ГҮЛДӘУРЕН – ХХI ғасыр көшбасшысы

Таудай талабы бар, ізденімпаз оқушылардың бірі – Исатай атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Гүлдәурен Нұрланқызы Халел.

Бастауыш сыныптан-ақ зеректігімен көзге түскен Гүлдәуреннің қазіргі уақытта бағындырған белестері аз емес. Мектеп, аудан, облыс көлемінде қабілетін сынап жүрген талапты жас – республикалық сайыстардың да жеңімпазы. Аудандық «Атырауым – атамекенім» ұландар шығармашылық фестивалінің I дәрежелі, республикалық «Русский медвежонок» интеллектуалдық сайысының I орын, аудандық пәндік олимпиада математика пәні бойынша III орын жеңімпазы атанған ол өткен жылдың маусым айында Алматы қаласында өткен оқушылардың зияткерлік сайысы – «ХХІ ғасыр көшбасшысына» қатысып келген болатын. Өз білімін талап деңгейінде көрсете білген Гүлдәурен аталмыш сайыстың екінші маусымына жолдама алды. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған дарынды, білімді оқушылар қатысқан сайыстың екінші маусымынан да озық білімімен апталық ойынның бас жүлдесін, яғни, I орынды иеленді.
Ата-анасы мен ұстаздарының тарапынан жасалынатын қолдау балаға рухани демеу берері сөзсіз. Осы орайда ата-анасының ыстық ықыласы мен ұстаздарының ізгі ілтипаты Гүлдәуреннің жетістікке жетуіне бірден-бір себепші болғандай. Республикаға облыстың, шалғайдағы ауданның атын шығарған Гүлдәурен Нұрланқызы алдағы уақытта да үздік білімімен биік белестерді бағындыратынына сенімдіміз.

Асылай ҚАЙЫРЖАНОВА,
Исатай атындағы
орта мектептің
8 «а» сынып оқушысы,
Исатай ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз