Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Әліпби ауыстырудың мәні мен маңыздылығы неде?

Латын қарпіне көшуге байланысты түрлі форматтағы жиындар мен кездесулер көптеп ұйымдастырылуда. Соның бірі –  Атырау қалалық әкімдігінде өткен «Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы» тақырыбындағы «дөңгелек үстел». Қала әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов жүргізген жиынға қоғам қайраткерлері мен тіл мамандары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Әліпби ауыстырудың мәні неде-

Қадыр ЖҮСІП,

филология ғылымдарының докторы:

Әліпби ауыстырудың мәні неде

Түркі әлемін біріктіреді

–1989 жылы Атырауда құрылған «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болдым. Мұны текке айтып отырғаным жоқ. Қазақтың өз тілі өзіне өгей болған сол уақытта «Қазақ тілі» қоғамының алдында тұрған міндет тіл мәртебесін көтеру, ана тілінде сөйлейтін ұрпақ қалыптастыру еді. Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов және басқа да он шақты жігіт болып, қаладағы әр балабақшадан бір-бірден қазақ тілі топтарын аштық. Сол кездегі біз еккен алғашқы дәніміздің бүгін, міне, жемісін көріп отырмыз. Латын әліпбиіне көшу туралы бастаманы Тіл білімі институты көтерген болатын. Арабтан латынға, кейін латыннан кириллицаға көшкенде тап қазіргідей талқыламай көше салдық, қиындық болмады.

Латынға көшу түркітілдес халықтарға, олардың мәдениетіне бір табан жақындай түсуімізге жол ашады. Латын қарпін енгізу арқылы өзге тілдерді де еркін меңгереміз. Қазақтың сөздері анық айтылып, тіл тазалығына жол ашылады.

 

Жомарт МҰХАМБЕТОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты:

Әліпби ауыстырудың мәні jpg

Оңтайлы нұсқа таңдайық!

–  Бізде өзге елдер қолданып отырған латын әліпбиінің оң тұстарын да, теріс тәжірибесін де ескеріп, оңтайлы жасап алуға мүмкіндік те, уақыт та бар. Сондықтан, қазақ әліпбиін латынға көшіру кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Бұл орайда орыс тілінен енген сөздерді қазақ тіліне тікелей бейімдеу қажет. Латынға көшу туралы сөз болғаннан бері сан түрлі пікірлер айтылуда. Дыбыс пен әріпті ажырата алмаса да жоба ұсынып жатқандар бар. Жаңа әліпбидің тиімді нұсқасын таңдай білу – маңызды мәселе. Сол себепті, мұнда лингвистикалық аспектілер емес, әлеуметтік, экономикалық, техникалық тиімділік секілді факторлар ескерілуі тиіс. Сондай-ақ, әліпбидегі әріптер саны 26-дан аспағаны дұрыс.

 

Шафхат Қалиев,

Қайыршақты селолық округінің әкімі:

Дайындық жүйелі жүргізілсе…

– Біз латынға қашан және қалай көшеміз? Міне, осы сауалдар төңірегінде пікір алмасуымыз қажет. Латын қарпіне көшу жөнінде  жұртшылық тарапынан да көптеген пікірлер түсуде. Соның бірінде 1929-1941 жылдар аралығында қолданылған әліпби нұсқасына қайтадан көшу керектігі туралы айтылған. Латын қарпіне көшу үшін дайындық жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Тегін оқыту курстарын ұйымдастыру керек.

Еліміз әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойды. Ендеше, бұл орайда латынға көшудің де өзіндік орны бар. Олай дейтінім, озық елдердің басым бөлігі латын қарпін қолданады. Сондықтан, бүгінге дейін пісіп-жетілген бұл мәселені әріге созбай, қазақ тілінің латын әліпбине сай нұсқасын таңдауымыз керек.

Түйін:  

Жиынға қатысқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Бибігүл Қайыржанова латын әліпбиін балабақшадан бастап енгізудің тиімділігіне тоқталса, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов редакция поштасына түсіп жатқан хаттардан көпшіліктің бұл мәселеге бейжай қарамайтындығын байқауға болатынын атап айтты.

Уақыт оздырмай әліпбидің нұсқасын таңдап, қолданысқа енгізу қажет. Алуан пікір алмасқан жиынның негізгі түйіні – осы. 

Мәлике Мәлік

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button