Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Лудоман болған жігіт: «Ақыры үйімнен де, көлігімнен де айырылдым»

Бүгінде талайдың санасын улап, қалтасын қағып жатқан құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Ал лудоманияның алдын алып, оған қарсы күресу үшін қоғамда жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оның жетегінде жүргендерді қалай да құрсаудан шығару – қалың бұқараның міндеті. Мұндай ізгі мақсаттан ешкім де тыс қалмауы тиіс.

Осы мақсат-мүддені көздеген «Жаңа өмір» жобасы авторларының бірі Нұртас Нұрғалиұлымен әңгімелесіп, бүгінгі қоғам дертінің алдын алу тәсілдері туралы ой өрбіткен едік.

ludoman

– Оңай ақша қашан да олжа емес. Бірақ кейбір адамдар мұны әбден құрдымға кеткенде ғана түсінеді. Ал сіз бұл теріс әдетті жеңіп шыққандардың бірі ретінде бүгінде көпке үлгісіз. Алдымен бұл ойынға әуестік қалай басталды? Алғашқы жоғалтқан ақшаңыздың көлемі қанша еді?

– Шынымды айтайын, құмар ойынға әуестігім мектеп кезінен басталды. Оқушы кезімде футбол ойнап, командаларға жанкүйер болуды өте жақсы көрдім. Бұл қызығушылық «ойынға қатыстының бәрін білемін» деген менмендікке әкелді де, ең алғаш он мың теңгені ойланбастан бәс тігуге салып жібердім. Сол кезден басталған құмар ойынға құмарту 12 жылға созылды.

– Осы ойыннан қомақты қаржы ұтқан кезіңіз болды ма? Оны қайда жұмсадыңыз?

– Қомақты қаржыға кенелген кездер болды, әрине. Бірақ бұл соманы есепшоттан алып, басқа мақсатқа қолдану үшін санаға мұндай ойдың келе қалуы екіталай. Әп-сәтте барынша қаражатты түсірмей, оны қайтадан бәс тігуге салып, бұдан да жоғары сома ұтамын деген пікір сананы билеп алады. Қазір ойлап көрсем, он екі жылдың ішінде ұтқан ақшаны бір рет қана шоттан түсіріп алып, ұялы телефон мен киім-кешек сатып алған екенмін. Содан басқа уақытта ұтыс ақшаны қайтадан бәстесудің айналымына салып отырыппын.

– Бірнеше миллионнан ұтылып, ағайын-туыс теріс айналып жатқанда қандай күйде болдыңыз? Сол сәтте тығырыққа тірелгеніңізді түсіне алдыңыз ба?

– Ойын кезінде ұтылған қаражаттың сомасы өте көп. Сол сәтте өз-өзімді сабырға ғана шақырып, «Нұртас, келесі ойында міндетті түрде еселеп табысқа жетесің. Қорықпа, алға бас!» деп өзімді жігерлендіретінмін.

Қарызға әбден белшеден батып, жан-жақтан адамдар ақшасын қайтаруды сұрағанда ғана тұйыққа тірелгенімді түсініп, қатты күйзеліс пайда болды. Сонда да бұдан шығудың жолы тағы да қаржы тауып, букмекерге баруға тәуекел етіп, байып алу деп түсіндім. Соның жетегінде жүргенде уақыт өте берді. Ақыры үйімнен де, көлігімнен де айырылдым.

Тығырықтан шығуға не түрткі болды және бұл «дертті» қалай жеңдіңіз?

– Өзімнің әрекетім әлгіндей болды. Ал жұбайым мұндай тірлікке шыдай алмағандықтан ажырасатынын айтып, үйден кетіп қалды. Ата-анам да қатты күйзеліске түсті. Мұның барлығын жеңіп шығатын жол таппай, өзіме қол жұмсауды да ойладым. Кенет есімді жиып, «осы мен не істеп жүрмін, бұл өзі қандай жол?» деп ойлағанда ғана құрдымға кетіп бара жатқанымды ұққандай болдым. Әр адамның жанды жері болады ғой, менің қорқынышым – сүйіп қосылған өмірлік махаббатымнан ажырап қалу. Сол кезде қайткен күнде де тығырықтан шығар жол тауып, отбасыммен бірге боламын деген ой санамда тұрды. Түзу жолға түсуге шешім қабылдадым. Әрине мұны жеңу де оңай болған жоқ. Бірақ адамның түйсігіне бір нәрсе жетсе, оны түрлі амал-әрекеттермен емдеуге әбден болады екен.

Бір ескеретін тұсы, бұл да медицинадағы түрлі дерт секілді созылмалы болғандықтан, адамға ерекше күтім керек. Арнайы орталық мамандарының ақыл-кеңесімен бірге өзіңнің жан-дүниеңмен, сана-сезіміңмен күресу қажет.

– Лудомания жолында кезіккен естен кетпес оқиға бар ма?

– Жүрекке салмақ салатыны, ойынның құрсауында жүріп, қалтамда ақша бола тұра сырқат баламның еміне қаржы бермегенім. Осы қателігім әлі күнге дейін өзегімді өртейді. Себебі сол уақытта есіл-дертім құмар ойыннан қомақты қаржы табу ғана еді.

– Құмар ойынның арбауынан шыға алмай, құрдымға кеткендер аз емес. Көз көрген бір көрініспен ой бөліссеңіз…

– Осыдан жыл жарым бұрын атыраулық жас жігіт хабарласты. Қатты күйзеліп тұрғаны соншалық, тұтқаның арғы жағында не айтып, не істеп жатқаны түсініксіздеу болды. Сол бойда мекен-жайын анықтап, лезде үйіне барсам, лудоманияның құрбаны болған ол өз-өзіне қол жұмсауға асыққан. Оның дарға асылғалы тұрған жерінен құтқарып үлгердім. Сонда дер кезінде оның үйіне жеткеніме қуандым.

– Суицидтің басты себептерінің де бірі осы «кесел». Бұған тосқауыл қоюдың жолы қандай?

– Қоғамда ойынқұмарлықтың аса қауіпті дерт екенін кеңінен насихаттап, проблеманың алдын алу керек. Әсіресе жастардың арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, ойыннан от шығатынына көз жеткізу – басты мақсат.

– Сіздер қолға алған «Жаңа өмір» жобасы қашан дүниеге келді? Оны бастауға негіз болған жайтты білген артық етпес…

– Лудоманияның алдын алып, осы жолда жүргендермен жан-жақты сөйлескен жөн. Өзім 12 жыл бойы құрдымға кетірер ойынның құрбаны болған соң «менің де қоғамға пайдам тисін» деген ниетпен «Жаңа өмір» жобасын қолға алдым. Атырау облысында бұдан көбінесе қазақ отбасылары зардап шегіп жүргенін білгендіктен қазақ тілді аудиторияға баса мән бердім. Қазақшаға жетік мамандар іздеп, олармен бірге азаматтарға психологиялық, құқықтық көмек көрсеткім келді.

Былтыр жазда экс-лудоман Тимур Рамазанов екеуміз осы жобаны бастадық. «Respubliсa» партиясы да бізді қолдап, қазір бірлесіп жұмыс істеп жүрміз. Лудоманиямен күресте өз басымыздан өткен қасіретті жеңудің жеке авторлық әдіс-тәсілдерін қолданып жүрміз. Ойынқұмарлар және олардың отбасыларымен қоян-қолтық жұмыс жасаймыз.

– Нәтижесі бар ма?

– Жарты жылдың ішінде Атырау облысы бойынша барлығы 50 отбасы көмек сұрап келді. Ақтау, Шымкент қалаларынан да хабарласып, қолдау күткендер бар.

«Жаңа өмір» жобасына жолыққаннан бері жан-жақты көрсетілген көмектің нәтижесінде алты ай бойы букмекерлік кеңселерге қаржы жұмсамай, тура жолға түсіп, өзін-өзі тәрбиелеп жүргендер саны артып келеді. Бірнеше жыл ойынның арбауында жүрген жан үшін бұл зор жетістік.

Алдағы уақытта жобаның жұмысын одан әрі кеңейткіміз келеді.

– Лудоманиямен шет елдерде қалай күреседі?

– Бұл бағытта АҚШ-та заң қатаң. Бір айырмашылығы, онда «ойын жауапкершілігі» деген ұғым бар, соған сай зардап шеккен адамның жауапкершілігін ойынхана ұйымдастырушылары өз мойнына алған. Мәселен, суицид бола қалса, себеп-салдары қатаң тексеріледі. Егер ойынхананың кінәсі дәлелденсе, оның басшысы қалың бұқараның алдына шығып, кешірім сұрайды және барлық жауапкершілікті өз мойнына алады.

Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндайдың еш тетігі жоқ.

–  Жалпы, құмар ойынның зардабынан шыға алмай жүргендерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Әр ойыншы әуелі өзінің әлсіздігін саналы түрде мойындай білуі керек. Сол қадам арқылы жасалған амал-әрекеттердің нәтижесі тығырықтан шығуға көмектеседі. Әлі оң-солын танымайтын, телефонға телміріп, түрлі ойындарға әуестенген жасөспірімдердің оған салынып кетуі әбден мүмкін. Мұның алдын алу үшін ата-ана мен бала арасындағы махаббат пен сүйіспеншілікті арттырып, отбасылық тәрбиенің әрбір тетігіне баса мән беру әдетке айналуы тиіс.

Жақында Санжар Керімбайдың «Қуыс кеуде» атты кітабын оқыдым. Ондағы негізгі ой – еңбекпен тапқан нан қашан да тәтті, оңай ақша олжа емес. Сондықтан осының барлығын бала жастан санасына сіңіре түскен игі. Бұл – бүгінгі күннің талабы, өмірдің заңы!

– Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

****

Талғат АМАНҰЛЫ,

«Respublica» партиясы Атырау облыстық филиалының өкілі:

Қоғам болып күресетін дерт

– Бүгінге дейін «Respublica» партиясының құрылтайшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденовтің бастамасымен ойынқұмарлыққа қарсы заңнамаларды өзгерту жөнінде бірқатар ұсыныс айтылды.  Соның нәтижесінде алғашқы жемісті жұмыстардың бірі – көшелердегі лотоклубтар жабылды.  Ендігі мақсат – құрдымға кетіретін түрлі ойындар мен букмекерлердің жарнамаларына тосқауыл қою. Интернет желілерінде де мұндай жарнамалар «менмұндалап тұр». Осының барлығына заңмен шектеу қойылса игі. 

Көпшіліктің сана-сезімін оятып, Еуропадағыдай қаржылық сауаттылықты арттыру керек. Құмар ойындардың жетегінде емес, ғылым-білімге баса ден қойып, түрлі кәсіптің тұтқасын ұстаған жастардың көп болғанын қалаймыз. Осы мақсатта «Жарқын өмір» жобасы өзінің нәтижесін береді деп сенемін.

Айта кеткен жөн, елімізде 10 ажырасудың 7-еуі лудоманияның кесірінен орын алуда. Әрбір алтыншы қылмыскер де құмар ойынға қаражат іздеп, шалыс басқандар. Ал, бір жылда 3607 суицид тіркелсе, оның 20 пайызы лудомандардың қатысуымен болды. Бұл – тіркелген ресми дерек. Себеп-салдарын жасырып, есепке алынбағандары қаншама? Сондықтан бүгінде тығырыққа тірелген жастардың ақыр соңында өз-өздеріне қол жұмсап жатқаны белгілі бір топты ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатуы тиіс!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button