Мұнайлы өңірдегі еңбек қатынастары тұрақты бақылауда ма?

Жаңалықтар

Бүгінде мұнайлы мекендегі өндіріс орындарында орын алатын жазатайым оқиғалар қатары азаймай тұр. Жыл басталғалы кәсіпорындарда 31 жағдай тіркеліп, жеті адам қызмет орнында көз жұмған. Осылайша, республика бойынша өңіріміз екінші орынға шығып, көш бастады. Бұған не себеп? Мәселенің алдын алу жұмыстары неге жүргізілмейді? Осыған жауапты мамандар қайда қарап отыр?

maxresdefault

Бұл сұрақтарды облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бағытында өткен комиссия отырысында көтерді. Мемлекеттік еңбек иснпекциясы облыстық басқарма басшысының орынбасары Батырбек Имашев оқыс оқиғалардың көбеюін құрылыс нысандарының көптеп салынуымен түсіндіреді.

– Құрылыс саласында алты адам биіктен құлап, ауыр дәрежедегі дене жарақатын алса, біреуі қаза болды. Бұрын-соңды мұндай деректер өте сирек кездесетін-ді. Кінәраттың 80 пайызы жұмыс берушінің тарапынан болып отыр. Яғни, жұмыс талапқа сай ұйымдастырылмаған. Қатты жел мен дауылды күндері биікке шығып, жұмысқа кіріскендердің ешқайсысы қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталып отыр. Енді құрылыс мекемелерімен арнайы жұмыстар жүргізетін боламыз, – деді ол.

17 мекемеден 375 адам қысқарған

Комиссия отырысында көтерілген келесі мәселе – халықты жұмыспен қамту жайы. Жыл басынан облыс орталығында жаңадан 11 492 жұмыс орны ашылған. Әйтсе де, азаматтарды жұмыстан қысқарту көрсеткіші бойынша Атырау төрт өңірдің қатарында тұр. Оған жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы келісімшарттың қысқа мерзімге жасалуы себеп болып отыр. Бұл орайда, Әлібек Ибатоллаұлы өз пікірін білдірді.

– Жұмысқа қабылдау кезінде келісімшарт мәңгілік жасалмайды. Ол белгілі бір мерзімге лайықталады. «Мен өзімді жұмысқа алған мекемеде зейнет жасына жеткенше еңбек етуім тиіс» деген қасаң қағида қазір орынсыз. Демек, қоғам ескі түсініктен арылуы қажет. Осыны қалың бұқараға түсіндірген жөн. Бүгінгі еңбек нарығында қозғалмалы жұмыс кестесі қалыптасқан. Олай болса, әр қызметкер жұмыс жасай жүріп, басқа жұмысқа ауысуға да психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Себебі, ол ағымдағы жұмыс орнына бүгін қажет болғанымен, ертең керек болмай қалуы әбден мүмкін. Қоғам құбылып отырады, бір орында тұрмайды. Сондықтан қай азамат болмасын, екінші мамандықты қатар алып, қосымша жұмыс орнын қарастырып жүруге дағдылануы тиіс, – дейді ол.

Осыдан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиева осы бағыттағы кейбір көрсеткіштерге тоқталып өтті. Айтуынша, аймақта «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасымен 8311 адамды қамту жоспарланып, 2,156 млрд. теңге бөлініпті. Биыл аталмыш бағдарламамен 18073 адам қамтылып, жоспарланған қаражат толығымен игерілген. Ал, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде 1677 адам тұрақты жұмыс тапқан.

Жалақы неге төленбейді?

Тағы бір мәселе, бұл – адал еңбектің жалақысының төленбеуі. Бүгінде облыста үш ұйым бойынша өтелмеген жалақыдан берешектер 11,7 миллион теңгені құрап отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 47,5 пайызға артық. Ендеше, ол қандай мекемелер? «Модерн Электро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 66 қызметкер алдында 6,5 млн. теңге еңбекақы қарыз. Қазір оны сот арқылы өндіру шарасы алынып жатыр.

Сондай-ақ, мемлекеттік еңбек иснпекциясының облыстық басқармасына «Яманлар Иншаат Ималат Монтаж Санайи ве Тиджарет А.Ш.» компаниясының филиалына қатысты азамат М.Гюрбюзден және ұжымдық арыз түсіп, жоспардан тыс тексеріс жүргізіліпті. Нәтижесінде, 25 жұмыскерге 2,9 млн. теңге берешек бары анықталып, 317 660 теңге көлемінде екі әкімшілік айыппұл салынды. Алайда, қойылған талаптың орындалмауына байланысты, іс құжаттары Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Аталған ұйым жұмысының тоқтауына және банктік есепшотының жабылуына орай, сот қаулысымен әкімшілік іс әзірге тоқтатылған.

Тап осындай жағдай «Атакент-Жылыой» серіктестігінде де орын алған. Азамат И.Қайыржановтан және ұжымдық арыз түсіп, 363 040 теңге айыппұл салынды. Бұл жолы да талап орындалмағандықтан, іс сотқа жолданған.

Орынбасаровтар озып тұр

Сонымен қатар, облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай соңғы екі жылда облыстағы 7794 кәсіпорынның 2296-сында ұжымдық келісімшарт жасақталғанын жеткізді. Ал, «Парыз-2017» байқауына қатысуға бүгінде 11 ұйым қатысуға ниет білдірген. Оның үшеуі «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», үшеуі «Үздік ұжымдық шарт», үшеуі «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» және екеуі «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациялары бойынша бақ сынамақ.

Соңында республикалық «Еңбек жолы» байқауына өңірден қатысуға ниетті 18 үміткердің ішінен топ жарып шыққандар марапатталды. Атап айтар болсақ, Алтай Сүйіндік «Жас маман», Әлия Мұсағалиева «Үздік тәлімгер» және Орынбасаровтар әулеті «Еңбек әулеті» аталымдары бойынша үздік деп танылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз