ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРА ТҮСЕТІН КҮН
Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекіткен жандар келесі Рамазан айына аман-есен жетуді тілеп, мінәжат етті. Уағыз айтылып, Ораза айт намазы оқылды.
Ораза айтта күллі мұсылман шат-шадыман қуанышқа кенеледі. Себебі бұл исламдағы екі үлкен мерекенің бірі болып табылады. Бұл күндері мұсылмандар бір-біріне жақсы тілек тілеп, ата-анасына, туған-туысқандарына қыдырып барып, тіпті сыйлық беріп көңілдеріне қуаныш сыйлайды.
Айт намазына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан барша жиналғандарды исламдағы ең ұлық мерекемен құттықтады.
— Ислам адамзат баласын татулыққа, тыныштық пен тұрақтылыққа үндейді. Осынау биік құндылықтар тек мұсылман қауымын ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын да ұйыстыра түседі. Сондықтан, Ораза айт барлық отандастарымыздың бірлігін арттыратын мереке болып саналады. Ораза айт барлық мұсылман қауымына мүбәрак болсын! Барша мұсылманның оқыған дұғалары, жасаған іс-әрекеті қабыл болсын! — деді.
Кезекті құттықтау сөзді «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров жалғады.
— Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Баршаңызды мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын! Қасиетті Ораза айт халқымызға рухани серпіліс, шаңырақтарыңызға бақ-береке әкелсін!
Айт күнінде жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы мол. Туған-туыстарды, көршілерді, дос-жаранды мерекемен құттықтап, дастарқан жайып, ұлық мейрамның сәні мен салтанатын арттыру – Ораза айттың өзіне тән жарасымды һәм сауапты амалдарынан. Осы мерекеде өзара ренжіскен кісілерді татуластырсақ, өзгенің қате-кемшілігін кешіріп, ата-анамыздың құрметі мен ризалығына бөленсек, ол да мұсылманға тән сипат. Исламда әрбір ізгі амал – садақа. Көршіге көмектесу, мұқтажға қол ұшын беру, тіпті жетімнің басынан сипап, өзгелерге жылы шырай таныту, ол да садақа, — деген Батыржан Берденұлы облыс халқын осы дәстүрлерді барынша нығайтып, жасампаз құндылықтарды әрдайым қастерлеуге шақырды.
Айт мерекесіне жиналған мұсылмандар бiр-бiрiн құттықтап, үлкендердің ақ батасын алады.
Қасиетті Ораза айтта жасалынған қайырымдылықтың сауабы мол екені мәлім. Сол себепті әр мұсылман Рамазан айында сауапты іс жасауға асығады. Мысалы, «Иманғали» орталық мешітінің ұжымы 350 адамды қамтитын кезекті қайырымдылық шарасын қолға алды. Аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, зағип, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты, көпбалалы аналарға азық-түлікпен және қаржылай көмек көрсетті.
Сондай-ақ,«Зекет қоры» тарапынан оның Атырау облысы бойынша өкілі Сембай Жолдасовтың ұйымдастыруымен әлеуметтік жағдайы төмен мешіт намазхандарына да көмек берілді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.