Жарнама
ЖаңалықтарСаясат

Мұнайлы өңірдің өнер керуені еліміздің бас қаласына жетті

Ертеңнен бастап Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты – Атырау облысының Астана қаласындағы күндері басталады. Осыған орай, бүгін Астана қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев баспасөз конференциясын өткізді.

6d5a6993

Өз сөзінде облыс басшысының орынбасары, алдымен, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жедел қаркынмен өсіп келе жатқан аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұдан соң Елордадағы Атырау облысы күндеріне мұнайлы өлке қандай дайындықпен келгенін баяндады.

— Ертең сағаттан 10.00-ден бастап екі күн бойы «Хан шатыр» ойын-сауық алаңында Астана жұртшылығына Атырау облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, облыстың өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасы өтеді. Шараға Жылыой, Махамбет, Мақат аударының шығармашылық ұжымдары, жеке орындаушылар қатысады. Сонымен бірге, «Мерует», «Жұлдыз» үлгілі би топтары өз бағдарламасын көрерменге ұсынады, — деді Әлібек Ибатоллаұлы.

Айта кетсек, бас қалада өтетін шараларға қатысу үшін Атыраудан барлығы 260-қа жуық өнер иелері, 10 шығармашылық топ келді. Оның ішінде, «Нарын» және Дина Нұрпейісова атындағы оркестрлері, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармониясының ұжымдары, Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры, сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы бар.

Кешкісін сағат 16.00-де «Бейбітшілік және келісім» сарайы фойесінде  Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының 265 құнды жәдігері мен жеті планшетінен құралған «Ғасырлардан сыр шерткен — Атырау» атты көрмесі ұйымдастырылады.  Аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, аталған көрмеге орта ғасырлық Сарайшық қалашығынан табылған археологиялық бұйымдар, тарихи тұлғалар Сұлтан Бейбарыс, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Құрманғазы Сағырбаев, Дина Нұрпейісовалардың архивтік  құжаттары мен жеке заттай жәдігерлері, Жәңгір ханның жұбайы Фатима ханымның камзолының көшірмесі, этнографиялық тұрмыстық бұйымдар, қолөнер шеберлерінің туындылары, ағаш ыдыстар, зергерлік әшекей бұйымдары, қолөнер шебері Н.Қалиевтың бұйымдары  астаналықтардың назарына ұсынылмақ.

Ал, кешкі сағат 19.00-де «Бейбітшілік және келісім» сарайында  атыраулық өнерпаздар гала-концертке шақырады. Шара біріктірілген «Нарын» мен Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрлерінің  орындауындағы Айтқали Жайымовтың «Тойбастар» күйінен бастау алады. Ертең сағат 19.00-де Астана қаласының Жастар театрында облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрының әртістерімен сомдалатан Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» атты қойылымын көруге болады.

Баспасөз конференцияға қатысқан Атырау облыстық ауылшаруашылық басқармасмасының басшысы Сырым Рысқалиев жәрмеңкеге аймақтағы 36 тауар өндіруші 90-ға тарта жергілікті өнімін ұсынатынын және Атыраудан 14 жүк көлігі келгенін жеткізді.

6d5a6998

Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.

— Атырау облысында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр?

— Облыста мектепке дейінгі тәрбие беретін 303 мекеме жұмыс жасайды. Оның 15-і балабақша болса, қалған 138 мекеме – шағын орталықтар. Өткен жылы облыс орталығы мен Жылыой ауданында екі 280 орындық балабақша пайдалануға берілсе, биыл тоғыз балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі күні аймақта 19312 бала балабақшаға кезекте тұр. Айта кететін жайт, бұл мәселеге мемлекет тарапынан қаражат бөлу ғана емес, жекеменшік балабақшалар санын көбейтуге жұмыстанудамыз. Қазіргі таңда олардың саны – 11.

— Жастарды пәтермен қамту, оларға орта және жоғары білім алуға жәрдемдесу бағытына қандай жұмыстар атқарылуда?

— Өткен оқу жылында облыс бойынша 4615 түлек мектеп бітірді. Олардың ішінде алпыс пайызы жоғары оқу орындарына, 27 пайызы колледждерге оқуға түскен. Бұл бағытта біз облысқа қажетті мамандықтар бойынша арнайы курстар ұйымдастырып отырмыз.

— Облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы туралы айтып өтсеңіз.

— Күні бүгінде өңірде 588 үкіметтік емес ұйым бар, оның ішінде, жүзге жуығы белсенді жұмыс жасап отыр. Сегіз басқарма бойынша мемлекеттік және облыстық бюджеттерден 144 жобаға 328 миллион теңгедей қаржы бөлінді.

— Атырау облысының Астана қаласындағы күндері аясындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 36 тонна балық өнімі шығарылмақшы. Бұл өнімдер бағасы базардағы құнмен салыстырғанда арзан  бола ма?

— Бұл бағытта біз республика бойынша мониторинг жүргіздік. Жәрмеңкеде балық өнімдері базардағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылады.

— Денсаулық сақтау саласы бойынша қандай мәселелер толғандырады?

— Ең басты мәселе – кадр тапшылығы. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, 144 маман жетіспеген еді. Осыған орай, 90 адамды жұмысқа орналастардық. Оның ішінде, 78 маман жоғары оқу орындарын тәмамадаған. Келесі жылы бұл мәселені шешеміз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Атырау – Астана – Атырау.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button