АЯЛАСАҢ, ТАБИҒАТТЫ АЯЛА!

Атырау коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында кезекті брифинг өтті. Журналистермен жүздесіп, келелі ойларды ортаға салып, талқылауға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисембиев келді.

 

Айта кетейік, аталған басқарманың негізгі мақсаты – қоршаған ортаның экологиялық тепе-теңдігін ұстау және сапасын тұрақтандыру. Оны іске асыруда бүгінде облыс әкімдігі тарапынан бірқатар шаралар қолға алынуда.

– Өңірдің экожүйесін қорғау бағытында соңғы үш жыл ішінде қоршаған ортаны қорғау шараларына жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге қаржы бөлініп, 48 табиғат қорғау шарасы атқарылып отыр. Шөл және шөлейт зонасында орналасқан аймаққа тән табиғат құбылысының бірі – құмның көшуі себебінен елді мекендерді құм басу процесінің алдын алу бойынша жоба жасақталды. Оның негізінде Исатай ауданының Исатай селосында құм тоқтату жұмыстары жүргізілуде. Ал, Жылыой ауданының Майкөмген селосында аталған жұмыс 5 га жерге қолға алынды. Ендігі уақытта бұл Қызылқоға ауданының Миялы және Жасқайрат селоларында да атқарылатын болады, – деді Орақ Бисембиев.

Сондай-ақ, ол биыл Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр аузында жатқан «Сарынский рыбак» кемесін көтеру үшін республикалық бюджеттен 403 млн. теңге бөлінгенін, оны іске асыру жұмыстары жүріп жат-қанын айтты.

Саладағы негізгі қордаланған мәселенің тағы бірі — тұрмыстық қалдықтардың көбейіп жатқаны. Өңірде қоқыс көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Олардың қоршаған ортаға кері әсерін болдырмаудың әзірше бірден-бір тиімді әдісі — қатты қалдықтарды арнайы полигондарда жинақтап, сақтау болып отыр. Осы мақсатта қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орны биік қоршаумен жабдықталды. Арнайы техникалармен қамтылып, оған кіріп-шығатын көліктердің салмағын өлшейтін құрылғы орнатылған.

Құрылыс нормаларына сәйкес, полигон тұрғылықты жерден 15 шақырым алыс орналасуы тиіс. Бұл ретте белгіленген бағдарлама шеңберінде 10 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, тиісті қорытынды алу үшін мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқаны белгілі болды. Атырау қаласының тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысын бүкіләлемдік даму банкі арқылы қаржыландыру мәселесі еліміздің Энергетика министрлігі тарапынан жүргізу бағытында келіссөздер жасалуда. Жалпы, полигон құрылысын іске асыру 2017 жылға жоспарланған. 

Басқарманың негізгі жұмысының бірі – ормандарды қорғау және сақтау. Бұл ретте жыл сайын орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерімен 215 га жерде орманды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, облыс бойынша мемлекеттік орман қоры 52446 га алқапты құрайды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз