Ерлан Қошанов: Бір жылда 5 бірдей тағдыршешті саяси науқан өткіздік

cdd3d49c a6d4 4bc4 89c6 71f30f49cd3a 870x400 1 Жаңалықтар

Парламент Мәжілісі мен «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партия атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында елдегі саяси реформалардың жалғасатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде үш жарым мыңға жуық мәслихат депутаты болса, соның екі жарым мыңы, яғни 75 проценті бүгін осы залда отыр. Сондықтан, мұндай басқосулар билік тармақтарының өзара байланысын нығайтып, ортақ конструктивті шешімдер қабылдауға жол ашады деп сенемін. Бүгінгі форумның басты мақсаты – мемлекет пен қоғам алдында тұрған, халықты толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелерді бірлесіп, ашық талқылау, олардың шешу жолдарын іздеу. Бұл – уақыт талабы», – деді партия төрағасы.

Сондай-ақ Е.Қошанов әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуалға тоқталды.

«Осындай аумалы-төкпелі кезеңде ел Президенті бұрын-соңды болмаған түбегейлі институционалды өзгерістерді қолға алды. Бұл, бір жағынан орасан тәуекел болса, екінші жағынан мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамды сауықтырудың, жаңару мен жаңғырудың жалғыз әрі төте жолы. Халқымыз бұл өзгерістерге терең түсіністік танытып, қызу қолдап отыр. Ең бастысы, Мемлекет басшысының реформалары іс жүзінде нәтижесін беріп те жатыр. Барлық салада ілгерлеу бар. Өткен бір жылдың ішінде бес бірдей тағдыршешті саяси науқан өткіздік. Елдегі саяси өзгерістер бүгінгі реформалардың темірқазығына, болашақтағы ел дамуының кепіліне айналды. Біз осы жолдан айнымаймыз», – деді Ерлан Қошанов.

Осы уақытта Астанада «Amanat» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алғашқы республикалық форумы өтіп жатыр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз