«Латын әліпбиі бір әріп-бір дыбыс қағидасына негізделуі керек»
Айгүл ЕЛЕУОВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты: — Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси тұрғыда зор жетістіктерге жетті. Енді, ғылым мен білімге, рухани өмірге бетбұрыс басталды. Демек, қазақ қарпін латын әліпбиіне ауыстыру мәселесі – «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген қағиданың тәжірибедегі көрінісі.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» мақаласында «Қоғамдық сапа жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» дей келіп, қазақ тілінің әліпбиі тарихының тереңде екендігіне тоқталды. Яғни, сонау V-VІІ ғасырлардағы түркі жазуынан бастап, Х-ХХ ғасырлар аралығында 900 жыл бойы араб жазуы қолданылды. Ал, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиінің қолданылғаны тарихтан белгілі.
Қазіргі қазақ тілінің сөз байлығы төл сөздерімізбен бірге, туыс түркі тілдері сөздерінің, араб-парсы, моңғол, орыс және ағылшын тілдері арқылы енген сөздердің алты-жеті лексикалық қабаттардан тұратыны жаңалық емес. Демек, қазіргі интеграция және ғаламдану жағдайында мұндай сыртқы факторлардан кенде қалмайтыны заңдылық екені де рас. Әзірге, латын жазуы негізінде соңғы тұжырымға жақындаған нұсқаны осы талаптар тұрғысынан қарап көрелік.
Бүгінгі кирилица негізді қазақ әліппесінде 42 әріп бар. Олардың екеуі айырым белгілері (ь, ъ), бесеуі қос дыбысты белгілейтін (е – й+о, ц – т+с, щ – ш+ш, ю – й+у, я – й+а), төртеуі басқа тілден енген сөздерді таңбалауға арналған әріптер (в, ф, х, һ), ч дыбысының түркі тілдерінің тарихи төркініне жат дыбыс емес екендігі – лингвистикада дау туғызбайтын, дәлелденген тұжырым. Сонда, қазақ тілінің дыбыстық қорына тән төл сөздерді белгілейтіні–31 әріп. Ал, жоғарыда ескерткен, қазіргі қазақ тілінің сөз байлығын латын жазуымен дәл де нақты таңбалау үшін бес қос дыбысты белгілейтін әріптерді (е – й+о, ц – т+с, щ – ш+ш, ю – й+у, я – й+а) алып тастағанда, қалғаны латын негізді қазақ әліппесіне орнығуы қажет. Демек, қазақ тілінің әліппесі 37 таңбадан, яғни, 35 дыбыс белгілейтін әріптен, 2 айырым белгілерінен (ь, ъ) тұруы керек.
Елбасына ұсынылған әліпби жобасының кемшілігі 32 әріп таңбасынан болғандығында жатыр. Біріншіден, бұл нұсқада «и» мен қысқа «й» жеке-жеке таңбаланбаған (Каир, Украина дегенді Кайр, Украйна деп жазып және оқуға болмайды ғой).
Екіншіден, «ь» жіңішкелік белгісі мен «ъ» қатаңдық белгісін қалдырмаған абзал. Неге десеңіз, фольклор, съезд дегенді фолклор, сезд деп жазып, оқи алмаймыз. Үшіншіден, «х» және «һ» фонемаларының таңбаларын да екі әріппен таңбалау дұрыс. Өйткені, фонема дегеніміздің қазақшасы – мағыналы дыбыс. Демек, дыбыстар сөздердің мағынасын айыруға (шақар, шахар, шаһар; қан, хан – бұл сөздер емлеміздің дәстүрлік қағидасымен жазылады, өзіндік орфоэпиялық ерекшелігі тағы бар) тікелей әсері бар деген сөз. Оның үстіне, ол екі дыбыстың жасалу орнында да өзіндік ерекшелік бар. Сонымен қатар, қазіргі әліпбидегі дыбыс пен әріп санының сәйкессіздігі де бірқатар қиындық туындатып отырғаны белгілі. Егер әріп пен дыбыс саны сәйкес келетін графика ең жетік графика деп танылатынын ескерсек, бір әріп, бір дыбыс ұстанымын да басты назарда ұстау қажет.
Түйіндей келгенде, біздің мақсатымыз келешек ұрпаққа қалдырар жазу – білім-ғылымның негізі, ал, білім-ғылым прогрестің тұтқасы десек, ғаламдық өркениеттің көшінен қалмайтын байсалды да байыпты әліпби, жазу қалдыру.
Біздегі филология ғылымдары кандитаның өресі осыншалық қана болса енді не деуге болады? Мүмкін ол доктор болғанда кішкене түсіне бастайтын шығар тіл ғылымын.