика және психология кафедрасының

меңгерушісі,

Ақтолқын Қожырақова,

педагогика және психология кафедрасының оқытушысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз