«ҰЛТЫН СҮЙГЕН ҰЛАНБЫЗ»
Байқаудың мақсаты – жас ұрпақтың санасына ұлтжандылық рухын сіңіріп, таным көкжиегін кеңейту, еліне, жеріне деген махаббатын сахна төрінде өнері арқылы насихаттап, өз қатарластарына үлгі ету, тұлғалық дамуын қалыптастыру. Қатысушылар вокал, аспапта ойнау, көркемсөз оқу, бейнелеу және би өнері бойынша өнер көрсетті.
Еліміздің әр түкпірінен 2-6 жас аралығындағы жас таланттардан құрылған 28 топ қатысты. Олардың арасында Атыраудың атынан қатысқан «Қызғалдақ» балабақшасының «Ай-керім-ай» бишілер тобы өнерімен оқ бойы озып, қазылар алқасының қызығушылығын тудырды. Кіші топта бишілеріміз «Асатаяқ» ұлттық биі мен «Корей» халқының биін өте жоғары деңгейде орындады.
Атыраулық бишілер «Атадан-мұра» қорының тұңғыш президенті Мақпал Аманжолқызы атындағы бас жүлдені жеңіп алды. Ал, оларды республикалық деңгейдегі байқауға белсене дайындағаны үшін балабақшаның хореографы Айгерім Мирқызы арнайы Ал-ғыс хатпен марапатталды.
Өнерлі бүлдіршіндердің байқауға қатысуына көмек жасаған балабақша директоры Дәмелі Әнуарқызына және бүлдіршіндерді алыс жолға дайындап, үлкен сахна төрінде өнер көрсетуіне жағдай жасаған балғын бишілеріміздің ата-аналары мен «Күншуақ» мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Зоя Бейісқызына балабақша ұжымы мен ата-аналарының атынан сүйікті басылымымыз арқылы шексіз алғысымызды білдіреміз.
Айнагүл ОразмҰханбетова,
«Қызғалдақ» балабақшасының
әдіскері,
Индер ауданы.