«Мұғалім еңбекақысын көтеру шешімі — Жолдаудың маңызды аспектісі»
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы бойынша өз пікірін білдірді.
«Президенттің Жолдауы оптимистік мәнге ие болып отыр. Қазақстан әлемдік экономикалық кеңістіктің бөлігі болғандықтан, біз үнемі әлемдік әлеуметтік-экономикалық үрдістерді саралап, оның фарватерінде болуымыз керек. Әлемде жаппай цифрландыру процесі жүріп жатыр. Осы орайда Қазақстан бұл ірі өзгерістерге сақадай сай тұруы тиіс. Бұл ретте Президенттің Жолдауы көптеген мәселелерді қамтып отыр»,-деп тоқталды Е. Саиров.
Саясаттанушының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде дүниежүзінде әлеуметтік-еңбек қатынастарында елеулі өзгерістер орын алуда. Еліміз озық өзгерістерден қалып қоймауы үшін Төртінші өнеркәсіптік революцияның қамтып отырған қадамдары өте маңызды болып отыр.
«Мемлекет цифрландыру процестеріне айрықша мән беріп отырғаны мәлім. Егер де бүгінде цифрлық технологияларды иеленбесек, онда біз тарихи дамудан шеткері қалатынымыз түсінікті»,-деп нақтылады ол.
Бұдан бөлек Е.Саиров Президент Жолдауында адами капиталды дамытуға ерекше екпін қойылып отырғанын, сондай-ақ бұл ең қажетті қадамның бірі екенін алға тартты.
«Адами капитал мемлекеттің экономикалық өсімі мен әлеуметтік дамуының басты талабы мен іргетасы»,-дейді саясаттанушы.
Сонымен қатар ол мұғалімдердің елеулі еңбегіне лайықты баға беріліп отырғандығын сөз етті.
«Жолдауда мұғалімдердің еңбекақысын жоғарылату туралы айтылған. Менің ойымша, бұл бағыттағы шешім Мемлекет басшысы Жолдауының маңызды аспектілерінің бірі. Мұғалімдер мен оқытушылардың өмір сүру деңгейіне, моральдық жағдайына көп мәселе тығыз байланысты. Олардың елеулі еңбегіне лайықты баға беріле бастады. Енді олардың қоғамдық мәртебесі тұрғысындағы жұмысқа қызу кірісу керек. Бұл ретте азаматтық қоғам мен мемлекеттік бірлескен іс-қимылына екпін қойған жөн»,-деп түйіндеді сөзін Ерлан Саиров.
Айта кетейік, бүгін жарияланған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ұстаздар жалақысын арттыру қадамдары ескерілген.
«Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырамын. Жаңартылған мазмұн дегеніміз — халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады»,-делінген Жолдауда.
Айқара Ғұмар
Фото inform.kz сайтынан алынған