Кеше облыстық қоғамдық кеңесі отырысында зираттардың күтімі, жай-күйі кеңінен талқыланды

ЕАС 003 Жаңалықтар

Облыста күні бүгінге дейін шешімін таппаған мәселе – зиратқа бөлінген жерлердің заңдастырылмағаны, оларды ретсіз пайдалану қорымдардағы антисанитариялық жағдайлардың туындауына, ұрлық, тонау әрекеттерінің орын алуына әкеп соқтыруда. Атырау қаласы маңындағы Мұқаш, Орбита, Теңдік, Жөнеген, Еркінқала, Алғабас, Дамбы және тағы басқа қорымдар арнайы қорғандармен қоршалмаған. Олардың тек үшеуіне – Мұқаш, Орбита, Жөнегенге ғана жол торабы тартылыпты.

ЕАС 003

Атырау қаласындағы Теңдік қорымының бір шеті – Атырау-Индер тасжолына, екінші шеті Жұлдыз ықшамауданымен шектесуге таяп қалды. Ал, Орбита  қауымының батыс беті телестансаның қондырғысына тақады. Сондықтан, жергілікті округ әкімдері жерлеу аумағының тасжолдарға тақалмауын  және зиратты айналдыра салынған асфальт жолдың келесі бетіне шықпауын қадағалап, қорымды қоршау шараларын қолға алуы керек, – деді облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешев.

Қорым аумағында жер қатынастары талаптары сақталмайды. Жылыой, Исатай, Индер аудандарында бейіттерді орталық қорымнан даралау, дөңес пен қыраттар басына, автожолдардан оқшаулау үрдісі  жалғасуда. Атырау-Астрахан, Атырау-Орал, Атырау-Доссор-Құлсары автожолдары бойы көлік апатынан опат болғандарға қойылған үлкенді-кішілі белгілерге толы. Ал, олардың кейбірі жолдардың жиегіне орналасқандықтан, жөндеу, кеңейту жұмыстарын жүргізуге кері әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес.

– Қаланың, аудан орталықтары мен ауыл-селолардың бас жоспарларын жасақтау кезінде зираттарды жобалау ескерілмейді. Сыйымдылығы  біткен зираттарды уақытылы жауып, жаңа аумақтарға көшіру мәселесін қолға алу керек. Атырау, Құлсары қалаларында зираттар маңы мейрамханалар мен автокөлік жөндеу, жанар-жағар май стансаларына,  басқа да инфрақұрылымдар легіне толып, қорымға баратын жолдар тұмшалауда, – деп қоғамдық кеңес төрағасы нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, облыс орталығы мен оған қарасты елді мекендерде жалпы аумағы 347 гектарды құрайтын 27 зират бар. Олардың құжаттарын заңдастыру мақсатындағы жұмыстар басталған. Ол үшін жергілікті бюджеттен жеті миллион жарым теңге қаражат бөлініп, барлық зираттардың заңды құжаттары рәсімделген.

– Алайда, проблемалар жетерлік. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі негізгі баланс ұстаушы мекеме болып белгіленгенімен, ұйымдастыру, жерлеу, белгіленген жерді норматив бойынша пайдалану жұмыстары әлі де мардымсыз. Сондықтан, барлық зираттарды сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Атырау қаласының әкімі.

Қоғамдық кеңесте көтерілген тағы бір басты мәселе – зираттар шекарасының сақталмауы, қоршаулардың ұрлануы. Осыған орай, қала бюджетінен 26 зираттың жобалық-сметалық құжаттамасын жасау үшін 52 миллион теңге қаражат бөлінген.

– Бұрын салынған темір қоршаулар ұрлануда және қайтыс болған  адамды жерлеуге келгендер негізгі қақпадан кірмей, қалаған жерден қоршауды бұза салады. Сондықтан, қоршауларды бетоннан жасауды тиімді деп отырмыз. Оның ұзындығы – 4, ал, ені – 2,5 метр. Атырауда бетон шығаратын зауыттардан жергілікті өнімді алуға толық мүмкіндік бар.

Жерлеу рәсімімен бірнеше мекеме айналысады. Олар өз қызметтеріне жерді заңсыз сатуды да кірістіріп отыр. Осы мәселені тиянақтау үшін арнайы топ жұмыс істеуде. Сенімгерлікпен басқаруға алғандардың зиратты күтіп ұстау, тазалығын, жерлеуге жер бөлгенде бірізділікті сақтау қызметіне қаржы бөлуді қарастыру керек. Әйтпесе, бұл жұмысқа ешкім бармайтыны анық, – деп қала әкімі Серік Жамбылұлы  бірқатар проблеманы көтерді.

Тұрғындардың бейіт көтергеннен кейін құрылыс қалдықтарын тастап кету жайттары да орын алуда. Бұл бейіттің құрылысынан қалған қалдықтарды кері алып кетуге болмайды деген түсініктің қалыптасуынан болып отыр. Сондай-ақ, ғимараттардың құрылыс қалдықтарын зираттардың маңына төге салу фактілері анықталуда. Қала әкімі бұл жағдайға орай «Арнаулы автобаза» мекемесімен келісіп, қоқыстарды полигонға төгіп, заң бұзғандарды жауапкершілікке тартып жатқанымен, еш нәтиже жоқ.

– Қазір қала маңы қоқыс алаңына айналды десек, артық айтқандық емес. Құрылыс, автокөліктер қалдықтарын, мал терілерін кез келген жерге төге береді. Бұл мәселені барынша шешіп жатырмыз. Алайда, қазір «көлеңкемен күресіп» жатқандай күйдеміз. Бұл – өзіміздің қаламыз. Оның таза болғаны тұрғындар үшін пайдалы, – деген  қала әкімі халықты тазалықты сақтауға шақырды.

Айта кетсек, осыдан екі жыл бұрын Ноғай зиратын Сырым Көлшиев есімді азамат сенімгерлік басқаруға алған болатын. Зиратты күтіп ұстау, тазалықты сақтау жөніндегі талаптар негізінен орындалуда. Алайда, ол марқұмдардың басын қарайтуда  мәселелер бар екенін жасырмады.

– Бұл – өте нәзік мәселе. Осы мәселенің күн тәртібіне енуіне келіспейтіндер де болар. Бірақ, біз болашақтың жайын бүгін ойлауымыз керек. Бұл мәселе шектен шығып барады. Зираттарды күтіп ұстауға қатысты арнайы санитарлық талаптар бар. Бұл – тек құзырлы органдарға ғана емес, барлық тұрғынға қойылған талаптар.

Тұрғындардың санасында жаңсақ пікір қалыптаспауы керек. Біз мәйіттерді бұзу туралы айтып отырғанымыз жоқ. Енді осы мәселені қалай реттейміз? Бейіттерді сақтау, зираттарды таза ұстау – қайтыс болған адамдарға деген құрметіміз. Сондықтан, моральдық, заң тұрғысынан, заман талабымен  осы мәселелерді жүйелендіру қажет,  – деп облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ысырапшылдыққа, бейіт көтеруде бәсекелестікке жол бермеу  қажеттігін  атап айтты.

Сіз не дейсіз?

Батыржан Мансұров,

«Иманғали» мешітінің бас имамы:

Дінде жоқ жоралғылардан арылсақ…

– Жан бар жерде қазаның болатындығы – өмір шындығы. Зират маңына қоқыс тастау шариғатқа қарсы. Ал, «құрылыс қалдықтарын алып кетуге болмайды» деген пікір – қате түсінік.

Қорымдарды таза ұстау мақсатында мешіт жамағатымен бірге сенбіліктер ұйымдастырып келеміз. Соңғы кезде қайтыс болған адамның басы құбылаға қарап қойылмаған жайт жиі кездесуде. Сондай-ақ, қыш, мәрмәр тастан жасалған құлпытастарға марқұмның бейнесін қашап қою, табыттың алдынан өлген адамның бейнесін алып жүруге немесе суреттерін жағасына қыстырып қоюға шариғатта рұқсат етілмейді.

 

Самат ТҰРНИЯЗОВ,

«Арнаулы автобаза» ЖШС директоры:

Қала көркі – басты назарда

– Қала басшысынан тапсырма болғандықтан, біз төгілген қоқыстарды кері жинап, полигонға апарамыз. Өткен аптаның өзінде елу «Камаз» қоқысты шығардық. Полигонда да жағдай жасалды. Сол жерде арнайы кассалық аппараты бар кассирлерді жұмысқа қабылдадық.  Нарықта үлкен көліктер 10 000-12 000 теңгеден жалданса, біз арнайы көлікпен және жұмысшыларын қосқанда  6600 теңгеге қызмет көрсетеміз.

 

Оразғали Қаршегенов,

«Атырау-Жарық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты:

Ноғай қорымын жабу керек

– Осыдан төрт-бес жыл бұрын Жұмыскер елді мекеніндегі бейітті өз қаражатыма қоршаған едім. Алайда, бүгінгі таңда оның есігі мен қоршаулары сынық күйде тұр. Салынған тұрғын үйлер тақалып қалған. Ал, құрылыс қалдықтарын сол бейіттің ішіне лақтырып тастаған.

Тағы бір айтар мәселе, Ноғай бейітіне жерлеуді тоқтату керек деп ойлаймын. Өйткені, қазылған жерден сүйек шыққан жағдайлар кездесіп жүр.

Айгүл Ертілеу

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз