Ұлағатқа толы жол
Оның балалық шағын да сұрапыл соғыс ұрлады. Отан қорғау үшін майданға кеткен әкесінің орнына колхоздың бір отар қойын анасы мен ағасы және үлкен апасы бақты. Соғыс басталғанда шаруашылықтың сегіз жүз бас қойын алдарына салып беріп, Дүйсешевтерді Тайсойған құмына көшірді. Мектеп табалдырығын аттаған Аман да бұғанасы бекімей жатып-ақ өзгелер сияқты тылдағы еңбекке араласты. Жазда қозы бақты. Малға пішен дайындайтын тракторшының қасында тырмамен шөп жинасты. Орта бойлы, қой көзді, жұқалтаң сары баланы тыл еңбегі осылай сынап, шыңдады.
Жаумен шайқасуға кеткен әкесі жараланып, елге оралды, Гурьев–Астрахан теміржолы құрылысын салуға қатысты. Жеңіс жылының қысында соғыстан алған жарақаты әке өмірін ерте үзді. Ағасы Сәрсенбай фермада есепші-санақшы болып жұмыс жасап жүріп, көппен бірге әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге кетті.
…Жетіжылдықты жақсы аяқтаған Аманның бар арманы орта мектепті бітіру еді. Ал, ауылда орта білім беретін мектеп жоқ. Бірақ, әрі қарай оқу керек. Жазғы каникул уақыты болса аяқталып қалды. Бір күні ауылға бір машина келе қалмасы бар ма? Іздегенге сұраған демекші, келген ескі полуторкадан түскен біреу: «Сарайшықтағы мектеп-интернатта жатып, сегіз оқитын балаларды жинап жүрміз. Баратындар болса, қазір мына машинамен алып кетеміз. Тезірек жиналсын» деп жар салып жүр. Әлгі адамның дауысы Аманды елең еткізді. Не істеу керек? Сөмкеге киім-кешегін салып, апасы пісірген таба нанның бір үзімін жүре жеп, тез жинақтала бастады.
— Мен орта білім алуым керек. Ауылға келген ана бір машина оқығысы келетін баланы жинап жүрген көрінеді. Жаманқала жағында интернатқа жатып оқуға болады екен. Мені сонда жіберіңіз, — деген ол үйден шыға салысымен әлгі машина жаққа қарай жүгіре жөнелді.
— Аман, қайда барасың? Қайт кейін. Үстіңде жөнді киімің де жоқ. Жеті бітіргендер де ел қатарлы өмір сүріп жатқан жоқ па? Қайт деймін саған. Әскерде жүрген Сәрсенбайға не айтамын.
…Математика, физика пәндерінен құжаттағы бестік бағаларды көрген Сарайшықтағы мектеп-интернат директоры Дүйсенғали ағай да Аманға сеніңкіремей тұрды.
«Жетіні жақсы аяқтапсың ғой. Есепке жүйрік екеніңді бірер ай сынап көреміз, білім деңгейің алғашқы тоқсанда белгілі болады, бала. Интернатта жатып оқитын боласың. Тәртіп бұзсаң, не сабақты нашар оқысаң бірден кетесің». Бұл – директордың қатаң талабы.
Оқу жылы да басталып, мұғалімнің айтқандарын құлағына құйып алып, барлық пәндерді ынтамен оқыған Аман мұнда да сыныптастарының алды болып шыға келді. Күнде кешкілік математика үйірмесіне қатысып, апайының берген күрделі есептерін шығарып үйренді. Ал, сыныптағылардың көбі бақылау жұмысында Аманның шешкен теңдеулері мен есептерін көшіріп алуды әдетке айналдырды. Педагогикалық кеңес алдында өз білімін дәлелдеген математик сары балаға ұстаздары да риза, қатал директор да райынан қайтқан. Тіпті «мәләдесін» айтып, арқасынан қағып қояды…
Әскерде болған Сәрсенбай 1951 жылы Тайсойған өңірінде колхоздың малын бағып отырған анасын Гурьевке көшіріп алды. Аман кейінгі тоғыз бен оныншы сыныпты Орджоникидзе атындағы орта мектепте оқыды. Ендігі арманы – жоғары білім алып, мектепте мұғалім болу. Онжылдықты 1954 жылы бітірген Аман Дүйсешев өзімен бірге оқыған Құмар Кенжеғалиев, Жақсыбай Досқалиев, Тұрсынбай Бақтияров, Бақыт Боранбаев, Рахымжан Хамметов, Мұрат Сәрсенов сынды достарымен бірге пойызға отырып, Алматыға тартты.
Сол жылы бірге барғандардың көбі жоғары оқу орындарына түсті. Аман Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының студенті атанды. Төрт жылдан соң «физика-математика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша дипломын алып шыққан ол еңбек жолын Балықшыдағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектепте шәкірттерге дәріс беруден бастады. Кейін ол ұстаздық қызметін Еркінқалада, Гурьев теңізшілер техникумында жалғастырды. Аман ағамыздың өзінің кәсіби ісіне деген сүйіспеншілігі, сабақ жүргізудегі, оқушылардың қызығушылығын арттырудағы ешкімге ұқсамайтын әдіс-тәсілдері әріптестері алдында үлкен абыройға бөледі. Математика, физика пәндерінен дәріс беретін мұғалімдердің тапшылығынан ба, әлде сабақ берудегі тәсілдері, шәкірттерінің жетістіктері себеп болды ма, әйтеуір Аман Дүйсешевке қаланың өзге білім ошақтары мен оқу орындарынан да сұраныс жоғары болды.
Алпысыншы жылдардың басында оған орыс мектептеріне сабақ беруге қолқа салушылар көбейді. Аман ағаның қарсылығына қарамастан, Ломоносов атындағы орта мектептің директоры оны өзі басқаратын мектепке физика мен математика пәндерінен сабақ беруге көндірді. Мектепті де, институтты да қазақша оқып бітірген ұстаз үшін бұл алғашқыда оңай болмады. Бірақ, өз мамандығын жақсы меңгерген Әбекең әріптестер мен шәкірттерінің сенімін ақтады. Оларда математиканы оқуға ынталылық артты, үйірмеге қатысушылар қатары көбейді. Ал, Мохначева, Цой, Ульянов сынды шәкірттері пәндік олимпиаданың жеңімпаз атанды. Ұстаз жазғы каникул кезінде облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында әріптестері алдында лекция оқуға шақыртылды.
— Математика – ғылымдар патшасы. Сондықтан да мен өз шәкірттеріммен бай адаммын. Олар еліміздің, Ресей мен Украинаның көптеген қалаларында жоғары лауазымдарда қызмет жасайды. Осыдан бес жыл бұрын Мәскеу, Санкт-Петербор, Самара, Ульяновск, Нижний Новгородта тұратын бұрынғы оқушыларым жиналып келді. Мені 75 жылдық мерейлі жасыммен құттықтап, бір марқайтып тастаған еді. Қазір олардың көбі үлкен өндіріс орындарын басқарады. 1959 жылы сынып жетекшісі ретінде мектеп бітірген алғашқы түлектерім мен үшін ең қымбаттырақ. Олардың қатарында Оңтүстік Қазақстанда «ақ алтын» мақта өсіруші, агроном Төлеу Сарина, инженерлер Теміржан Сандашев, Қырықбай Шалқаров, Республика көлік министрлігінің үздік көлік жүргізушісі Күзембай Хайрошев, ішкі істер органының ардагері Сапар Зиналин және басқа да елге танымал азаматтар бар, — дейді Әбекең бізбен әңгімесінде.
Аман ағаның шәкірт тәрбиелеудегі ұзақ жылғы ұстаздық қызметі де ескерусіз қалған жоқ. Оның өңірінде жарқыраған «Айбынды еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, 1978 жылы берілген «Қазақстанның Халық ағарту ісінің үздігі», 1982 жылы алған «Аға мұғалім» атақтары мен облыстық деңгейде берілген мақтау-марапаттары бұған дәлел болатындай.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне келген ардагер аға ұлағатты отбасының тірегі. Жан жары Айман Жексенбекқызы Абай елінің тумасы, Алматының жеңіл өнеркәсіп институтын бітірген, инженер-технолог, екеуінің отау құрғандарына да жарты ғасырдан асты. Саналы да ұлағатты ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі. Ұлы Марат пен қызы Гүлнәр да, келіні Бақыт та – әке жолын таңдаған ұстаз-математиктер. Мараты – «Қоғам» оқу орталығында, келіншегі Ломоносов атындағы орта мектепте аға мұғалім. Гүлнәр Аманқыз болса «Знание плюс» жекеменшік оқыту орталығын басқарады. Немерелері мектепте үздік оқиды.
Бақытжан Жұмат