ҰЛЫҚ КҮНГІ ҰЛЫҚТАУ

Махамбет атындағы драма театрында Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиналыс болды.

 

Мерекелік салтанатта Тәуелсіз Қазақстанның Әнұраны шырқалды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөз алып, қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

«Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткізді. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты, көреген саясатының нәтижесі – Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр», – деді аймақ басшысы. Ол одан әрі Тәуелсіздік тағылымдары мен Қазақстанның, оның бір бөлшегі мұнайлы өңірдің экономикасы мен әлеуметтік салада қол жеткізген табыстарына тоқталды.

Бұдан соң Бақтықожа Салахатдинұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық  және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталғандарға мемлекеттік наградалар тапсырды. Мұндай құрметке ие болған «Қазақтелеком» АҚ филиалы облыстық телекоммуникациялар дирекциясының техникалық  директорының орынбасары Асау Ибрашевқа «Парасат» ордені, Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Жиенбай Бақиға, «Казпромгеофизика» АҚ «Атырау Логинг Сервис» филиалының директоры Хисма Бимұхамбетовке, облыстық өнер мұражайының директоры Жайдарбек Зайдуллинге, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға, ардагер мұнайшы Болат Өтебаевқа, «Құрманғазы» ӨК басқарма төрағасы Сабыржан Сұлтановқа (суретте)  және басқа да барлығы он адамға «Құрмет» ордені тапсырылды. «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы «Қосшағыл» стансасының операторы Назай Жалғасбай ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін өңіріне тақты. Сондай-ақ, бір топ қызметкер «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдаріне, Қазақстан Республикасының, ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамоталарына ие болды. 

Марапатталушылар атынан сөз алған еңбек ардагері Жанай Беркәлиев, «Дезинфекция» АҚ бірінші вице-президенті Александр Думлер Елбасына  өз ризашылықтарын білдірді.

Салтанатты жиналысқа қатысушылар Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының концерттік бағдарламасын зор ықыласпен тыңдап, өнер ұжымының орындау шеберліктеріне тәнті болды.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз