МҰНАЙЛЫ МЕКЕННІҢ МЕЖЕСІ БИІК

Жаңалықтар

 Жиында аудан әкімі Ерболат Омаров тұрғындар алдында 2013 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жайын баяндап, Елбасы Жолдауынан туындаған 2014 жылға міндеттелген негізгі мәселелерге тоқталды.

Аудан әкімінің есебінен соң алдымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов сөз алды. Ол ауданда жүзеге асқан нәтижелі жұмыстарға қанағаттанарлық деген баға беруді ұсынды. Сондай-ақ, Мақат-Доссор аралығындағы 16 шақырым жолдың жөндеу жұмыстары мен Бәйгетөбе, ПМС елді мекендерінің 18 шақырым автокөлік жолына күрделі жөндеу қажеттілігін өтініш етті.

«Локомотив» АҚ филиалы Мақат  локомотив пайдалану депосы директорының орынбасары  Тарғын Аралбеков темір жол саласындағы жеткен жетістіктерге тоқталды.

Аудан әкімінің есебін тыңдауға жиналған көпшілікке ашық микрофон ұсынылып, өзара пікір мен ұсыныстарын  білдіруге  мүмкіндік берілді.

Бұл ретте аудан ардагерлері белсенділік танытты. Доссорлық ардагер Елемес Үмбетаев ауыз су жүйесін жаңарту жұмысының аяқталуына бақылау және ауыз су тарифінің өсіп кеткендігіне реніш білдірді. Ал, бәйгетөбелік ардагер Диас Маженов  ауылға автокөлік қатынасын жақсарту мақсатында жол мәселесіне баса мән беру қажеттігін атап өтті. Камалова Қалима есімді еңбек ардагері Жаңақұрылыс бөлімшесінде жарықтандыру жұмысы ұмыт қалғандығын айтып, көше және жаяу жүргіншілер жолдарын салуды сұрады. «Қазпошта» АҚ Мақат аудандық бөлімшесінің басшысы Жандос Бисенов қоғамдағы белең алған сыбайлас жемқорлықпен күресте көзжұмбайлықтың орын алып бара жатқанын, әсіресе, әкімдерді мәслихат депутаттары емес, халық сайлауы қажеттігін алға тартты.

Актив жиналыстарына облыстық мәслихат хатшысы С.Лұқпанов, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар мен департаменттер  басшылары қатысты.

Дайындаған Гүлзада Саликова, Мақат ауданы. Cуреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған