Қоғамдық көлік қызметі көңілден қашан шығады?

16661 1 Жаңалықтар

Жыл санап мұнайлы өңірдің тұрғындары көбейіп келеді. Сондықтан жолаушылар тасымалын заманауи жүйеге көшіру мәселесі бүгінде өзекті болып отыр. Ендеше, соңғы кездері сапасы сын көтермей бара жатқан қоғамдық тасымалды қалай жақсартуға болады? Көлік жүргізушілері мен кондукторлардың халыққа қызмет көрсету мәдениетін көтеру үшін не істеу керек? Алдағы күндердің еншісіндегі «электронды билет» қаншалықты тиімді болмақ?

16661

Мұның бәрі де қала тұрғындарының көкейінде көптен бері жүрген сауалдар.

«Қоғамдық көлік жүргізушілерінің аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығады». Ал, бақылаушылардан билет сұрасаң болғаны, қабаған иттей «абалай» жөнеледі. Қай аялдамада қанша уақыт тұру керектігін жүргізуші өзі шешеді, жолаушылармен еш санаспайды. Құдды адам емес, ағаш тиеп келе жатқандай, көлік ішін лық толтырып алады да, бірде зымырандай зулай жөнелсе, енді бірде тежегішті кенеттен басып кеп қалады. Бұған тоқтау салынса жақсы болар еді. Қалай десек те, өркениетті ел азаматтарымыз ғой»,-дейді зейнеткер Сәуле Мағауқызы.

74603_b0

Бұл ретте, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи, қоғамдық тасымалдың жаңа тұжырымдамасы енгізілгелі жатқанын айтады.

«Мен осы қаланың тұрғыны болғандықтан, жолаушылар тасымалындағы мәселелерге жақсы қанықпын. Солардың біразын алдағы жылы іске қосылғалы отырған жаңа жүйе шешіп береді деп ойлаймын. Қазір де қажетті құжаттар дайындалып, инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Ал, қалған жұмыстар, яғни, айналма жодар мен құрылыс нысандарын салуға біраз уақыт керек. Міндетті түрде әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды таситын маршруттар болады. Оларды мемлекет тарапынан субсидиялау мәселесі қаралып жатыр. Тасымалдаушыларға автобустардың кең болуы, желдеткіш пен салқындатқыштармен қамтылуы, жолаушылармен қарым-қатынасты жақсарту жөнінде талаптар қойылады. Алдағы уақытта аялдамалардың отызы жаңартылып, 182-сінің жабындысы ауыстырылмақ»,-дейді М.Қалауи.

Сонымен бірге, жыл соңына дейін «Батыс Транспорт» компаниясымен бірлесіп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Атырау – Дамбы», «Атырау – Еркінқала», «Атырау – Талғайраң» бағытында барлығы 39 көшеге жарық желісі жүргізілмек. Бұл мақсатта 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, жұмыстар жүріп жатыр. Келесі жылы да осы компания өз қаражатына 180 көшені жарықтандыруды қолға алады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз