Адам саудасының құрбаны болудан сақтаныңыз!

Құлдыққа түскен тағдырлар Жаңалықтар

Бірнеше күннен бері ақпарат құралдарынан аты түспеген астаналық Тагина Хайметова дүйсенбі күні елге оралды. Табысы мол жұмыс іздеп Бахрейнге кеткен Тагинаның тағдыры миллиондардың назарында. Себебі, іске тікелей араласқан Сыртқы істер министрлігі мен елшілік «Тагина адам саудасының құрбаны болуы мүмкін» деген ақпарат таратқан еді.

Құлдыққа түскен тағдырлар

Кейін Тагинаның анасына Бахрейннен белгісіз қыздың байланысқа шығып, «жұмыс берушілердің» өзін жезөкшелікпен айналысуға күштеп қойғанын, астаналық бойжеткеннің де осындай жағдайға ұшырауы мүмкін екендігін смс-хабарлама арқылы жолдағаны туралы  мәлімет шықты. Абырой болғанда, қыз аман. Оны араб кеңістігіндегі Бахрейнге барған әкесі алып келді. Күйзеліске түсіп, ауыр психологиялық соққыдан төсек тартып қалған 24 жасар Тагина туралы басқа ақпарат берілмесе де, Сыртқы істер министрлігі мұндай жағдайдың бірінші еместігін айтады. Өткен жылы ғана атышулы Бахрейннен елге орала алмай қалған  жиырма әйел құзырлы органның араласуымен қайтарылған.

Өкінішке қарай, адам саудасы проблемасы әлемде ғана емес, біздің елімізде де өткір тұр. Егер сізге «табысы мол жұмысқа орналастырамын», «шоу-бизнес жұлдызы етемін», «әлемдік деңгейдегі модель боласың», «шет елде массажист, қонақүй әкімшісі болып көп ақшаға кенелесің» деген сияқты ұсыныстар түсіп жатса, қиялға беріліп, уақытыңызды текке өткізбеңіз. Бұл – трафикті тікелей бизнес көзіне айналдырғандардың жиі қолданатын тактикасы. «Мұндай ұсыныстар әдетте адамдарды белгілі бір нүктеге дейін тасымалдау мақсатында айтылады. Яғни, әңгіме қыз-келіншектер туралы. Оларды көбіне жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді» дейді атыраулық «Мега Полис» қоғамдық ұйымының жетекшісі Елена Гайгородова.

Мұның сыртында, ауылдық елді мекендерден алыс орналасқан қырда мал бақтырып, ақы бермеу өз алдына, ас-суға жарытпай, ұрып-соғып, құрбанын қорқытып-үркітумен ұстап отыратындар да бар. Көп жағдайда ер адамдар мал бағу, құрылыс, жер қазу сияқты ауыр жұмыстардың құрбанына айналып жатады. Оның ішінде ақыл-есі кем, мылқау адамдар да болуы мүмкін. Сарапшылар қылмыскерлер үшін осындай категориядағы адамдардың «құнды тауар» саналатынын жоққа шығармайды. Өйткені, сырқат адамдардың құлдықтан қашып құтылуы немесе біреудің көмегіне жүгіну ықтималдылығы төмен екен.

Адам саудасы фактілерінің тіркелуі мақтанарлық жағдай емес, әрине. Десе де, көбіне кинолардан көретін трафик біздің Атырауда да болып жатыр. Мәселен, 2015 жылы Атырауда құлдықта жүрген мигранттар еліне қайтарылған. «Біздің ұйымға Өзбекстан азаматы хабарласып, он отандасының құрылыс жұмыстарына күшпен тартылып отырғанын айтты. Ішкі істер департаментімен бірлесіп жүргізілген жедел іздестіру жұмыстары нәтижесінде, Өзбекстанның 12 азаматының бас бостандығынан заңсыз айрылып отырғаны анықталды» дейді Елена ханым. Соңғы екі жылда «Мега Полис» ұйымына тағы да Өзбекстан мен Қарақалпақстан азаматтарынан бес өтініш келіп түскен. Бірақ, жүргізілген жедел іздестіру шаралары айғақты нақтыламады.

Сарапшылар «тірі тауарға» айналған адамдардың негізінен құлдыққа тартылатындығын, сонымен бірге, ішкі дене мүшелерінен айрылып жататынын айтады. Соңғы айтылған фактіге байланысты сұмдық жағдай осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада орын алды. «Заңгерлік клиника» қоғамдық ұйымының заңгері Аида Жүсіпәлиеваның айтуынша, жас қыз жігітпен танысып, кездесуге барады. Көңілді отырыста ішімдікке масайған бойжеткен белгісіз жағдайда ұйықтап кетеді. Оянған уақытта денесінің қызыл қанға боялып жатқанын көреді. Сөйтсе, белгісіз саяжайда оянған қыздың бүйрегін кесіп алған екен.

Яғни, әлемде есірткі және қару-жарақ «бизнесінен» кейінгі миллиондар әкелетін «табыс» – трафик, яғни, адам саудасы.

P.S. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, әлем бойынша трафик құрбандарының 70 пайызын балалар мен әйелдер құрап отыр. Дәл осы БҰҰ трафикпен айналысатын қылмыс әлемінің Қазақстанды тиімді транзиттік аймақ ретінде пайдаланып отырғанын айтып, дабыл қағуда. Құлдыққа түскен Қазақстанның қыз-келіншектері көп жағдайда Біріккен Араб Әмірлігіне, Ресейге, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Греция және Израиль елдеріне тасымалданып, жезөкшелік «қызмет» көрсетуге мәжбүр болады екен.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

2014  жылы Қазақстан бойынша адам саудасы фактісімен

300 қылмыстық іс қозғалды:

–  ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы, 3-бөлім (адамды тасымалдау мақсатында ұрлау) – 2;

– ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы, 3-бөлім (адамды тасымалдау мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру) – 10

– ҚР Қылмыстық кодексінің  128-бабы (адам саудасы) – 17;  

– ҚР Қылмыстық кодексінің  132-бабы (кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікке мәжбүрлеу) – 10;  

–  ҚР Қылмыстық кодексінің  133-бабы (кәмелетке толмағандарды сату) – 13;

–  ҚР Қылмыстық кодексінің 270-бабы (жезөкшелікке мәжбүрлеу) – 28;

– ҚР Қылмыстық кодексінің 27-бабы (жезөкшелікке жағдай туғызатын орын ашу) – 220

(Мәліметті «Мега Полис» ҚҰ ұсынды).

 

Аида  ЖҮСІПӘЛИЕВА,

«Заңгерлік  клиника»  қоғамдық ұйымының заңгері:

«Әр бесінші құрбан – бала»

– Адам саудасы проблемасы біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде өткір тұр. Өкініштісі, трафик құрбанына айналған әр бесінші адам – бала. Балаларды көбіне көшелерде қайыр садақа-сұрауға пайдаланады. Сол себепті, балалар күннің ыстығында сусыз, қара суықта жұқа киіммен қайыр тілеуге мәжбүр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз