Жаңа жобаның ерекшелігі

жобаны Жаңалықтар

«Заңдылық» – халыққа қолжетімді, әрі ыңғайлы

Заңдылық жүйесіне жаңа технология енгізіліп жатыр. Элек-тронды қызметтің нәтижесінде жұрт қазірдің өзінде сарылып күту азабынан құтылды. «Сот кабинеті» арқылы түсетін құжаттардың саны артуда. Енді, міне, «Заңдылық» атты жоба қолданысқа енгізілуде. Оның ерекшелігі неде? Бұл сауал Атырауда өткен алқалы жиынның алтын арқауына айналды. Оған Жоғарғы сот пен Бас прокуратураның өкілдері, жергілікті соттар, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

жана жобаны

Ақпараттық технология сот саласындағы қызметті айтарлықтай жеңілдетті. Жоғарғы сот өкілдерінің айтуынша, өткен жылы елімізде «Сот кабинеті» арқылы 756 435 электронды құжат келіп түскен. Биыл қолданысқа енгізілетін «Заңдылық» жүйесі де – қылмыстық үрдіске «ақылды технологияларды» енгізудің кезекті қадамы. Мұндағы басты мақсат– тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау. Жаңа инновациялық жобаның тағы бір ерекшелігі, ол бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыруға, қылмыстық үрдісті ашық етуге, судьялар мен прокурорларға – қылмыстық заңнама ережелерін қолданудың дәлдігін тексеруге мүмкіндік береді.

Алқалы жиында экономикалық қылмысқа қарсы күрес шаралары да талқыланды.

 

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ??

Марат АХМЕТЖАНОВ,

Бас прокурордың орынбасары:

Құқық бұзушылыққа жол берілмейді

– «Заңдылық» атты жобаның тиімді жағы көп. Ол заң бұзушылыққа жол бермеуге, адамдардың заңды құқығы қорғалуына себепші болады. Өйткені, бұл жүйе ашықтықты қамтамасыз етеді. Бас прокурор немесе Жоғарғы сот төрағасы оны кез келген уақытта қарап, жағдайды зерделеп отыруына мүмкіндігі бар. Жаңа жоба шағымданушы азаматтарға да ыңғайлы. Тұрғындар өзінің арыздарын электронды түрде бере алады. Оның қаралып жатқанын бақылауға мүмкіндігі бар.

Жыл басында жобаның таныстырылымы кезінде Бас прокурор кибердәуірде азаматтардың құқықтарын жаңа технологияларды кеңінен енгізе отырып қорғаудың уақыты жеткенін айтқан болатын. «Заңдылық» оның мүмкін екендігін көрсетті. Бұл артық жұмыстан арылуға, адам факторының жойылуына себепші болады. IT технология – озық әдіс пен тәжірибенің көрсеткіші,  дегенмен, ол мақсатқа жетудің құралы екенін де естен шығармаған жөн. Азаматтардың құқықтарын, қоғамның мүдделерін қорғау, еліміздің қауіпсіздігі мен дамуын қамтамасыз етуде жаңа жобаның озық тұсы көп боларына сеніміміз зор.

 

Абай РАХМЕТУЛЛИН,

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

Бюрократиялық кедергіні жояды

– Жоғарғы сотта барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Мұнда экономикалық құқық бұзушылық саласындағы қылмыстық істер бойынша сот-тергеу тәжірибесіне қатысты бірыңғай көзқарас қалыптасқаны айтылды. Сол себепті біз Атыраудағы жиында аталған ұсынымдар мен экономикалық істерді қарауда кезігуі мүмкін өзге де мәселелерді талқыладық. Бұл шаралар кемшіліктерге жол бермеу, бірыңғай сот-тергеу тәжірибесін қалыптастыру үшін жасалып отыр.

Жаңа технологияларды енгізу, қолдану соттың халыққа қолжетімді болуына мүмкіндік береді. Бюрократиялық кедергілерді жойып, лауазымды тұлғалардың азаматтармен байланысын азайтады. Жемқорлық құбылыстарының алдын алады. «Заңдылық» жобасы адамдардың қаржысы мен уақытын үнемдейді. Осылайша, сот пен өзге құқық қорғау органдарының қызметін жоғары деңгейде ұйымдастыруға жол ашады.

 

Өмірзақ ҚОЖАБАЕВ,

Жоғарғы сот судьясы:

Экономикалық қылмыс – белең алған індет

– «Заңдылық» жүйесін іске асыру қылмыстық сот төрелігінің сапасын арттыруға, тиімсіз құжат айналымы мен қылмыстық істерді тергеу мен сотта қарау барысында заң бұзушылықты болдырмауға бағытталған.  Оның мақсаты – сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі мен сот органдарының «Төрелік» ақпараттық-талдамалық жүйесін интеграциялау есебінен қылмыстық үрдістің сапасын арттыру.

Атыраудағы алқалы жиында, сонымен қатар, экономикалық қылмыстардың өсуі де әңгіменің өзегіне айналды. Бұл тек біздің елде ғана емес, әлемде белең алған індет. Бұл қылмыстық топтарды, лаңкестерді қаржыландыруға мүмкіндік беретінін де жоққа шығару қиын. Сондықтан, бұл жағдай баса назар аударуды қажет етеді. Осы себептен де Жоғарғы сот өткен жылдың шілде айында саладағы қылмыстық істер бойынша нормативтік қаулыларға жаңа өзгерістер енгізген болатын.

 Азамат Базарбаев

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз