Атырау мұнай өңдеу зауытында АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

949a9854 Экономика

Қыркүйектің 2-сі күні  «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-де жұмыс сапарымен болып, жиналыс  өткізді.

            Алдымен Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту кезеңінің қорытындылары, биылғы жылдың өткен сегіз айында қол жеткен өндірістік көрсеткіштері туралы кәсіпорынның бас директоры Мұрат Досмұратов баяндады. Биыл АМӨЗ-да жоспар бойынша 5 млн тоннадан астам мұнай өнделеді. Айта кетейік мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенін іске қосудың нәтижесінде зауыттың жылдық отын өндіру қуаты 5 млн тоннадан 5,5 млн тоннаға артып, К4/5 (евро5) стандартына көтерілген болатын.

            Есепті мерзім ішінде зауыттың негізгі өндірістік көрсеткіштері толық орындалды. Еңбекке ақы төлеуде, өндіріс қауіпсіздігін сақтау мен еңбек қорғауда, әлеуметтік бағдарламалардың орындалуында заң талаптары сақталды. Осындай деректерімен бөліскен бас директор соңғы кездері елімізде жанармай тапшылығымен байланысты туындаған жағдайларға қатысты іркілістер төңірегінде де түсінік берді.

            Баяндалған жайларды назарға алған ұлттық компанияның басшысы Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытында алдағы уақытта орындалуға тиісті тапсырмалар  берді. Біріншіден, зауыттың қалыпты және апатсыз жұмысын қамтамасыз етуді; екіншіден, жұмысшы-қызметкерлердің алаңсыз еңбек етуіне және денсаулықтарын түзеуіне қажетті жағдайлар туғызуды; қазіргі жанар-жағармай нарығындағы күрделі ахуалды ескеріп, биылға жоспарланған ағымдағы жөндеу жұмыстарын кейінге шегеруді; мұнай өнімдерін тасымалдауда туындаған қиындықтарды дереу шешуді тапсырды.

            Сонымен бірге, кеңес отырысында жол-құрылыс жұмыстарына қажетті битум тапшылығын жою жөнінде қолға алынып жатқан іс-шаралар барысына назар аударылды. Бұл жөнінде «Caspi Bitum» ЖШС басшылығы есеп берді. . Жиын барысында битум тапшылығын түпкілікті жою үшін кәсіпорынның жылдық қуатын 750 мың тоннаға немесе 1,5 есеге ұлғайту, сөйтіп, кез-келген климаттық жағдайда ұзақ уақыт бойы сақталатын және пайдаланылатын «Биг-бег» деп аталатын, ірі өндірістік қапшықтарға өлшеп салынған түрлерін көптеп шығару қажеттілігі алға тартылды.

Дәулетқали АРУЕВ

949a9813



Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз