«Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» жарық көрді (+ФОТО)
Аtr.kz/22 сәуір, 2019 жыл. 18 сәуір – Халықаралық тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғау күні. Осынау аталмыш күнге орай, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және «Ұлы даланың-жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында «Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Еліміздің өткенінен сыр шертетін, кешегісі мен бүгінін саралайтын ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау және зерттеу мәселелерін сөз қылған жиынға облыстық мәдениет және өнер мекемелерінің басшылары мен өкілдері, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау саласы мамандары, ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Басқосу алдында қатысушылар 2014-2018 жылдар аралығында аймағымыздағы жүргізілген археологиялық және тексеру-бақылау экспедициялары кезінде түсірілген хронологиялық суреттер көрмесін тамашалап, одан соң негізгі отырыста Атырау облысы тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі инспекциясы басшысы Мұхамбетқали Кипиев сөз алып, өңіріміздегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен қасиетті орындарды қорғау, зерттеу және оны жұртшылыққа насихаттау бағытында бес жыл ішінде атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы кезеңде жасалатын бірқатар игі-шараларды атап өтті.
Мекеме басшысының айтуынша, бүгінгі күні облысымыздағы тарихи мұраларымыздың 4-уі республикалық, 313-і жергілікті қорғалу тізімінде тұрса, олардан бөлек тағы 775 нысан алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Соңғы тізімдегі ескерткіштердің саны 2014 жылы бар болғаны 288 ғана болса, соңғы бес жылда тағы 500-ге жуық жаңа ескерткішпен толыққан.
Сондай-ақ, жиында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының басшысы Әбілсейіт Мұхтар, Атырау облысы мемлекеттік архивінің басшысы Серік Қуаныш, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих, археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сайфолла Сапанов, университетің оқытушы-тарихшылары Шахман Нағимов, Лесбай Бердіғожин, өлкетанушылар Қойшығұл Жылқышиев, Вячеслав Афанасьев, Өтепберген Әлімгереев, Әміржан Аманғалиев, Төлеген Жаңабай, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Орынтай Биманова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Айдос Каримовтар әңгімеге арқау болған мәселелер турасында өздерінің ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін айтты.
Сонымен қатар, осы шара аясында 2018 жылы жарық көрген «Атырау қазақтарының эпиграфикалық ескерткіштері» атты сериялық кітап-альбомының ІІ томының таныстырылымы өткізілді. Кезекті жинаққа бұл жолы Атан, Жаналы, Кетебай, Көпмола, Қабдуәлі, Қарабала-Қантемір, Қосай, Мыңбай, Сағатай, Сұлтанәлі, Тайлан, Шелекмола, Шошақмола қорымдарындағы ескерткіштер туралы мәліметтер енген. Кітапта ескерткіштердің тасқа қашалған араб, латын жазуымен берілген мәтіндері мен фотосуреттері, сонымен қоса олардың қазақша және орысша аудармалары берілген.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ