Атырауда «3 D» виртуалды зертханасы ашылды

Та дай а тыр ан технология Жаңалықтар

Елімізде Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытына 11 жоғары оқу орны қатысуда. Соның бірі – Атырау мұнай және газ университеті алғаш болып «Виртуалды кен орны» зертханасының тұсауын кесті. Заманауи электрондық оқу бағдарламасы өндіріс басына бармай-ақ, негізгі жұмыс барысымен жүзбе-жүз танысуға мүмкіндік береді.

Та__дай __а__тыр__ан технология

Аталған университет ректоры Әли Әбішев технология қарыштап дамыған ХХІ ғасырда өркениет көшінен қалуға болмайтынын алға тартады.

– Бүгінгі жастардың білімі бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Алдағы уақытта осындай зертханалық бөлмелердің тағы бірнешеуін ашу жоспарда бар. Осы орайда білім-ғылым іздеген жанға университет есігі әрдайым ашық екенін қаперге бергім келеді, – деді ол.

Айта кетейік, құны 76 миллион теңгеге бағаланған  заманауи зертханаға мемлекеттік Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қол жетіп отыр. Қолға джойстик алып, «3 D» көзілдірігін киіп, кен орындарын виртуалды түрде аралап шығуға болады. Компьютерлік бағдарлама өзі тапсырма беріп, қажетті ақпарат ұсынып отырады.

Ал, зертханалық стенділерде мұнай қойнауының гидравликалық сипаттамасы нақты көрініс тапқан. Біріншіден, «жерасты гидромеханикасы» стендісі арқылы студенттер зертханалық сынақ жұмыстарын жүргізе алады. Бұл ретте штангалық сорғы үлгісінің берері мол. Екіншіден, ауа температурасы, шығыс көлемі, қысым деңгейі секілді көрсеткіштерді тікелей бақылап отыруға болады.

Үшіншіден, «Газлифт» стендісі «Мұнай және газ ұңғымаларын пайдалану» курсын толық меңгеріп шығуға көмектеседі. Соңғысы, «мұнай-газ қоймасы» стендісі шикізат пен өнімді сақтау қоймаларының құрылымын зерттеуге арналған. Сондай-ақ, дуальдық, яғни, қашықтықтан оқыту жүйесі арнайы электронды бағдарламалық-ақпараттық кешенге құрылған.

«Мұнай-газ ісі» кафедрасының меңгерушісі Нұрлыбек Шұғайыповтың айтуынша, жаңа бағдарлама Челябинск қаласында дайындалған. Оның базасында 2-3 курс студенттері техникалық білімдерін жетілдіре алады. Тіпті, алдағы уақытта өндірістегі жұмысшылардың біліктілігін арттыру да жоспарланып отыр. Олардың білімін компьютердегі тест бағдарламасы өзі анықтап, автоматты түрде бағасын қойып береді.

 

Сіз не дейсіз?

Култан Ярослав, словакиялық оқытушы-ғалым:

– Атырау – индустриалдық-инновациялық жобаларға сұранып тұрған өңір. Өткен жылы осында халықаралық конференция өтті. Онда сегіз жоғары оқу орнынан өкілдер қатысты. Құнды дәрістер оқылды. Биыл да сол игі дәстүр жалғасын таппақ. Құр жиын өткізіп қана қоймай, әдістемелік құралдар мен ғылыми еңбектерді басып шығарғымыз келеді.

Айгүл МАЙДЫРОВА, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

– Инновациялық орта қалыптастыруда электронды бағдарламалар кешенінің септігі мол. Олардың әуелгі кезектегі пайдаланушылары – студенттер. Бұл білімді іс-тәжірибемен шыңдауға мүмкіндік бермек. Мұнай бұрғылау мен жобалау ісі электронды оқулықтарда, интерактивті тақталарда егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Мақсат ортақ –  сапалы маман даярлау.

Мұрат Сәркенов, студент:

– «Мұнай-газ ісі» мамандығын дуальды оқыту жүйесі бойынша меңгерудемін. Жарты ай теориялық білім алсам, келесі жартысында соны өндіріс жұмыстарымен жетілдіремін. Осыған дейін «Кенбай» және «Б.Жоламанов» кен орындарында болып үлгердім. Біраз тәжірибе жинадым. Әсіресе, виртуалды зертхананың біз үшін көмегі мол.

Амандық Абдол

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз