Мәдениеті жоғары елдің рухы да биік
Рашида ХАРИПОВА,
облыстық тарихи-өлкетану
мұражайының директоры:
— Мәдениетіміз қайта түлеп, өткен ғасырлардан қазына болып қатталып, тарих ретінде тасада қалған барлық мұраларымыз Елбасының бастамасымен шетінен аршыла бастады. Мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың жаңа тәсілдері ойластырылып, әлемге мойындалып үлгерген қазақстандық мәдениеттің ең басты құндылығы – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Алтын Орданың басты қалаларының бірі, ортағасырлық – Сарайшық, итальяндық саяхатшылардың картасына ертеден енген Ақтөбе-Лаэти, Таскешу керуен сарайлары зерттелу үстінде.
Сонымен қатар, Елбасы мақаласындағы ел үшін еңбек еткен тарихи тұлғаларымыздың есімдерін жаңғырту, кейінгі ұрпақ жадында мәңгі қалдыру идеясы біздің өңірде дәстүрлі түрде атқарылып келеді. Фариза мен Жұмекен ақындарымызға қойылған ескерткіштер тарихтан сыр шертсе, осы игі бастама биыл да өз жалғасын тауып, қаламыздың көрнекті орындарында Қаршыға Ахмедьяровқа, Хамит Ерғалиевке ескерткіштер орнату, арнаулы және жоғары оқу орындарында аудиториялардың ашылуы келешек ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.