Мұғалім мәртебесі не болмақ?
Мемлекет басшысының 2018 жылы 5 қазандағы тапсырмасын орындау үшін Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлейтін жұмысшы тобының құрамына алпыстан астам тәжірибелі мұғалімдер, ғалымдар, салалық кәсіподақ жетекшілері, заңгерлер кірді. Жұмысшы тобы аталған құжатты әзірлеу үшін алыс-жақын шет мемлекеттер тәжірибесі мен заңдарымен танысты. Заң жобасы «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының» порталында, «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінде арнайы айдармен жарияланып, көпшілік талқылауынан өтті. Бұл іске Атырау облыстық салалық кәсіптік одақтар ұйымы да белсене араласты. Аудандық ұйымдар мен педагогтар тарапынан салалық «Ұстаздық еңбек» газетіне, ватсап желісіне түскен ұсыныс-тілектер жоғарғы ұйымдарға жеткізілді. Қорытындысында еліміз бойынша алты мыңнан астам келген тұжырымдар негізінде Заң жобасы жасалынып, көпшіліктің талқылауына түсті.
Республика педагогтарының назарына ұсынылып отырған тарихи заң алты тараудан және жиырма бір баптан тұрады. Бірінші және соңғы тараулар «Кіріспе» және «Қорытынды» деп аталынып, ал, екінші, үшінші, төртінші және бесінші тараулар – педагог мәртебесін анықтайды.
Екінші тарауда педагогтың мәртебесін, этикасын, ары мен намысын, кәсіби қызметін қамтамасыз ету шарттары, өзінің кәсіби қызметіне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға тыйым салуға, өз қаражаты есебінен оқу-тәрбие үрдісін қамтамасыз ету үшін қандай да бір тауарлық-материалдық құндылықтар сатып алу міндетін жүктеуге жол бермеуге, тиіссіз есептерді талап етуге, көзделмеген тексеруді жүргізуге жол берілмейтіні атап көрсетілді. Егер де аталған талаптар бұзылған болса, лауазымды тұлғалар Қазақстан Рес-публикасы Кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.
Үшінші тарау «Педагог құқықтары» деп аталынып, педагогтың материалдық жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктер, біліктілік санаттары және көтермелеудің өзге түрлерін қамтиды. Педагогикалық өтілі мен жалақысы сақтала отырып, ұзақтығы бес жылда бір рет кемінде алты ай ғылыми қызметпен айналысу үшін шығармашылық демалыс алуға, ғылыми дәрежесі барларға жоғары жалақы төлеу шаралары қарастырылған. Жобадағы 11-баптың алтыншы тармақшасындағы «Тәрбиеленуші мен білім алушының ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне өзінің сипаты бойынша педагогтың кәсіптік міндеттерінің шеңберіне кіретін мәселелеріне негізсіз араласуға тыйым салынады» деген тұсы көптің көңілінен шығып отыр. Жасыратыны жоқ, күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, ата-аналардың баласының сөзін сөйлеп, жөн-жосықсыз білім беру мекемелеріне келіп айқай-шу шығаратыны кездеседі. Осындайда білім ұясына сөз келмеуі үшін ұстаздардың басын иіп, жүректері аузына тығылатын сәті ендігі жерде болмайды деген сенім бар. Жалпы, болашақта ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыратын Қазақстан Республикасының жаңа Заң жобасы керек екенін уақыт еншісіне қалдырдық.
Осы тараудың 14-бабындағы «Әлеуметтік кепілдіктер» атты бөлімі барша ұстаздарды қызықтырары сөзсіз. Педагог бастапқы жарнасыз жеңілдікті несие бойынша тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ қызметтік тұрғын үй және (немесе) жатақхана алуға басым құқыққа ие. Қызметтік тұрғын үй-жайда бірге тұратын педагог отбасының мүшелері ол қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда, қызметтік тұрғын үйді қалдық құны бойынша жеке меншікке сатып алуға тілек білдірген кезде мәжбүрлеп шығаруға болмайды. Белгіленген зейнеткерлік жас толғанға дейін педагогикалық жұмысының 30 жылдық өтілі болғанда зейнеткерлікке шығуға құқылы. Педагогтың балаларына балабақшадан кезектен тыс орын берілмек.
Ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтар да көптеген жеңілдіктерге ие болатын болады. Жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер кемінде 25 пайызға арттырылды. Бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау берілмек. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері бөлінеді. Жеке меншігінде малы барларға жем-шөп, мал жаю және шөп шабу үшін жер учаскелері, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік көтерме жәрдемақылар ұсынылады.
Кезекті еңбек демалысын беру кезінде екі лауазымдық жалақыдан кем емес мөлшерде күнтізбелік жылда бір рет сауықтыруға арналған жәрдемақы, «Үздік педагог» атағының иегерлеріне айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде сыйақы төленбек.
«Көтермелеу құқығы» деп аталған 15-бапта: «Республика алдында педагогикалық қызметтегі ерен еңбегі үшін педагогке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты мемлекеттік награда берілетін болады. Бұл марапат еңбегі елеулі, халқына қалаулы ұстаздарға көрсетілетін зор құрмет деп түсінуге тиіспіз.
Заң жобасындағы төртінші тарау – педагогтың міндеттері мен жауапкершілігі, бесінші – педагогты даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру, алтыншы – Қазақстан Республикасының педагог мәртебесі туралы заңнамасының бұзылуына жауапкершілік, осы заңның күшіне енуі мәселелері қамтылады. Жоспар бойынша аталмыш Заң жобасы қазірде Үкіметте, ақпан айында Парламенттің қарауына беріледі деген жоспар бар.
Түйін:
«Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп ақын Мағжан айтқандай, жас ұрпақтың бойына жақсылық нұрын дарытып, имандылықты орнықтыратын ұстаздық мамандықты қастерлейтін уақыт та келіп жетті. Барша педагогтар үшін ақжолтай хабар, «ақ түйенің қарны жарылар күн» қашық емес деген ойдамыз.
Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының
Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,
тарих ғылымдарының кандидаты.