Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Мәжіліс депутаты ота жасады

ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты Атырауға іссапармен келді. Олардың арасында ҚР-ның үздік акушер-гинекологы Зәуреш Аманжолова да бар. Зәуреш Жұмағалиқызы жұмыс сапары барысында облыстық перинатальдық орталықта болып, мекеменің жаңаша мүмкіндіктерімен танысты. Аталмыш орталықтың бас дәрігері Ұлжан Хасанова екеуі сол күнгі жасалған бірқатар ем-дом мен күрделі оталардың куәсі болды.

????????????????????????????????????

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Алтын  скальпель» белгісінің иегері Зәуреш Аманжолова облыстық перинатальды орталықта жас аналарға ота жасады. Ресми киімін уақытша ақ халатқа алмастырған жоғары санатты дәрігер атыраулық нәрестенің өмірге келуіне себепкер болды.

Аталмыш орталықта екі сағаттың ішінде он екі сәби дүниеге келді. Отадан соң халық қалаулысы орталықты аралап, жас аналар мен шараналардың жағдайымен танысты.

Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаттары Кәрібай Мұсырман, Зәуреш Аманжолова, Бейбіт Мамраев бұл күні облыстық ауруханаға да ат басын бұрып, ақ халаттылардың өздерімен пікірлесті. Олардың талап-тілектері мен өтініштеріне құлақ асты.

Емдеу-сауықтыру мекемелері көптеген заманауи қондырғылармен толықты. Әсіресе, кардиология, трансплантацияда жетістіктер көп.  Заманауи қондырғылардың құлағында еркін ойнайтын мамандардың да еңбектері елеуге  тұрарлық. Дегенмен, дәрігерлердің тәжірибесіздігінен орын алып жатқан қайғылы жағдайлар да бар екенін жасырмауымыз керек. Өкінішке қарай, осы орайда депутат Зәуреш Аманжолова өткен жылдармен салыстырғанда, мұнайлы өңірде ана мен бала өлімі көрсеткіші өсіп отырғанына тоқталды. Қуаныштысы, аймақтағы демографиялық жағдай жақсарған.

Медицина саласына қатысты тұрғындардың сауалы қай кезде де көп. Кездесуде соның бірсыпырасы қаралды. Дәрігерлердің орташа айлығы жолға қойылмай тұрған оңалту орталығы мен созылмалы аурумен ауыратын науқастарға арналған орталықтардың кемшіндігі де сөз болды.

Ауру адам стационар кезеңінен өткеннен кейін оңалту орталығына жету үшін төрт ай күтіп отырады. Бұл аралықта науқас тағы ауру жамайды, мүгедек болып қалуы да мүмкін. Аурухана, емхана, үзіліссіз реабилитациялық орталық ретімен жалғасса ғана емнің шипасы да білінеді.

Мәселен, Балтық елінде керісінше, оңалтуға жақсы көңіл бөлінеді екен. Ол жақта мүгедек адамды жарылқап отырғанша, науқасты мүгедектікке жеткізбеуге жұмыс атқарады. Мұның өзі мемлекетке жеті есе пайда әкеліп отыр. Дәрігерлердің жолдаған бұл ұсыныс-тілегінің алдағы уақытта оңтайлы шешілуіне жұмыстанатындарын айтты.

Осы орайда депутаттар медициналық колледждің және еріктілерді қосымша жұмысқа тартып, оңалту бағытында жұмыстар жүзеге асса оң нәтиже беретініне тоқталды.

Аудандарды есептемегенде, облыс орталығының өзінде созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастарға арналған емдеу орындары қажет. Шалғайдағы ауылдардан, ауданнан келіп тұрғындар ем алуға мәжбүр. Демек, өңірімізге осы бағытта орталықтар ашу керектігін жиында аурухананың бөлім меңгерушісі Бауыржан Рахметов мәселе етіп көтерді.

Ал, депутат Кәрібай Мұсырман ақ халаттылардың әлеуметтік жағдайына алаңдаушылық білдіріп, олардың орташа жалақыларын есепке алды. Айтуларынша, жаңадан жұмысқа тұрған медициналық қызметкердің жалақысы 36 мың теңгеден басталады. Еңбек өтілі 10 немесе 30 жылдан асқан дәрігерлердің орташа табысы – 120 мың теңге. Ал, он жыл еңбек еткен орта буын медицина қызметкері 80 мың теңге алады.

Нұргүл Ысмағұлова

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button