«Әлемдік терминдер аударылмауы тиіс»
Әли Әбішев, Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесі қоғам арасында зор қолдау тапқаны баршаға аян. Қазіргі уақытта сол ауқымды жобаны жүзеге асыру бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мұнай-газ саласының, жалпы ғылым саласының терминдері ағылшын тілінде. Егер ғылым-білім латын қарпіне көшсе, Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне шығуына мүмкіндік береді. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, 80 пайыз мемлекет латын әліпбиіне негізделген, әлемнің 70 пайыз баспа өнімдері латын алфавитінде шығады екен. Осының өзі латын қарпіне көшу қазақ елінің өзге елдермен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық бағыттардағы байланысының беки түсуіне мүмкіндік береді.
Жалпы, әлемдегі латын әліпбиіне ауысқан өзге елдердің тәжірибесіне қарасақ, шешілмеген мәселелер қанша жыл өтсе де әлі кездеседі. Осыған дейінгі латын қарпіне көшкен елдердің тәжірибесі бізге олардың қателігін жібермеуді міндеттейді. Алдымен «жеті рет өлшеп, бір рет кес» қағидасын ұстануымыз керек. Оның үстіне, Елбасы өзі айтып өткендей: «Ешбір елде осыған дейін өзінің жаңа әліпбиін барша халықпен осыншама көп уақыт талқылаған жоқ. Біз әр адамның көзқарасын, пікірін білуіміз керек». Ендеше, әр қазақстандық осы тұста өз жауапкершілігін түсініп, жобаны жүзеге асыруға аса байыптылықпен қарауы тиіс.
Оның үстіне, көптеген атаулар қазіргі уақытта латын қарпіне көшіп кетті. Қазіргі күні жастардың көбі латын әліпбиін өздерінің ең көп қолданатын әлеуметтік желілеріндегі хат алмасуларда қолданып жүр, себебі, қолдануға ыңғайлы. Сонымен бірге, тағы бір қуантарлық жағдай, қазір көптеген қала көшелеріндегі баннер, жарнама, банк, тіпті республикалық телеарна атаулары да латын қарпінде жазылып жүр.
Жалпы, қазір қоғам латын әліпбиіне көшу қажеттілігін түсінді. Ендігі мәселе – сауатты, барлық тіл заңдылығын сақтай алатын әліпбиді таңдап алу. Елбасына ұсынылған 32 әріптен тұратын жаңа латын әліпбиінің бір ерекшелігі – диграфтың болмауы. Бұл – құптарлық жағдай. Осы әліпби нұсқасы көпшіліктің көңілінен шыққаны да белгілі.
Қазіргі уақытта жаңа әліпбиге қатысты жүріп жатқан шаралар барысында пікірталас, «дөңгелек үстел», кездесу, тіпті конференциялардағы халықтың әріптерге қатысты ой-пікірлерін мұқият тыңдап, таразыдан өткізіп, ел болып бір шешімді қабылдауымыз қажет деп ойлаймын. Осы жерде бізге тіл ғалымдары мен мамандарының дәлеледенген ұсыныс-пікірлері ауадай қажет екендігін айтқым келеді. Себебі, бізге дейін өзге де елдер латын әліпбиін қабылдаған кезде көптеген қайшылықтар мен қателіктерге бой алдырған. Сондықтан, біріншіден, латын әліпбиін бізден бұрын қабылдаған Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты елдердің латын қарпін қабылдаудағы тәжірибесін жан-жақты зерделеп, танысып, сол қателіктерге біз бой алдырмауымыз қажет деп ойлаймын.
Әзербайжан латын әліпбиіне көшу кезінде «көш жүре түзеледі» деген қағиданы ұстанды. Ал, кейбір әріптерге байланысты олардың қолданудағы қолайсыздығы мен сәтсіздігі дәлелденсе, арнайы қаулы арқылы түзеп алған. Екіншіден, әрине, мемлекеттік тіліміз өте бай, әдемі, өзіне ғана тән төл дыбыстары мен үндестік заңы бар әлемдегі ең бай тілдердің қатарына жатады. Осы латын әліпбиін таңдаған көптеген Еуропа елдері, мысалы, Польша, Германия, Норвегия өздеріне тән ерекше дыбыстарын латын әліпбиінде толық таппаған. Сондықтан, өзіміздің төл дыбыстарымыздың жазылуын тағы да қарауды ұсынар едім. Үшіншіден, терминология мәселесі. Ғылым, техника қарқынды даму кезеңінде қайбір терминдер аудару кезінде өз баламасын таппауы мүмкін. Сол себепті технологиялық, ақпараттық жаһандану заманындағы жаңа технологиялық терминдер аудармасыз сол күйінде қалуын құптаймын. Мысалы, өзіміз қолданып жүрген компьютер, газ, химиялық элемент атаулары, т.б. біздің тілімізге сіңіп кеткені соншалықты, баршаға бірдей түсінікті. Ол барлық тілде солай қолданылады. Ол – әлемдік термин сөздер. Кезінде түрік халқы терминдерді өз тілдеріне икемдеп, аудару кезінде үлкен кемшіліктерге ұрынған. Ал, біз жаңа терминдерді сол күйінде пайдалану арқылы қазақ тілінің сөздік қорын дамытуға көп көңіл бөлсек және осы жаңа әліпбиді қабылдау біздің мемлекеттік тілімізді дамытуға жасалған бағыт деп қабылдасақ деймін.
Сондықтан, ел болып, халықпен бірге ақылдаса отырып, үлкен шаруаны аса жоғары жауапкершілікпен, асқан байыптылықпен іске асыруға шақырамын. Бұл – сіз бен біздің бірлесіп атқарар ісіміз. Егер біз осы идеяны жүзеге асыратын болсақ, ұлттық құндылықтарымыз сақталған, білімді, заманауи қоғамға келеміз.