Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Латын – әлемнің әліпбиі

Латын – әлемнің әліпбиі. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында латын қарпіне көшу және әліпбидің бірыңғай стандарты туралы келелі әңгіме қозғалды. Ел ішінде қызу талқыға түсіп жатқан мәселеге байланысты аталған кеңес мүшелері ой-пікірлерін ортаға салды.

photo_40962

Әсия ҚЫСТАУБАЕВА, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы: «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы жүргізген социологиялық сауалнамаға сүйенсек, қазақстандықтардың 92%-ы қазақ әліпбиін латын жазуына көшіру туралы хабардар.

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – заман талабы. Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілінің халықаралық мәртебесін көтеру – әлемдік өркениетке жетуіміздің айқын жолы. Бүгінгі таңда халықаралық деңгейдегі тілдердің бірі – ағылшын тілінде де латын әліпбиі қолданылады. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру арқылы біз жаңа технологиялар, инновацияларды тез игеруге жол ашамыз. Ғаламтор мен халықаралық жеделхат әрпі де латын тілінде.

Маржан ҒАЛЫМЖАНОВА, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» филиалының Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры: Латын қарпіне көшу емес, оралу деп қарастырған жөн болар. Бұл ата бабаларымыздың, Ахмет Байтұрсыновтың салып кеткен сара жолы деп білемін. Біз ендігі кезекте осы мақсатқа жету үшін не істеу керектігін ойлануымыз қажет. Себебі, латын әліпбиіне көшеміз деп айта салу оңай, ал, оны жүзеге асыру үшін үлкен шараларды қолға алуымыз керек және оңы мен солын саралап алуымыз қажет.

Латын әліпбиіне балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән – каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу, сондай-ақ, жаңа әліпбиді сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайындау мәселелері қолға алынып, яғни, кәсіби, сапалы білім беретін мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет.

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Атырау облыстық филиалының төрағасы: Латын әліпбиі қазақ үшін таңсық емес. Латынға халқымыз ағылшын мен француздың тілін білместен бұрын-ақ көшіп кеткен. 1926-1941 жылдары қолданыста болғандықтан, бұл жолы да еш қиындықсыз меңгеріп кететін боламыз. Десек те, латын әліпбиі қазақтарға ғана емес, бүкіл қазақстандықтарға арналған әліпби болуы керек. Себебі, орыс тілінде оқитын қазақ балаларына қиынға соғады. Немесе ата-аналары кириллицамен оқытатындықтан, өздеріне ауыртпалық түсіргісі келмей, балаларын орыс сыныптарына қарай бағыттай бастайды. Сондықтан, әліпбиді барлық қазақстандықтар меңгерсе, оларға ортақ міндет болса деп ойлаймын.

Мәлике МӘЛІК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button