Жарнама
БілімЖаңалықтар

Ұлағатты ұстаздар мерейі

Облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен өңірдегі барлық білім беру ұйымдары директорларының арасында жаңа жылдық  кеш өтті. «Қыстың көзі қырау» болғанына қарамай шалғай аудан мен ауылдан ат арытып келген педагогтар жаңа-жылдық көңіл күйде бір-біріне ізгі тілектерін жолдап, қуанышқа бөленді.

Абзал мамандық иелерін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-975

— Өткен жыл несімен есте қалды десек, басты құндылығымыз – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын ел көлемінде атап өттік. Егемендіктің оңай орнамағанын әуелі өздеріңіз түсініп, кейін өскелең ұрпаққа ұғындыруда аянбай тер төгіп келесіздер. Жеткен жетістігімізді еселеу үшін әлі де көптеп қызмет етуіміз керек. Расында да, тәуелсіздіктің мәні зор. Қаншама боздақтар бейбітшілік үшін жан пида етті?! 550 жылдан астам тарихы бар мемлекетте өмір сүретін әрбіріміздің алдымызда сол ата-баба жолын жалғау міндеті тұр. Сондықтан, алдымен өзіміз ұл-қыздарымызға лайықты тәрбие бергеніміз ләзім. Өйткені, жаһандану үдерісі жүріп тұрған заманда ұлттың жойылмауы үшін, қарсы тұратын бір күш бұл – ішкі дүниесі бай, рухы биік, ойы азат азаматтар болмақ. Олардың қалыптасуына біздің елімізде барлық жағдай бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев оқу процесін, ұрпақтың толыққанды білім алуын жеке бақылауында ұстап отыр. Соның нәтижесін бүгінгі күні жаңадан бой көтеріп жатқан білім беру нысандарынан көріп жүрміз. Әрбір білім беру ұйымы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Аталмыш саланы жетілдіруде мол қаражат бөлінуде. Оқу мен тәрбиеде ешқашан тоқтауға, шектеуге болмайды.

Мен де бір ұстаздың шәкіртімін. Алғашқы ұстазым, сынып жетекшілерім, пән мұғалімдерім бәрі есте. Оларға алғысым шексіз. Қалыптасып, осындай жетістіктерге жетуіме ықпал еткен менің тұңғыш ұстазым – Мәрия Жұбанова апайды және басқаларын атар едім, — деген өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы саланың бір топ ұстаздарына марапаттар табыстады.

Атап айтқанда, «Еңбек ардагері» медалімен Атырау қаласындағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын гимназияның директоры София Әлібаева мен №31 мектеп-гимназиясының директоры Мәрия Машралиева марапатталды.

«ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің оқытушысы Нәсіпқали Төлегеновке, Қызылқоға ауданы Б.Аманшин атындағы орта мектептің директоры Гүлшара Сарыға және Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Клара Сагеноваға берілді.

«Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен Махамбет және Құрманғазы аудандық білім бөлімінің басшылары  Самат Жайлашев пен Марат Ғилаев, Атырау қаласындағы №3 орта мектептің директоры Ерік Оралбеков,  Маржан Андалова мен Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің оқытушысы Анар Әбдірахманова, «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің оқытушысы Толқын Ғаббасова марапатталды. Сондай-ақ, бір топ педагог ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасына және Алғыс хатына лайық деп танылды. Өзіндік тәжірибесімен көзге түскен, дара жолын қалыптастырған бірқатар мұғалімге Атырау облысы әкімінің, облыстық мәслихаттың Алғыс хаты табысталды.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-1014

Ең үздік мектепке дейінгі ұйым» аталымы бойынша Атырау қаласындағы №6 «Гүлдер» балабақшасы лайық деп танылды.

Салтанатты рәсімнің құрметті қонақтары ретінде салаға әр жылдары басшылық жасаған ардагерлер де шақырылыпты. Олардың қатарында 1976-1985 жылдары облыстық білім беру басқармасын басқарған Сара Мұсағалиева, 1985-1999 жылдары тәуелсіздіктің сындарлы кезеңінде білім беру саласын жандандырып, көптеген игі істердің ұйытқысы болған Жайлы Өмірбекова, одан кейінгі жылдарда Светлана Испусинова, Қилымғали Қайненов, Серік Сапанов, Киікбай Жаулин, Сатқан Есенғалиев, Берік Сәрсенғалиев бар. Шара барысында олардың есімдері аталып, құрмет көрсетілді.

Мерекелік кеште ұстаздар да өнерлерін  көрсетті. Бірі ән салса, келесісі дөңгеленіп би биледі. Әсіресе, ауданнан, қаладан келген директорлардың билеген «Құшақ биі» өте әсерлі шықты. Жаңа Тауық жылына байланыстырылған бүлдіршіндердің көңілді биі де мерекенің маңызын арттыра түскендей.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button