Әлеуметтік медиа негіздері журналистерге арналған көшпелі семинарда талқыланды
Бүгінгі таңда әлеуметтік медианың рөлі зор. Өйткені, смартфоны арқылы әр адам оқиға орнынан лезде ақпарат тарата алады. Оның жалғаны да, расы да бар. Ал, шынайы ақпаратты бұрмаламай таратушы бір ғана мамандық иесі бар, ол – журналист. Кейбір интернет басылымдары оқырман көңілін аудару үшін тақырыбын айқайлатып қойып, жеңіл-желпі оқиғаларды зорайтып беруге маманданып алған. Олар сөз қадірін түсірмесе, мамандыққа жақсы атақ әкелмесі анық. Санды емес, бірінші кезекте сапаны ойлаған дұрыс. Атыраулық тілшілердің арасында ұйымдастырылған семинар-тренингте өсек-аяңнан ада, сапалы хабар-ошарды жедел түрде тарату жайы кеңінен сөз болды.
«Атырау-Ақпарат» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылған семинарды тренерлер – «Қазақ блогерлер альянсының» вице-президенті, блогшы, бірқатар интернет-жобалардың авторы, IT-маман Аршат Ораз бен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің аға оқытушысы, PhD докторант, әлеуметтік желілердегі маркетинг маман, журналист Бэлла Орынбетова жүргізді.
Тренингте негізінен, желі әдебі, ақпараттық қауіпсіздік, оқылымды контент жасаудың онлайн құралдары, оқырманды тарту құпиясы, мультимедия құралдарымен және әлеуметтік желімен жұмыстар жүргізу жайы талқыланды.
Әр тренер өзінің маманданған саласы бойынша шеберлік сыныбын өткізді. Мәселен, Бэлла Орынбетова қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтардың бірі – әлеуметтік желілердегі маркетинг жүргізушісі кім екенін түсіндірді. Жұмысы әлеуметтік желіде болғандықтан, әлеуметтік маман әр желінің мүмкіндіктерін жақсы білуі тиіс. «Аккаунт ашу, топ құру, парақша бастау, іс-шаралар ұйымдастыру – оның жұмысының басы ғана. Олардың нәтижелі жұмысы қай нәрсенің де жарнамасын жақсартады. Көпшіліктің қызығушылығын арттырады. Шетелде жақсы дамыған бұл мамандыққа біздің елде әлі де түсінбеушілік бар. Қазір болмағанымен, алдағы күндері кәсіптің беделі артып, жалақысы жоғары болатынына сенемін» — дейді ол.
Тағы бір қызық тақырыптың бірі – «Нетикет» деп аталды. Мұны блогшылардың өздері ойлап тауыпты. «Желідегі әдеп» дегенді білдіреді. «1994 жылы интернетте Нетикет аталатын кітап пайда болды. Онда негізінен желі қолданушысының он ережесі жинақталған. Кейбір адамдар интернетте отырып, ойына келгенді жаза береді. Тіпті жалған ақпаратты таратқандары да болды. Яғни, маскамен, никнеймен жүретіндер, аноним трольдар, ойдан шығарылған фейк кейіпкерлер бар. Дегенмен, нетикетті ұстанғандар көбейсе, онлай орта түзеледі. Бей-берекет сөзді жазатындар қатары азаяр еді» — дейді Аршат Ораз.
Сондай-ақ, танымал блогшы «бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде – теледидар арқылы таратылатын хабар интернет пен әлеуметтік желіге қарағанда сенімдірек келеді» дейді.
Жиын барысында ақпараттық соғыс, одан қорғаныс амалдары талқыланды. Облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттері мен аудандық басылымдардың қызметкерлері белсенділік танытып, кәсіби біліктілікті арттыруға арналған жаттығу-ойындарында алдына жан салмады. Тренинг соңында қатысушыларға «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Ерболат Қаменов арнайы сертификат табыстап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің біліктілігін арттыруға бағытталған мұндай көшпелі семинарлар алдағы күндері жиі өткізілетініне тоқталды.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.